Трансұлттық ұйымдасқан топтың жетекшілері мен мүшелері сотталды
Астанада трансұлттық ұйымдасқан топтың жетекшілері мен мүшелеріне қатысты сот процесі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
“Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушылар трансұлттық ұйымдасқан топты құрып, оған басшылық ету, қатысу (ҚК 264-бабының 1, 2-бөліктері), қылмыстық топтың құрамында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет аса ірі мөлшерде декларацияланбаған, өткiзуге тыйым салынған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендiк шекарасы арқылы өткiзу (ҚК 234-бабы 2-бөлігінің, 1,4,5 ) тармақтары, 234-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы) бойынша Ж., Р., Б., А.-ға қатысты іс қаралды”, – делінген хабарламада.
2016 жылы сотталушылар Ж. мен Р. Қазақстан Республикасынан Түркияға бағалы метал – алтынның заңсыз айналымы мен тасымалдау үшін трансұлттық ұйымдасқан топ құрып, оған басшылық еткен.
Олар қылмыстық топтың құрамына өздерінің таныстары мен туыстарын, оның ішінде сотталушы Б.-ны тартқан.
Өз кезегінде Түркия Республикасындағы трансұлттық ұйымдасқан топтың басшысы қылмыстық топқа осы елдің азаматтарын қосқан.
Топ басшылары өз ниеттерін жүзеге асыру үшін 2020 жылы бағалы метал – алтынды тасымалдау үшін Түркия азаматы А.-ны жеткізуші ретінде пайдаланған.
Сотталушылар кедендік шекара арқылы кедендік бақылаудан тыс өткізуге тыйым салынған бағалы металдар – алтын мен зергерлік бұйымдарды бірнеше рет заңсыз алып өтіп, контарабандалық тасымал жасаған.
Салдарынан 2017-2021 жылдар аралығында 19 эпизод бойынша Қазақстан Республикасынан Түркияға заңсыз түрде жалпы құны 5 млрд теңгеге жуық бағаланған салмағы 190 кг-нан жоғары алтын тасымалданған.
Сотталушылардың кінәсі куәлердің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен және іс материалдарындағы дәлелдермен расталды. Прокурор сотталушылар Ж. мен Р.-ға 11 жыл, Б.-ға 8 жыл, А.-ға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушылар Ж., Р. және Б. кінәсін мойындамай, ақтау үкімін шығаруды сұрады. Сотталушы А. кінәсін ішінара мойындады.
Aуырлататын мән-жайлар анықталмады.
Ж. мен Р. ҚК-нің 264-бабының 1-бөлігі және 234-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оларға түпкілікті 11 жыл мерзімге;
Б. ҚК-нің 264-бабының 2-бөлігі және 234-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, түпкілікті 8 жыл мерзімге;
А. ҚК-нің 234-бабы 2-бөлігінің 1,4,5 ) – тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.