ӘлеуметМәселеЭкономика

60 мың теңге: Енді тұрмыс түзеле ме?

Енді ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін өседі. Ал шынайы көрсеткішті алып қарайтын болсақ, онда 60 мың теңгенің өзі бір адамның өмір сүруіне жеткіліксіз. Оған инфляция деңгейі мен пәтер ақысы, жол және азық-түліктің қымбаттауын қоссақ, онда тіпті аз екенін түсінеміз. Нарықтағы бағаны тұрақтандыру механизмдері дұрыс жұмыс істемейтін Қазақстан үшін, ең төменгі жалақының 60 мың теңгеге көтерілуі нарықтың да ретсіз баға көтерілуіне әсер етуі мүмкін бе? Көбінің тапқаны тамақтан артылмайтын азаматтар қымбатшылық қысқан заманда қалай күн көреді? Бүгінгі күні ең төменгі жалақыны қаншаға дейін көтеру керек? Бюджет шама-шарқы қаншаға дейін көтеруге жетеді? 60 мың теңге халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізе қоя ма?.. Сұрақтардың жауабын депутат, экономист-сарапшылардан сұрап білдік.

[smartslider3 slider=787]

 

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

ҚР Парламент Сенатының депутаты:

Қайта қаралуы керек

– Қазақстанда өкінішке қарай, ең төменгі жалақы 42500 теңге болып келді. Елімізде бұл ең төменгі жалақымен өмір сүру мүмкін емес. Бұл 100 долларға да жетпейді. Биыл Президентіміз Қ.Тоқаев Жолдауында оны 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныс айтты. Қазір ол Сенатта талқыланып жатыр. Дәл қазіргі азық-түлік бағасы күн емес, сағат сайын қымбаттап жатқан кезде 60 мың теңгелік ең төменгі жалақы адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыра алады деп мен айта алмаймын. Мұны қазір елімізде миллиондаған адам алып отыр ғой. Бірақ мемлекеттің қазіргі мүмкіндігі де сол. Бүгінгі күні жақсы өмір сүру үшін сарапшылардың пікірінше, ең төменгі жалақы 90 мың теңгеден төмен болмауы керек. Менің ойымша, бұл қайта қаралуы керек. Себебі қазіргі күні азық-түлік пен күнделікті тұтынатын қажетті тауарлар бағасын ұстап тұру мүмкін емес. Себебі бір бізде емес, әлемде солай. Инфляция да өте жоғары. Барлығын ескере отырып, меніңше, бұл ең төменгі жалақы мөлшеріне Үкімет те, Парламент те қайта оралатын болады. 60 мың теңгелік ең төменгі жалақы кедей елдердің деңгейіндегі көрсеткіш деп есептеймін. Бізде өкінішке қарай, елімізде кедейлер саны артуда.

Жұмыспен қамту я мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмек адамдардың барлығын қанағаттандыра алмай келеді. Сондықтан кедейлену процесі бар, күшейіп келеді. Оны теріске шығара алмаймыз. Біз халықтың әл-ауқатын көтеру үшін қажетті тауарлармен қамтасыз ету, импортты азайтып, отандық тауар санын арттыру, шағын және орта бизнес иелерін қолдауымыз керек. Бізде өкінішке қарай, бағдарламалар бар, бірақ ол өз деңгейінде жұмыс істеп жатқан жоқ. Толып жатқан керек емес жобалар бар, осы кезеңде соларды қысқарту арқылы жалақыны көбейтуге болады.

Мақсат ХАЛЫҚ,

GSB UIB бизнесті талдау

орталығының директоры,

экономист:

 Деректер шындыққа жанаспайды

– Бірден айту керек, 42500 теңге мөлшеріндегі ең төменгі жалақы өте аз болды. Індет кезінде қиналған жұртқа 42500 теңгеден берген кезде экономистер болып есептеп, кемі 70 мың теңгенің маңайында болуы керек деп айтқанбыз. Неге олай? Ол уақытта АҚШ-тың өзі әр азаматына 1200 доллар көлемінде көмек берді. Оны есептеу өте оңай. Американың экономикасын айтсақ, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 60 мың доллар шамасында. Ал бізде 10 мың доллар шамасында. Сонда бізде еңбек өнімділігі 6 есе төмен. Америкадағы әрбір азамат бізге қарағанда өнімді жылына 6 есе жоғары өндіреді. 200 доллар, 80 мың теңгеден асып жығылады. Ресейде ең төменгі жалақы 60-70 мың теңге маңайында. Демек, бізде де бұл жоғары болуы керек. Бірден айту керек, 60 мың теңгеге келесі жылы емес, өткен жылы көтеру керек еді. Өткен жылғы және осы жылғы инфляцияны қоссақ, сонда бүгінде ең төменгі жалақы 70 мың теңгенің үстіндегі қаражат болуы керек.

