5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні
5 қыркүйекте елімізде Қазақстан халқының тілдері күні атап өтіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Республика бойынша қазақ ағартушысы және ғалымы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне және осы мерекеге орайластырылған 300-ден астам ірі іс-шара өтеді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын қалыптастырды.
Тілдер күні – Қазақстан халқының жалпыға ортақ мерекесі. Айтулы мерекенің қазақ лингвистикасы мен әдебиеттануының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келуі ұлт ұстазына деген құрметтің белгісі.
Мереке қарсаңында республика бойынша мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және оның қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған мерекелік іс-шаралар, атап айтқанда, фестивальдер, форумдар, мүшайралар, концерттер, танымдық кездесулер, тілдерді білуге арналған байқаулар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар және т.б. ұйымдастырылады.
Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері тарапынан Тілдер күнін мерекелеу аясында тақырыптық апталықтар, онкүндіктер мен айлықтарды қамтитын өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілді.
Республиканың барлық мектепке дейінгі мекемелерінде, мектептерінде, кәсіптік техникалық білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарында ашық сабақтар, тәрбие сағаттары, тілдік конкурстар, поэзия кештері, кітап көрмелері және басқа да іс-шаралар өтеді.
Республикалық деңгейде тілдерді оқыту орталығының оқытушылары арасында өткізілетін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы конкурс (Семей қ.), «ASTANA GAME» – 2024» мемлекеттік тілдегі компьютерлік ойындарды әзірлеушілер арасында байқау (Астана қ.) «Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және оның қоғамдағы рөлін арттыру мәселесі» (Ақтөбе қ.) және «Қазақ тілі – ғылым, мәдениет және қарым-қатынас тілі» (Атырау қ.) атты семинарлар өткізіледі.
Барлық өңірлердегі мерекелік іс-шаралар Тілдер фестивалі аясында жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, тілдерді дамытуға және мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға сүбелі үлес қосқан ғалымдарды, қоғам қайраткерлерін, мемлекеттік қызметшілерді, тіл жанашырларын, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдерін марапаттаумен өз мәресіне жетеді.
Бұдан басқа, ұлттық компания (акционерлік қоғам) және холдинг қызметкерлерінің қатысуымен тілдер мерекесіне арналған іс-шаралар өткізілетін болады.
Республикалық деңгейде Тілдер күнін мерекелеу Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі өкілдерінің, ғылыми және педагогикалық қоғамдастықтың, тілдерді дамыту саласы мамандарының қатысуымен өткізілетін «Білімпаздар съезі» мерекелік іс-шарасымен аяқталады.
Жалпы, Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу шеңберінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар мен қоғамдық ұйымдар ұйымдастыратын 300-ден астам кең көлемді іс-шара өткізілетін болады.
Сурет: baq.kz