Басты ақпаратМәдениет

8 наурыз

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

8 наурыз

Сегізінші наурыз деген – әз анаң!

Болмашыға мәз болатын күлімдеп,

Маңдайыңнан сүйер сосын «Күнім» деп.

Күліп тұрып, көңілі кенет бұзылып,

Шүкір дейтін, шүкір дейтін күбірлеп.

 

Сегізінші наурыз деген – апаңыз!

Сен кіргеннен көңіліне бақ дарып,

Еріне сәл қарап қойып мақтанып.

Жаны қалмай асты-үстіңе түсетін,

Қашан үйден кеткеніңше аттанып.

 

Сегізінші наурыз деген – қарындас!

Жер бетінде болмас ондай тілеулес,

Оған барсаң, қазан аспай жібермес.

Сені жамандайтындармен дәйім айтысып,

Есеңді де жібермейтін біреуге еш.

 

Сегізінші наурыз деген – жарыңыз!

Тұла бойы еркелік пен келісім,

Әулие ғып ұлық тұтқан перісін.

Бірте-бірте айналады ол өзіңе,

Құрбандыққа барар барлық сен үшін.

 

Сегізінші наурыз деген – әз жеңгең!

Екі езуі құлағына ілініп,

Сенің төбең көрінгеннен жүгіріп.

Жариялар сыйлығыңды ел-жұртқа,

Етегіне сүрініп.

 

Сегізінші наурыз деген – келінің!

Барсаң, дәйім, күліп қарсы алатын,

Қарсы келмей, қабағыңды бағатын.

«Ағам келді…» – деген даусы

жарқылдап,

Ініңнің де өсіреді қанатын…

 

Сегізінші наурыз деген – қызыңыз!

Бауырыңнан өрген нәзік балапан,

Оған керек тек аяулы алақан.

Азғантай күн қонақ болып төріңде,

Басқа үйде ататұғын жаңа таң…

 

Әйел – үйдің берекесі, құты, рас,

Көзінше оның мініңді ешкім шұқымас…

…Әй, жігіттер, түк шашылу емес бұл,

Сегізінші наурыз деген – ықылас!

 

Нәзира БЕРДАЛЫ

Әрбір үйде асылған ет,

бауырсақтар, шелпектер,

Өмір бойы сүю жайлы әп-әдемі

ертектер…

Көше толы құлпырған гүл,

Гүл көтерген еркектер –

Сегізінші наурыз.

 

Дәл бұл күні сұлуларды мақтау – аз!

Естілмеуі тиіс сөздер: «ақшам аз».

Ілгіштегі ең әдемі көйлектер,

Кезек күту шаршататын шаштараз.

 

Сыйлық, қайшы, жылтыр

қағаз, желімдер,

Абысындар, апа-сіңлі, келіндер

Көтеріңкі болса-дағы көңілдер,

Кемсеңдеген… сүйілмеген еріндер…

 

Күн шуағы – жылы жазға бергісіз,

«Қарды еріткен сол ғой» дерсіз енді сіз.

Қате айттыңыз!

Ол – Әйелдің күлкісі!

…Тағдырымның не сыйлары белгісіз –

Сегізінші наурыз…

 

Алмас ТЕМІРБАЙ

Рақмет саған, Ана!

(қазіргінің қыздарына құлаққағыс)

Рақмет, саған, Ана,

Мені тастап кетпегенің үшін,

Жетім бала етпегенің үшін!

Тектілігіңді жоғалтпай,

Темекі де шекпегенің үшін!

 

Рақмет, саған, Ана,

Жаман жолға түспегенің үшін,

Адал еңбек істегенің үшін!

Балаңды ойлап болашақ,

Арақ-сыра ішпегенің үшін!

 

Рақмет, саған, Ана,

Әркімді бір сүймегенің үшін,

Әркімге бір тимегенің үшін!

Ұрпағың үшін үнемдеп,

Қымбат киім кимегенің үшін!

Рақмет, саған, Ана,

Маған бәрін әпергенің үшін,

Мінезімді көтергенің үшін!

Он екі мүшемді сау қылып,

Дүниеге әкелгенің үшін!

 

Рақмет, саған, Ана,

Кінәм болса, кешіргенің үшін,

Ауыр бейнет кешіргенің үшін!

Ауырмайтын, аман-сау

Адам қылып өсіргенің үшін!

 

Рақмет, саған, Ана,

Сенің әрбір жылағаның үшін,

Жоқтан барды құрағаның үшін!

Бақыты үшін балаңның,

Барлығына шыдағаның үшін!

 

Рақмет, саған, Ана,

Арсыз іске бармағаның үшін,

Аборт жасап, алмағаның үшін!

Біздерді ойлап, шырылдап,

Бар өміріңді арнағаның үшін!

 

Рақмет, саған, Ана,

Болашақ менің баламның атынан.

Бұрынғы ата-бабамның атынан,

Жеті миллиард адамның атынан,

Он сегіз мың ғаламның атынан,

Рақмет, саған, Ана!