Ең төменгі күнкөріс шегі деген ұғым бар, тұтынушылық себет негізінде есептеледі. Бізде бұл тізімге 43 тауар кіреді, ең соңғы рет 2006 жылы бекітілген. Арада 15 жыл өтсе де, әлі өзгерген жоқ. Тұтынушылық себеттің өзі Еуропада ең азы 300 тауардан басталып, 600 тауарға дейін енгізіледі. Ұлыбританияда шампанды да енгізген. Тұтынушылық себетке бізде 43 қана тауар түрі кіреді. Біздегі ең төменгі күнкөріс шегі – 34 мың теңге. Оның өзі күнкөріс шегіне ешқандай сәйкес келмейді. Сондықтан ең төменгі жалақыны көтеру керек. Орташа жалақы бүгінде 256 мың теңге. Бұл цифр шындыққа жанаспайды. Әлемде орташа медиандық жалақы деген бар. Ол кішкене болсын шындыққа келеді. Бізде азаматтарымыздың басым бөлігінде жалақысы – 100 мың теңгемен 200 мың теңге аралығында. Cоның арасынан орташасын шығарады. Бізде биыл медиандық жалақы 150 мың теңге деп тұр. Батыстық тәжірибемен қарасақ, осы медиандық орташа жалақының 50 пайызы ең төменгі жалақы болуы керек. Сонда дәл қазіргі күні еліміздегі ең төменгі жалақы 75 мың теңге болуы керек, ал келесі жылы осы жылғы инфляция қосылып, ол 80 мың теңгеге көтерілуі керек. Ресей Үкіметі өздері енгізіп жатыр, орташа медиандық жалақының 43 пайызын ең төменгі күнкөріс шегі ретінде бекітуді көздейді. Елімізде бүгінгі күні ең төменгі жалақы 75 мың теңге болса, ең төменгі күнкөріс шегі шамамен 64 мың теңгеге дейін келуі керек.

Арман БЕЙСЕМБАЕВ,

қаржы сарапшысы:

Жыртығын жамауды доғарды

Ең төменгі жалақы 60 мың теңге болса да, одан мән жоқ. Басты себептердің бірі, бұған дейінгі ең төменгі жалақы мөлшері мүлдем құлдырап, халықтың жыртығын жамауды доғарды. Сондықтан бұл ойластырылған шара деп есептеймін. Тек мемлекет онсыз да экономика зәру болып тұрған шешімді растады. Ең төменгі жалақы мөлшерін арттырдық. Инфляция үдеп тұр. Үкімет кей мамандық иелерінің жалақысын көтерді, бірақ онымен бірге азық-түлік, қажетті тауар бағалары шарықтап барады. Жаңа жылдан бастап, мұғалім, дәрігерлердің жалақысы артқанмен, олар оны сезінбейді. Ең төменгі жалақы адам аш қалмайтындай мөлшерде жасалады өзі. Ең төменгі жалақы шалқып өмір сүруіңізге көмектеспейді. Ал сапалы өмір сүру деңгейін алсақ, сол 60 мың теңгені 5-ке көбейтіңіз. Оған жететін күнннің ауылы өте алыс. Бізде шикізат бар, мұнай бар. Бірақ халықтың әл-ауқаты төмен. Экономикамыздың оны арттыруға дәл қазір шамасы жетпейді.

Бізге ұқсаған мұнай мен шикізатқа бай елдерді алып қарайық, Норвегияда 19 миллион, БАӘ-де 8 миллион, Австралияда 25 миллион, Канадада 9,9 миллион, Чилиде 5,3 миллион халық тұрады. Олардың халқы жақсы өмір сүреді.

Самат МҰСАБАЕВ,

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

Үкіметтен нақты әрекет күтеді

 – Бүгінгі таңда еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 35 мың теңгені құрайды деген ақпарат бар. Ал осы 35 мың теңгені бір айлық тіршілікке қалай жеткізуге болады? Қазіргі нарықтағы азық-түлік бағасына қарасақ, бұл тіпті адам сенбестей жағдай. Біздің білуімізше, көптеген өңірлерде қара жұмысшы мен қарапайым мамандардың жалақысы 60-90 мың теңге шамасында. Демек, орташа жалақы көлемі де осы маңайда деген сөз. Қымбатшылық мәселесі ел Президенті деңгейінде қозғалса да, проблема шешілген жоқ. Баға өскен үстіне өсіп барады. Ал аз жалақыны қанағат еткен халық сылдыр сөзден шаршады. Енді Үкімет тарапынан нақты әрекет керек.

