Басты ақпаратРуханият

83 жыл өткен соң…

Екінші дүниежүзілік соғыс бұл тек тарих кітаптарындағы беттер ғана емес, бұл – туған жерін, туған халқын қорғау үшін жанын қиған ­миллиондаған боздақтың тағдыры.

Халқымыздың ардақты ұлдары – Ресей Мемлекеттік Думасының алғашқы екі шақырылымының депутаты, заңгер Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов пен қоғам қайраткері, алашшыл азамат Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжановтың туған інісі, Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен жауынгер Жұмахан Қорғанбекұлы Бірімжановтың жатқан жері араға 83 жыл салып анықталды. Бұл – бір әулет үшін ғана емес, барша ұлтымыз үшін аса маңызды тарихи жаңалық.

Жұмахан Қорғанбеков – қатардағы жауынгер, атқыш. Ол 1919 жылы Қазақ КСР, Қостанай облысы, Торғай ауданы, №3 ауылында (қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданында) дүниеге келген. Ел басына күн туып, сұрапыл соғыс басталғанда, 1941 жылы Алматы қаласы, Фрунзе аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылып, майданға аттанды.

Оның тағдыры жайлы мә­ліметтер ұзақ жылдар бойы белгісіз болып келді. Алайда Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатындағы №58 қор, 18004-тізім, 212-іске тіркелген құжаттардың арқасында оның ерлікпен қаза тапқан жері мен мәңгілік мекені анықталды.

Ол 1942 жылдың 19 желтоқсанында Ресейдің Волгоград облысы, Советское ауылындағы ауыр шайқастардың бірінде ерлікпен қаза тапты. Оның сүйегі кейіннен Волгоград облысы, Калачевский ауданы, Калач-на-Дону қаласындағы «Павших борцов» алаңында орналасқан бауырластар зиратына қайта жерленген. Оның жерлеу нөмірі – №90145571.

Бұл жаңалық соғыс жылдарында шейіт кеткен боздақтардың есімі ешқашан ұмытылмайтынын айғақтайды. Араға 83 жыл салып оның ерлік жолы қайта жаңғырып, есімі туған халқымен қайта қауышты.

Ендігі бір олжамыз – қоғам және мемлекет қайраткері, «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесi төрағасының орынбасары, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Педагогикалық білім беру халықаралық, Қазақстан педагогикалық, Ресей педагогикалық академияларының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбайұлының туған әкесі және қа­йын атасы – Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен жауынгер әкесі – Озғанбай Шопанұлы және қайын атасы – Нұрберген Сұлтанбекұлының жатқан жері анықталды.

Озғанбай Шопанов 1915 жылы Қазақ КСР, Гурьев облысы, Маңғыстау ауданы, Ақтөбе ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1942 жылдың 2 қыр­күйегінде Гурьев облысы, Шевченко ауданы бойынша Шевченко аудандық әскери ­комиссариаты арқылы әскер ­қатарына ­шақырылды.

РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі (ЦАМО) мәліметтерге сәйкес, Озғанбай Шопанов 13-запас атқыштар дивизиясының 92-запас атқыштар полкінде (92 зсп, 13 зсд) қызмет еткен. 1942 жылдың 17 қыркү­йегінде ол бұл бөлімге 13-запас атқыштар бригадасынан (13 зсбр) келген.

1942 жылдың 25 қазанында Озғанбай Шопанов Б/1512 командасымен 61-армияның штабына жіберілді. Сол уақытта 61-армия Тула облысының Белёв қаласы маңында орналасқан болатын. Бұл оның майдан шебіне жақын орналасқан әскери бөлімге өткені және соғыс қимылдарына тікелей қатысқаны жайлы көрсетеді. Алайда оның есімі қатардағы жауынгер (қызыл әскер) ретінде тіркеліп, 61-армия қатарына кеткен соң, басқа дереккөздерде кездеспейді. Бұл оның дәл осы кезеңде – 1942 жылдың соңында немесе 1943 жылдың басында Тула облысындағы ұрыстар кезінде қаза тапқанын болжауға негіз береді. Бірақ өлімі туралы нақты дерек тіркелмеген.

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында ерліктері жайлы аз мәлім болғанмен, есімі халық жадында мәңгі сақталған талай жауынгер бар. Солардың қатарындағысы – Нұрберген Сұлтанбеков. Ол – Отан үшін күресіп, ерлікпен қаза тапқан қаһарман. Ашық архивтер мен Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен (ЦАМО) алынған мәліметтерге сәйкес, Нұрберген Сұлтанбеков есімімен байланыс­ты екі түрлі жазба бар.

Бірінші деректе Нұрберген Сұлтанбеков 1901 жылы Түрікмен КСР-і, Қызылқұм облысы, Қара-Боғаз-Гол ауданында, Ворошилов атындағы колхозда дүниеге келгені көрсетілген. Ол Қара-Боғаз-Гол әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 72-огсп САВО бөлімінде қатардағы жауынгер болып қызмет еткен. Оның тағдыры туралы нақты мәлімет жоқ.

Екінші деректе Нұрберген Сұлтанбеков 1904 жылы (кейбір құжаттарда 1900 жыл деп көрсетілген) Қазақ КСР-і, ­Гурьев облысы, Маңғыстау ауданында дүниеге келген. Ол да 1942 жылдың наурыз айында Қара-Боғаз-Гол әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 681-атқыштар полкі, 133-атқыштар дивизия­сының құрамында соғысқан. 1943 жылдың маусым айында хабарсыз кеткен.

«Халық жады» дерекқорындағы мәліметтерге сәйкес, Нұрберген Сұлтанбеков 1943 жылдың қаңтар айында көрсеткен ерлігі үшін екі мәрте «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Біз бұл жауынгерлердің есімін ұмытпай, келер ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Әр құжат, әр медаль, әр бауырластар зиратындағы жазу – бұл үнсіз болса да мәңгілік естелік. Ол – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Кеңес Одағының батыры. Өйткені ол бейбіт өмірді сақтап қалу үшін, болашақ ұрпақтың азат елде өмір сүруі үшін күресті.

Бүгінде біз осындай батыр­ларымыздың арқасында тә­уелсіз елде өмір сүріп отырмыз. Олар біздің тарихымыздың ең жарқын беттерін жазды.

Соғыстың әрбір батыры ұмытылмауға тиіс. Себебі олардың қанымен, жанымен келген жеңіс – біздің халқымыздың даңқы.

Ерлік – мәңгілік! Батырлар ұмытылмайды!

Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ, Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button