 

Рахат ӘБДІРАХМАНОВ

АЛАШ АРУЫ

Әппақ боп көктен түсе қалған мүсін,

Жарық қып жібересің жалғанды шын!

Төрінде жүрегімнің төгілсін жыр,

Көгімде жүре берші, арман құсым!

 

Айналмас арың-арман, нұр-сағымға,

Кәусарға қанып өссең гүл шағыңда.

Жұртымның ғажап үні – жүрегіңде,

Ұлтымның тазалығы – құрсағыңда!

 

Маңдайдан шуаққа алтын сүйдіріп кіл,

Күлімдеп күллі әлемге құйды үміт-нұр.

Даламның нәрі сіңген нәзік мүсін,

Ғаламның сұлулығын сыйдырып тұр!

 

Сайтанның арбауынан жан-тән аман

Болса егер, еңсе биік, шартарап-ән!

Тәңірім тал бойыңды сақтаса екен,

Алаштың ар-ұятын арқалаған!

 

Түнектен қас-қабаққа төніп кірбің,

Түңілсем түсіме Күн болып кірдің.

Анамның жанарынан жадымдағы –

Алланың мейірімін көріп тұрмын!

 

Көш жүгі ауысумен нардан нарға,

Дәуірлер дәуірлерге жалғанғанда,

Алаштың әрбір ұлы қарындасын

Осылай ардақтаса арман бар ма?!

 

Оңайгүл ТҰРЖАН

Қыс таусылды.

Қалды алыс сары жiбек күз.

Ертең-ақ құлпырады үлбiреп түз.

Келiп қалған көктемнен зәресi ұшып,

Шатырдан құлап өлдi су жүрек мұз.

 

Шуағына тәнті боп өрт аспанның,

Ақ бұлақ таңдай қағып

қолпаштар мың.

Маужырап күн шуаққа жонын тосар,

қартайған қу сүйегi жартастардың.

 

Көктем келдi көгiлдiр.

Жылыды бақ.

Тiршiлiкке жүгiрдi тiрi бұлақ.

Кемiредi ақ күшiк жоқшылықты,

қоғамның бiр бұрышына тығылып ап.

 

Өттi-ау, өмiр!

Тоқтамас ағыс мүлде,

қысқа ғұмыр қарайды алыс күнге.

Күлiп тұрып және де жылап тұрып,

Бәйшешектер билейдi қар үстiнде.

 

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

Пері қызының ғазалы

Тау ішінде оянам таңсәріде,

Таңмен тұрған арудың аңсары не?!

Ақбоз атты жолаушы,

мойныңды бұр,

«Жаныма кел» деп сосын салшы әніңе!

 

Жетегіңе мен мінер баранды алмай,

Шыққан мынау сапарың

қараң қалғай!!!

Жо-о-о-жоқ, жігіт, жүре бер,

жолың болсын,

Желге мініп, соңыңнан барам қалмай…

 

Жолын тосқан мұңлықты

көзге ілмейсің,

Әлде жөнін айтатын сөз білмейсің…

Тіл қатпасаң тіл қатпа, назар салып,

Ишаратпен пейіліңді сездіргейсің.

 

…Тау ішінде жүремін кешкі ымыртта,

Аттың басын бұра кет ескі жұртқа!

Шоққа көмген таба нан

тартуым бар,

Қымыз құйған ана бір месті ұмытпа!

 

Өрмек құрар пенде-қыз емес едім,

Күңгірт тартып көрінер елес-өңім.

Арбайтұғын аярың бола алмаспын,

Ат шалдырар тұсың жоқ неге сенің?

 

Тау ішінде түс көрем…

түсім қандай!

Сені атыңнан түсірер күшім бардай…

Күміс тостақ толтыра сусын құйып,

Болам соны өзіңе ұсынғандай…

 

Тау ішінен көрерім өзің едің,

Бір сөз айтпай барасың сөзіме мың.

Аялдамай тарта бер Ақбозыңмен,

Түптің түбі өзіңмен кезігемін…

 

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ

Наз

Қызылды көрсе, тамағы

кенет бүлкілдеп,

Қияда қыран қанатын қомдап

сілкінбек.

Жүректе тербеп сезімнің нәзік

тамырын,

Бұралып басып қызғалдақ Ару ­үлпілдеп,

 

Барады, әне! Көшеде өлең теріп мен

Көз ала алмай келемін әсем көріктен.

Алға озып кеткен уақытым сынды бұрылып,

Қиылып сен де қарадың, қарғам неліктен?

Аққудың ерке елесі болып Ай қабақ,

Барасың қайда еркімді менің

байлап ап?

Лүпілдеп мендей тұр ма екен

әлде жүрегің,

Арман-ау, шіркін, көрсемші бір

сәт аймалап.

 

Іліп-ақ түсер лашыны едім

тау-құздың,

Назарды қалай назыңа,

қалқам-ау, ауғыздың?

Тілімде еріп барады жалғыз

балдай сөз:

– Мерекеңізбен!!!

(Сегізі ертең наурыздың!)

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button