Қазақ жерінің басым бөлігі – ауылшаруашылық жерлері. Осындай кең жер мен зор мүмкіндігіміз бола тұра азық-түліктің бағасын тұрақты, халық қиналмастай деңгейде ұстап тұра алмай  келеміз. Келесі, халық көп тұтынатын ет, сүт өнімдеріне субсидияны арттыру керек. Әсіресе, жылқы, сиыр, түйе шаруашылықтарына оң көзбен қарап, мал басын арттырып, еліміздің сұранысын қамтамасыз ете алатындай деңгейге жеткізу керек. Азық-түлік өндірісі саласы мәселесін неғұрлым тез және терең тексеру қажет. Елімізде өндірілген шикізат пен отандық өнімдерді экспорттауға асықпай, ең алдымен, өз халқымызды сапалы да арзан өніммен қамтамасыз етудің жолын қарастыруымыз керек. Отандық өндірушілер дайындаған әлеуметтік азық-түліктің халыққа қолжетімді бағамен сатылуы да Үкімет тарапынан қатаң қадағалануы тиіс.

Ғалымжан КЕРІМБЕК,

Халықаралық ақпараттандыру

академиясының академигі:

 Халық жағдайының төмендеуіне әкеледі

– Біздің еліміздегі күнкөріс деңгейі өте төмен. Қазіргі 60 мың теңгенің өзі, халықтың тыныс-тіршілігіне ешқандай өзгеріс әкелмейді. Қайта біздің елде әлеуметтік дағдарыстың күшеюіне және халықтың жағдайы­ның төмендеуіне әкеледі. Егеменді елміз, дамыған 30 елдің қатарынан көрінеміз дейді, ал біздің әлеуметтік әлеуетіміз оған сәйкес келмейді. Оның үстіне орасан зор байлығымыз, кең-байтақ жеріміз бар.

Сондықтан күнкөріс деңгейін көтеру қажет, орташа жалақы деңгейіне келтіру керек деген пікірге қосыламын. Ол мүмкіндікке біздің елдің әлеуеті жетеді. Күнкөріс деңгейін көтеруден ешбір қорықпау қажет, осы саясат арқылы біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтереміз. Саналы ұрпақ пен салауатты өмір салтын қалыптастыруға нақты қадамдардың бірі болып табылады. Экономиканың өзінде келесідей заңдылық бар, шығыс көбейген сайын кіріс те көбейеді, ал бірақ сол шығыстарды тиімді пайдаланып, кіріс әкелетін бағыттарға жұмсауымыз қажет.

 

 

 

 

 

 

 

Сапарбай ЖОБАЕВ,

экономист, Қазақ технология және

бизнес университетінің аға оқытушысы:

Көлеңкелі экономиканың күшеюіне әсер етеді 

– Неге 60 мың теңге? Неге 80-90 мың емес? Себебі бюджет мүмкіндігі осыған сай келеді. Егер ең төменгі жалақы мөлшерін екі есе көбейтсек, кәсіпорын иелері мен адамдарға салықты көп мөлшерде төлеуге тура келеді. Сондықтан 42500-ді 60 мың теңгеге өзгертіп отыр. Оны ең көп дегенде 80 мың теңгеге көтеру мүмкін жағдай, одан арғыға шама жетпейді. Себебі ол төменгі жалақы ғой. Сонда да оны көтеретін болсақ, кәсіпорындар көлеңкелі экономикаға өтіп кетеді. Сонша жалақы беруге шамасы жоқ, аз айлыққа жұмыс істетуі үшін бір-екі адамды ғана жұмысқа алып, қалғандарын есепке алмай істетеді. Бұл қазір де бар. Ал енді ең төменгі жалақыны көтерсек, сыбайлас жемқорлықтың жайлауына, көлеңкелі экономиканың күшеюіне әсер етеді. Егер індет болмағанда, 65-66 мың теңге көтеруге мүмкіндігіміз бар еді.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ,

экономика ғылымдарының

кандидаты,профессор:

