550 мыңға жуық адам скринингтік тексеруден өтті

Астанада 2024 жылдың соңына қарай скринингтік тексеруден 548 мыңнан астам адам өтті, бұл жылдық жоспардың 98,4 пайызын құрады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Тексеру барысында 20 мыңға жуық (3,4%) ауру анықталып, оның 88,2%-ы «Д» есебінде тұр.
«Әйелдерде сүт безі ауруларын ерте анықтау бойынша қамту 97,4 пайызды құрады. Бұл ретте патологияларды анықтау 24,6%-ға төмендеді. Диспансерлік есепте тұрғандардың деңгейі 8,5%-ға жақсарды. Жатыр мойны обырының скринингімен қамту 98,9% құрайды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2% жоғары. Жоспарланғандардың 98%-ы тоқ ішек обырына тексерілсе, ауруды анықтау 11,8%-ға азайды», – делінген ведомство хабарламасында.
Дегенмен, қант диабеті, глаукома және қан айналымы аурулары бойынша есепте тұрған науқастардың саны артқан.
Сондай-ақ Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, туберкулезбен ауыратындар 2,4%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 34,16-ны құрады (2023 жылы – 100 мың адамға шаққанда – 34,99). Туберкулезден болатын өлім 45,1 пайызға азайды.