60-тан астам көше жөнделмек

Күн райы жылынып, Астанада жолдарды жөндеу және салу жұмыстары басталды. Биыл бас қаланың жол инфрақұрылымын жақсарту бағдарламасымен 60-тан астам көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Мұндағы мақсат – жол сапасын қалпына келтіру мен жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігі мен тұрғындардың емін-еркін жүруін арттыруға бағытталып отыр. Деректерге сүйенсек, 10 сәуірден бастап мына көшелерде, яғни Алаш тасжолының бойы, 69 көшеден 191 көшеге дейін; Қорғалжын тасжолының бойы, Тұран даңғылынан 128 көшеге дейін; Сығанақ көшесі Қабанбай батыр даңғылынан көлік айрығына дейін (өткен жылы жұмыстар Ш.Айтматов көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейінгі учаскеде жүргізілген); жөндеу жұмыстары басталмақ. Сондай-ақ тұрғын алаптардағы Жаңақоныс, Қарталы, Фахт бен Абдул Азиз, Герцен, Ш.Бөкеев және т.б. көшелерді де жол жұмысы қамтылады.
Жөндеудің негізгі кезеңдерінің бірі – шұңқырлы тұстар мен маршруттық жолдар болады. Бұл – зақымданған асфальт жабынын қайта қалпына келтіріп, жол жағдайын жақсартуды және автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер үшін қозғалыс ыңғайлылығын қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Сондай-ақ жоспарланған жұмыстардың қатарында жаңа тротуарларды, аялдама бұрылыстарын, пандустарды салу мәселесі бар. Жол белгілері де жаңартылады. «Балалар қауіпсіздігі» сияқты бағдарламаларға ерекше назар аударылып, оның аясында балалар мекемелері мен мектептердің жанында орналасқан учаскелерде балалар мен ата-аналардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететін белгілер орнатылады.
Бұдан басқа биыл елордада ұзындығы 14,7 км болатын 43 нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Бүгінде сегіз жоба бойынша жұмыс толық аяқталуға жақын. 28 жоба бойынша жұмыс жүріп жатса, тағы жетеуі енді басталады. Олар – Қ.Қайсенов (Бұқар жырау көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейін), Бұқар жырау (әл-Фараби даңғылынан Жошы хан көшесіне дейін), Т.Рысқұлов (Мәңгілік ел даңғылынан Нұра-Есіл каналына дейін) және т.б. көшелер. Сондай-ақ Н.Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі көлік айрығын салу жобасын жүзеге асырылып жатыр.
Жыл соңына дейін жол жүруді қамтамасыз ете отырып, Қ.Мұхамедханов көшесін салу жобасы іске асырылуда. Бұл Ш.Айтматов пен Қорғалжын тасжолының қиылысындағы көлік ағынын азайтуға септігін тигізбек.
Айта кетейік, жөндеу жұмысына байланысты жабылатын әрбір учаске бойынша ресми дереккөздерде алдын ала хабарланатын болады.