Экономикаға серпіліс бермейді 

– Бізде инфляция ресми 7,5-8 пайыз делінеді, шын мәнінде 15-20 пайыздан да асып кетіп отыр. Сол үшін 60 мың теңгеге көтерді. Дәл қазіргі инфляцияның өсіп тұрған кезінде ең төменгі жалақыны көтеру халыққа едәуір көмек бола қоймайды. Бізде осы жалақыны 1 миллиондай ғана адам алып отыр. Біз ең төменгі жалақы мөлшерін арттыруымыз үшін бір адамның бір айға жететін қаржы көлемін екі есе көтеруіміз керек. Біз ең төменгі жалақыны көтерместен бұрын ең төменгі күнкөріс деңгейін көтере отырып, азық-түлік себетіндегі тауар санын арттыруымыз керек. Қазақстанның азық-түлік себеті Ресейдің себетінен екі есе жұпыны, ал Еуропа елдерінен үш-төрт есе төмен екенін байқаймыз. РФ-да тұтыну себетіндегі тауар мен қызмет түрінің жалпы саны – 156. Ал АҚШ-тың «себеті» 300 тауар мен қызмет түрінен құралса, Францияда – 250, Ұлыбританияда – 350, Германияда – 475. Мысалға, Германияда себетке кіретін тауарлар мен қызмет түрін тұрғындардың өздері тізіп, бес жыл сайын түзету енгізіп тұрады. Бес жыл сайын Федералды статистика қызметі 60 мың отбасына сұрау салып, себеттің құрамын қалыптастырады. Немістің тұтыну себетіне балабақша қызметінің құнынан бөлек, қарттар үйіндегі күтімге, емделуге деген қызмет түрлері қосылған.

Қайырбек  АРЫСТАНБЕКОВ,

Экономикалық саясат

институтының директоры:

Бастаманы қолдаймын

– Ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге көтергені өте дұрыс. Бұл бастаманы қолдаймын. Өйткені соған сәйкес ішкі жалпы өнім номиналды көрсеткішінің өсуін шапшаңдатады. Екіншіден, 60 мың теңгеге көтерілсе, әлеуметтік топтағы бюджеттен қаржыландырылатын қызметкерлердің табысы ұлғаяды. Нарықтағы баға ең төменгі жалақы көтерілмей-ақ шарықтауда. Сондықтан бұл жерде Еуразиялық Экономикалық одақ аясында Ресейден импорт көбейіп кетті, экспанция жүріп жатыр. Төлем балансы тапшылық беріп жатыр. БҰҰ дерегінше, азық-түлік бағасы соңғы 3-4 жылда 40 пайызға қымбаттады. Бұл – әлемдік тренд, одан біз сырт қалмаймыз. Ішкі себептерге келсек, экономикалық саясаттың сапасы әлі де лайықты деңгейде емес. Мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік сектор және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын басқа да ұйымдардың барлық шығындары экономиканың 63 пайызына жетіп отыр. Шығындардың көп болуы инфляцияға әкеп соқтырады. Жалпы экономикада ең төменгі жалақы сияқты әлеуметтік көрсеткіштерді шапшаң көтерудің ең басты өлшемі бар. Мәселен, ЖІӨ біздегідей 4 пайыз емес, 7-8 пайызға өссе, төменгі жалақы да, орташа жалақы да, жоғары деңгейдегісі де ұлғая­ды. Жалақыны, әлеуметтік стандарттарды жоғарылатудың басты көзі Үкімет әсіресе жасай алмай отырған экономиканың жоғары қарқынды даму траекториясына көтеру керек.

Тек бізде ғана солай ма?

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап: мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 19 450 теңге, зейнетақының ең төмен мөлшерi – 46 302 теңге, жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 3 063 теңге, базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 36 018 теңге.

2022 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін өссе де, ТМД-ның елдерінде бұл көрсеткіш біздегіден жоғары. Украинада 6 мың гривен бұл 94,6 мың теңгеге тең. Одан кейін Ресей 12,8 мың рубльден немесе 74,6 мың теңгеден келеді. Беларусь, Әзербайжан және Молдовада ең төменгі жалақы 60 мың теңгеден жоғары. Арменияда – 68 мың драм немесе 58,8 мың теңге. Сонымен қатар, ТМД елдері арасындағы ең төменгі жалақы Қырғызстанда – 1,8 мың сом немесе 9,3 мың теңге. Одан кейін Тәжікстанда – 400 сомони немесе 15 мың теңге. Өзбекстанда қыркүйек айында ең төменгі кірісті 822 мың сумға немесе 32,8 мың теңгеге дейін көтерді.

Ең төменгі жалақы бұл жұмысшыға қалыпты жағдайда және айына қалыпты жұмыс уақытымен ақшалай төлемдердің кепілдендірілген минимумы болып табылады. Мемлекет барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарға өз қызметкерлеріне ай сайын ең төменгі жалақыдан кем емес мөлшерде төлеуге міндеттейді. Осылайша, ең төменгі жалақы  мемлекеттік әлеуметтік кепілдік десек те болады.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button