9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні

77 жылдан кейін табылған жауынгер

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жылға таяу уақыт өтсе де, соғыстан қалған жара жазылар емес. Соғыста қаза болған жауынгерлердің арттарында қаншама жесір, қаншама жетім қалды. Қаншама боздақ хат-хабарсыз кетті. Осы күнге дейін әкелері туралы бір дерексіз қалғандар да жетерлік. Солардың ішінде біз де бармыз. Біздің бабамыз Тыныкеден Көшербай, Қыпшақбай, Төлеген, Бөлеген деген төрт ұл дүниеге келген.

[smartslider3 slider=2908]

Соғыс басталып, сол жылдары майданға Қарсақбай әскери комиссариатынан Тынекенің төрт ұлы да майдан даласына аттанған. Солардың ішінде тек Бөлеген әкеміз ғана 316-Панфилов дивизиясы құрамында шайқастарға қатысып, бірнеше рет жараланып, елге мүгедек боп келді. Қалған үш ағайын осы күнге дейін хат-хабарсыз болған. Ұзақ ізденістердің арқасында Төлеген әкеміз 1942 жылы бір топ жерлестермен майданға бара жатқанда әскери эшелонға жау самолеттерінің бомбалауы­нан қаза болған екен. Ол кісіні Воронеж облысы, Байчурово станциясында бауырластар зиратына жерленгені анықталды. Тыныкеұлы ­Көшербай 1943 жылы маусымда майданға Қарсақбай әскери комиссариатынан аттанған, артында жары Кенжебекқызы Күлзапия, 40-күндік ұлы Олжабай қалған. Әскери архив деректерінің куәләндіруі бойынша «Көшербай 1943 жылдың 28 желтоқсанда Белоруссия жеріндегі Витебск ауданы Зазыбы деревнясында қаза болып, 1500 жауынгерді бауырластар зиратына» жерлеген деген ақпарат табылды. 1952 жылы ол жерге егін салатын болып Октябрь ауылдық кеңесінің Шапуры деревнясына қайта жерленген уақытында тізімнен түсіп қалған. Витебск қаласындағы М.Ф.Шмырева атындағы әскери музей қызметкерлерінің араласуымен 2020 жылы 9 мамырға қарсы Тыныкеұлы Көшербайдың есімі Октябрь ауданның Шапуры деревнясындағы бауырластар зиратының тақтасына құрметпен жазылған. Алла нәсіп етіп, 2021 жылы 15 наурызда Көшербайдың немересі Олжабайұлы Берік екеуміз әкеміз жатқан жеріне Құран бағыштауға аттандық. Біз барған ауылдық кеңес қызметкерлері, жұмыс аяқталса да бізді арнайы күтіп тұрды, әкеміздің жатқан жерін көрсетті. Белорусь жерінде әр елді мекендерде қаза тапқан жауынгерлер зираты көп, сондықтан тура жолды білетін жолбасшы болмаса бірден табу қиын. Коронавирус салдарынан жол ауырлау болса да, әкеміз мүрдесі жатқан жерді көргенде, көңіліміз босап бір мезет есеңгіреп қалдық.

Келесі күні бізді Қазақстаннан арнайы келгенімізді естіген Белоруссиядағы Қазақстан елшісі Асқар мырза Асанұлы кездесуге шақырды. Елші өте жылы қабылдап, өз тарапынан ризашылығын білдіріп, азды-көпті сұхбаттасып, Белоруссия майдангерлері туралы кітапты сыйға тартты. Қазақстаннан әкелерімізді іздеп, арнайы келгенімізді естіген Белоруссияның мұсылмандар бас имамы, шейх Әбу-Бәкір қабылдады. Ол өз тарапынан 18.03.21 ж Хатынь деревнясында болатын республика басшысы қатысатын, бүкіл діни конфессия қатысып, ҰОС-да қаза болғандарға дұға оқитынын, сонда біздің әкемізге де дұға бағыштайтынын хабарлады. Және әкеміз жатқан деревняда №4420 бауырластар зиратының күтімін қадағалайтынына уәде берді. Осындай біздің әкеміз Тыныкеұлы Көшербайға деген кұрметті тек оған емес, ҰОС қаза болған Қазақстан жауынгерлеріне деп түсіндік. Қазақстан елшісі Минск қаласындағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған музейге апарды. Ол жерден де көптеген мағлұматтар алдық.

Мен әкеміздің қаза болып, зиратын іздеу жолында естелікті мақтану үшін жазып отырған жоқпын. Әр ұрпақ майдангер әкесін іздеп құран бағыштауға парыз деп ойлаймын.

 Серік ҚОЛДАНҰЛЫ, Денсаулық сақтау ардагер

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button