Uncategorized

“Қызметімізден ұялған емеспіз”

Бүгінде Астанада қалың қар жауып, коммуналдық қызметкерлер тәулік бойы күшейтілген режимде қызмет етіп жүр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Боран мен үскірік аязға қарамастан күн сайын көше тазалап, қар күреп жүргендердің бірі – 50 жастағы Сәлима Бибатыр. Ол KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұқбатында өзінің адал еңбегіне, табысы және қызметіне құрметсіздік көрсететіндер туралы айтып берді.

“Астана Тазалық” мекемесінің қызметкері Сәлима Бибатыр күн сайын таңнан кешке дейін Рақымжан Қошқарбаев даңғылымен 15 шақырымдай жаяу жүріп, көшені қалың қардан, қоқыстан тазартады. Коммуналдық қызметшінің жұмыс күні таңғы сағат 6.00-де басталады. Соңғы күндері қалаға қалың қар жауып, жұмыс күшейтілген режимге ауысқан, сондықтан ол тәулігіне 9 сағат көше тазалайды.

“Астанаға 18 жыл бұрын Түркістан облысынан қоныс аудардым. Сол кезден бері “Астана Тазалық” мекемесінде қызмет етемін. Осы қызметтен зейнеткерлікке шығамын деген ойым бар. Қыс уақытында жұмыс қиындайды. Қар тазалау оңай емес. Дегенмен бұл үйреніп қалған орным. Көп жерге “қызмет кеңседе, жұмыс уақыты ыңғайлы” деп шақырды. Бірақ өзім осыған үйреніп қалдым, бригадамдағы жандарды да қимаймын, бір отбасындаймыз”, – дейді Сәлима Бибатыр.

Сәлима апай жұмыс жасайтын топ Рақымжан Қошқарбаев даңғылын тазалауға жауапты. Бір топқа 12-15 адамнан беріліп, оларды көше бойынша екі-күш адамнан бөледі. Үлкен көшелердің бірі болғандықтан, жол-көлігі оқиғасы да жиі орын алатынын айтады.

“Қоқыс жинаудан бөлек жол-көлігі оқиғасы орын алса, оның артын біз тазалаймыз. Мереке күндері көшеде концерт, шара ұйымдастырылса біздің жұмысымыз күшейе түседі. Бәрі аяқталғаннан кейін орнын тазалаймыз. Қоқысты арнайы жәшікке дейін жеткізбей, лақтырып кететіндер көп. Тазалыққа біз жауапты болғанымызбен, қала тазалығы әр тұрғыннан басталуы керек деп ойлаймын”, – дейді кейіпкер.

Сәлима Бибатыр көше қызметшілерінің еңбегін бағаламай дөрекілік танытып, құрметсіздік көрсететіндер туралы да сөз қозғады.

“Көшеде бар ашуын бізден алып, тіпті балағаттап кететіндер көп. Біреуге “қоқыс лақтырма” деп ескерту айта алмайсың. Өйткені “Жұмысың емес пе, ақша алып отырсың ғой” деп біраз сөз айтатындар көбейді. Керісінше арнайы тоқтап, көліктен түсіп алғыс айтып кететіндер де бар. Біреулер ыстық шай әкеліп беріп жатады. Тіпті гүл шоқтарын ұсынатындар да бар. Мұндай құрметті көргенде төбеміз көкке жеткендей болады”, – дейді Сәлима апай.

Көше тазалықшысы салқын, аяз күндері жылы аялдамаларға кіріп жылынып алатынын, мекеме күн сайын ыстық тағаммен қамтамасыз ететінін айтады. Сондай-ақ ол алатын жалақысына да риза екенін жеткізді.

“Ай сайын қолыма 250 мың теңге аламын. Одан бөлек мереке сайын сыйақы түсіп тұрады. Түнгі ауысым, қосымша шыққан сағаттарымыз да есепке алынады. Отбасыма жетіп жатыр”, – дейді ол.

Сәлима Бибатыр бес баланың анасы, аяулы жар, төрт немере сүйіп отырған әже. Ұлы мен келіні Астана мединицалық университетінің резидентурасында білім алып жатыр. Ал үлкен қызы – медициналық университеттің түлегі, кіші қызы – Қазақ технология және бизнес университетінің студенті. Кенжесі 10-сыныпта оқиды.

“Балаларымның алды грантқа түсті. Бір қызымның оқу ақысын жолдасым екеуіміз төлеп отырмыз. Кенже ұлым да жоғарғы оқу орнына түсуге ниеттеніп отыр. Жолдасым “Зеленстрой” мекемесінде жүргізуші болып қызмет етеді. Ұлым ауруханада хирург маманы. Осы қызметте жүріп үйлі болды, сонда бәріміз бірге тұрамыз. Тапқанымыз отбасымызға жетіп жатыр. Осы балалар өсіп-өнсін, білімді болсын деп адал еңбек етіп келеміз. Қызметімізден ешқашан ұялған емеспіз”, – дейді Сәлима Бибатыр.

Ол жасы 50-ден асса да үнемі қозғалыста болғандықтан ешқандай ауру мазаламайтынын, өзін жеңіл сезінетінін айтады.

“Жұмысымды физикалық жаттығу ретінде қабылдаймын. Өйткені күніне ондаған шақырым жаяу жүремін. Таза ауада көп жүргендіктен болар қан қысымым да бір қалыпты. Екі-үш күн демалыс болса, бір нәрсе жетіспей тұрады”, – деп аяқтады сөзін Сәлима Бибатыр.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button