Қала мен Сала

Астанадан ауылға дейін…

Астана

Астана қаласының Ішкі істер департаменті жұмыс жәрмеңкесін өткізді. Бос лауазымдар жәрмеңкесінде тергеуші, анықтаушы, жедел уәкіл, инспектор, полицей бос лауазымдары ұсынылды. Сонымен қатар, Жол-патрульдік полиция мамандандырылған батальонының аға инспекторы, Жол-патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы, полицей, полицей-жүргізуші, полицей-кавалерист, кіші инспектор-кинолог лауазымдарына конкурстық негізде іріктеу жарияланды.

Атырау

Атырау қаласында 1 тамыздан бастап ауызсу бағасы 3 пайызға арзандады. Аталған тариф бір жыл бойы қолданыста болады. Себебі 2017 жылдың қорытындысына сәйкес, қаланы ауызсумен қамтып отырған «Атырау су арнасы» заңсыз әрекеттер негізінде 139 млн теңге кірісті иеленгені анықталған.

Шығыс Қазақстан облысы

Бесқарағай ауданына көне дәуір құпияларын ашу мақсатымен Ұлыбританиядан археолог ғалымдар жұмыс сапарымен келді. Олар Жетіжар ауылында орналасқан ежелгі қорғандарда зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Қостанай облысы

Қытайлық компания Қостанай қаласындағы Индустриялық аймақта теледидар шығаратын зауыт салу жобасын қарастыруда. Олар бастапқы кезеңде 20 млн доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Аталған зауыттың өндірістік қуаты жылына 600 мың дана болмақ. Осыған орай, алдағы уақытта 500-ге жуық жұмыс орны ашылады.

Ақтөбе

Ақтөбе су қоймасында балықтардың не себепті қырылып қалғанын экологтар анықтады. «Жасыл балдырдың гүлдегені байқалған аумақта орташа салмағы 20 грамм болатын 40 дана өлі таутан табылды. Сараптама жүргізу үшін су мен балық сынамалары экология департаменті мен ветеринариялық зертханаға жіберілді. Алдын ала болжам бойынша балдырлар жаппай гүлдеп, балыққа оттегі жетпей қалған.

Ақмола облысы

Бурабай курорттық аумағындағы кейбір кәсіпкерлер өз табыстарын төмендетіп көрсетіп, кассалық аппараттарды қолданбай келген. Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлердің табысы бойынша мәлімет күдік тудырғандықтан, курорттық аумақтың бірқатар нысандарында хронометрлік зерттеу жүргізуге шешім қабылдаған. Нәтижесінде салық заңнамасы бойынша бірқатар бұзушылықтар анықталды.

Шымкент

Шымкентте Қырғы базардың жанындағы заңсыз сауда дүңгіршектерін бұзу жұмыстары басталды. Сүрілген 34 сауда нүктесінің орнына қала базарынан орын ұсынылып отыр. Бұл жөнінде сот шешімі шығарылып, ол 18 шілдеде күшіне енген.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button