Басты ақпарат

900 шақырым ат үстінде

Шетелдік саяхатшының атқа мініп, қазақ даласын кезіп жүретін күні де алыс емес. Назарбаев университетінің постдокторанты, халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ұлан Биғожинмен әңгімелескенімізде, ол алдағы жазда Астана-Ботай арасындағы алғашқы жылқы туры ашылатынын айтты. Сондай-ақ сұхбат барысында ғалым бізге шетелдік қонақтардың Қазақстанға келе сала не іздейтіні, Америкадағы жылқы ұстау мәдениеті және бір топ отандық ұстаздар мен студенттердің асыл тұқымды жылқыны соғымнан қалай құтқарып қалғаны туралы баяндап берді.

Шетелдік туристерге экзотика керек

Мен сегіз жарым жылдай шетелде тұрдым. Қазір де мен қызмет ететін Назарбаев университетінде өзге мемлекеттерден келген әріптестерім көп. Сонда бір байқағаным, Қазақстан дегенде олар, ең алдымен, көшпенділерге тән ерекшеліктерді көруге құмар. Өздерінің тілімен «spirit of steppe», яғни, дала рухын сезінгілері келеді, ориентализмді іздейді. Биік ғимараттармен оларды таңғалдыра алмайсың, әйтпесе Сеул мен Токиоға баруларына да болады ғой. Осы мәселені ескеріп, мен Қазақ география қоғамының демеушілігімен Астана-Ботай-Астана бағытындағы 900 шақырымдық жылқы турын ұйымдастыруды жөн деп шештім. Неге Ботай дейсіз бе? Өйткені ол жер – энеолит дәуірінде жылқы тұңғыш рет қолға үйретілген мекендердің бірі. Тіпті археологтар атақты Пржевальский тұқымының арғы тегі дәл осы Ботайда өмір сүрген болуы мүмкін дегенді айтады.Қазіргі таңда аталған турға қажетті жылқы, атарба, басқа да құрал-саймандарды іздестіру үстіндемін. Бұйыртса, турдың басталу күнін 10 маусымға жоспарлап отырмын.
Енді елестетіп көріңізші: туристер елордадан атпен шығып, жол бойы шатырларда немесе киіз үйде ұйықтап, ұлттық тамақ ішіп, тарихи орындарға барып қайтса, мұражайларды көрсе,  Қазақстан туралы әсерлерін ешқашан ұмытпас еді. Біле білсек, бұл – эко-туризмнің нағыз тамаша мысалы. Біріншіден, бензинмен жүретін ешқандай автокөлік керек емес, демек, қоршаған ортаға зиян тигізбейміз. Екіншіден, таза ауада атпен жүру арқылы салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Үшіншіден, экскурсия барысында туристер табиғи өнімдерден жасалған ұлттық тағам түрлерін жейді. Төртіншіден, олар бұрын адам аяғы тимеген мекендерді зерттейді.

Horse Whispering  немесе жылқыны қалай түсінеміз?

Өкінішке қарай, қазіргі таңда елімізде жылқы ұстау мәдениетінен кішкентай әлеуметтік класс, яғни, атбегілер ғана хабардар. Тіпті, кейде ат мініп жүрген кісілердің өзі жануармен қарым-қатынас жасауда қаталдық танытады. Мұның бір себебі – аттың сырын жақсы білмеуден. Кей адамдар оны ит сияқты бағып-қаққысы келеді. Бұл – ең жиі кездесетін қателік. Ит үшін қожайыны ата-ана ретінде көрінсе, ал жылқы өз иесін көшбасшы секілді қабылдайды. Сондықтан жылқыны қатты дауыс шығарып айғайлау немесе физикалық күш көрсету арқылы бағындыру мүмкін емес. Адам өзінің көшбасшылық қабілетін таныта алған кезде ғана оның тілін табады.
Мен АҚШ-та тұрғанымда, ондағы Монтана және Вайоминг штаттарындағы жылқы ұстау мәдениетін көріп қайран қалдым. Жылқының тілін табу өнері оларда Horse Whispering деп аталады. Осы техниканы меңгерген адамдар жылқының түр-әлпетіне – еріндерінің, құлақтарының, көздерінің, құйрығының қимыл-қозғалысына қарап оның дәл сол сәттегі көңіл-күйін анықтай алады. Жалпы, жылқылар мимика арқылы 17 түрлі эмоцияны білдіруге қабілетті көрінеді. Негізі horse whispering өнері біздің қазақта да танымал болғанына дау жоқ. Оның бір көрінісін эпостық жыр кейіпкерлерінің өз тұлпарларымен сөйлесу диалогтарынан да аңғаруға болады.
АҚШ-та жылқының сырын үйрететін арнайы курстар да жетерлік. Бір қызығы, азаматтардың осындай курстарды тәмамдауы кез келген салада олар үшін артықшылық есебінде жазылады. Өйткені, ғалымдардың дәлелдеуінше, жылқымен жақсы байланыс орната алатын адам жұмыста да мұқияттылығымен, көшбасшылық қабілетімен және командаға тез сіңісіп кете алатын мінез-құлығымен ерекшеленеді екен.

«Талисманды» соғымнан қалай құтқардық?

Бір қынжылатыным, біздің елде шамамен 3 млн-дай жылқы бар болса, соның 70 пайызы соғымның құрбаны болады. Жылқы дегенде көпшілігі көз алдына бәйгеге шабатын сұлу сәйгүлікті емес, буы бұрқыраған қазыны елестетуі де осының себебі шығар. Биылғы қыста соғымға кеткелі тұрған сондай жылқылардың бірін Назарбаев университетінің оқытушылары мен студенттері жиналып құтқарып қалғанымыз бар. Оқиға былай болды.
Жоғарыда айтқан Астана-Ботай арасындағы эко-тур үшін жалға алуға интернеттен жылқы қарап жүргенмін. Бір күні соғымға «Талисман» атты жылқы сатылатыны туралы жарнамаға көзім түсті. Бақсам, әлгі жылқы асыл тұқымды сияқты, соғым үшін тым обал. Дереу иесіне хабарластым да, біздің оны міндетті түрде сатып алатынымызды, басқа біреуге сатып жібермеуін айтып, уәдесін алдым.Бағасы 500 мың теңге екен. Көп ойланбай, Дженни Лехтинен атты профессор әріптесім екеуміз Назарбаев университетінде краудфандинг (жұрт болып бірігіп ақша жинау) ұйымдастыруды шештік. Егер жылқыны сатып алсақ, оны университет меншігі ретінде бағып-қағып, ас-жемі үшін бірнеше ұстаз өз қалтамыздан қаржы бөліп тұруға дайын едік. Қайырымды жандар қол ұшын созып, үш-ақ күннің ішінде әлгі сома артығымен жиналды. Астанадағы «Qazanat» ат-спорт клубының менеджері Иван Шатковскийді ертіп алып, сәрсенбінің сәтті күнінде жолға шықтық. Әлгі жылқы – Петропавл түбіндегі кішкентай бір ауылда. Барсақ, ол шынымен де асыл тұқымды болып шықты. Орловтың желісті жылқысы мен Владимир ауыр жүк тартатын жылқының шатысы екен. Өзімізге әкелген соң, әлгінің қуанғанын көрсеңіз: жануар екеш жануардың өзі жанашырлықты сезеді ғой. Бүгінде ол «Құлагер» демалыс базасында өмір сүреді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button