Саясат

Елді елең еткізген

АЛЫП ӘУЕЖАЙ АШЫЛДЫ

Түркияның Ыстанбұл қаласында Yeni havalimanı деп аталатын жаңа әуежай ашылды. Anadolu агенттігінің хабарлауынша, оның жалпы аумағы 76,5 млн шаршы метрді құрайды.

«Үшінші» деп те атау алған әуежайдың ашылу салтанатына Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған қатысты. Оның айтуынша, жаңа ғимарат жылына 90 млн жолаушыға қызмет көрсете алады. Ал жоба толығымен аяқталғаннан кейін 150 млн., қажет болған жағдайда 200 млн адамды қабылдауға қауқарлы болмақ.
Оның құрылысына 10,247 млрд еуро қаржы және 42 ай уақыт жұмсалыпты. Қазір кешен аумағында 6 ұшу-қону жолағы, 500 ұшақ тұрағы, сондай-ақ 70 мың көлік қабылдай алатын ашық және жабық автотұрақ бар.
Ыстанбұлда осымен үшінші әуежай ашылып отыр.

МЕРКЕЛЬ САЯСИ АРЕНАДАН КЕТЕ МЕ?

Германия канцлері Ангела Меркель 2000 жылдан бері басшылық етіп келе жатқан Христиан-демократиялық одағы партиясының кезекті сайлауына түспейтінін мәлім етті.

BBC басылымының хабарлауынша, партия­ның Гессен және Бавария жерінде болған сайлаудағы жеңілісінен кейін канцлер осындай шешімге келген. Өткен сайлаумен салыстырғанда 11,3 пайызға аз дауыс жинапты. Сондай-ақ
қыркүйек айындағы сауалнама нәтижесінде сайлаушылардың басым бөлігі Меркельдің жұмысына көңілі толмайтыны анықталды. Тек 17 пайызы ғана ризашылығын білдіріпті.
Бұған қоса ол 2021 жылдан кейін кез келген саяси лауазымға үміткер болмайтынын жеткізді. Яғни дәл осы жылы Германия канцлері қызметі аяқталғаннан кейін саяси аренадан кетпек.

ИТАЛИЯ СУ АСТЫНДА

Италияда толассыз жауын мен қатты дауылдан мемлекетке үлкен шығын келді. Табиғаттың тосын мінезінен бірнеше өңірді су алды.

Жергілікті ANSA агент­тігі Венецияда су деңгейі 156 см-ге дейін көтеріліп, нәтижесінде қаланың 75 пайызы су астында қалғанын хабарлады. Ал Лациода күшті желдің салдарынан ағаштар тамырымен құлап, 160 мың тұрғын электр желісінен қағылған. Белгілі болғандай, дауылдың жылдамдығы сағатына 130 шақырымды құрапты.
Италияда жексенбі күні ауа райы күрт бұзылып, түрлі апаттан 12 адам қаза болды. Осының салдарынан ел билігі бірнеше облыста төтенше жағдай жария­лады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button