Елорда тынысы

«Шекарасыз баскетбол» лагеріне барады

«Астана» БК ойыншысы Илья Пестов Ұлттық баскетбол ассоциациясы (NBA) мен Халықаралық баскетбол федерациясының ұйымдастыруымен Азияда өтетін «Шекарасыз баскетбол» 14-лагеріне барады, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz

2024 жылғы «Шекарасыз баскетбол» Азия лагері Аустралияның Перт қаласында 19-24 қыркүйек аралығында өтіп, Азия, Океания және Тынық мұхиты аймақтарының ең талантты баскетболшыларының басын қосады.

Азиядағы «Шекарасыз баскетбол» — бүкіл аймақтағы үздік жас баскетболшыларды біріктіретін беделді бағдарлама. «Шекарасыз баскетбол Азия 2024» лагері әр ойыншының алдында бірегей мүмкіндіктер есігін ашады. Бұл — алаңда өз қабілеттеріңді танытуға, NBA және FIBA жетекші мамандарының қол астында жаттығуға, сондай-ақ Азия құрлығының талантты баскетболшыларымен танысуға берілген мүмкіндік.

NBA мен FIBA лагерь қатысушысының барлық шығынын, атап айтқанда, ұшақ, қонақ үй, трансфер, тамақтану, сақтандыру және іс-сапар шығындарын толық қамтиды. Барлық қатысушылар Перт қаласына сәрсенбі, 18 қыркүйектен кешікпей баруы керек. Ойыншыларды әуежайда BWB қызметкерлері күтіп алады, ал лагерь кезінде олардың жанында ресми өкілдер мен күзет болады. 19-22 қыркүйек күндері NBA және FIBA ойыншылары мен бапкерлері қатысушылардың қабілеттерін шыңдап, баскетболдағы тактикалық және өзге де білімдерімен бөліседі. NIKE — лагерьдің ресми серіктесі және компания қатысушыларға баскетбол аяқ киімі мен арнайы форма береді.

Еске салайық, Илья Пестов 2018 жылдан бері «Астана» балалар баскетбол Академиясының тәрбиеленушісі, оның алғашқы бапкері — Антон Кирин.
— «Илья мен «Астана» БК бүкіл ұжымы үшін өте қуаныштымын. Еліміздің ең үздік жас ойыншылары арасынан Ильяның таңдалып алынуы — мәртебе әрі Академияның дұрыс бағыттағы жұмысының көрсеткіші. Баскетболшымызға лагерьде табыс пен өнімді еңбек тілеймін. Қазақстанда Ильядан өзге де талантты жастар көп екенін және жақын уақытта олар да өздерін көрсете бастайтыны туралы атап өткім келеді», — деді «Астана» БК бас директоры Самсон Аракелян.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button