«Мемлекет және дін: өзара әрекеттесудің заманауи тенденциялары» тақырыбында семинар өтті
Астана қаласы Дін істері басқармасының қолдауымен Діндерді зерттеу орталығы елордамыздың мемлекеттік қызметшілерінің біліктілігін арттыру бойынша «Мемлекет және дін: өзара әрекеттесудің заманауи тенденциялары» тақырыбында семинар ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Дін саласындағы мемлекеттік саясатын жүзеге асыру жөніндегі кешенді жоспарды орындау шеңберінде өткізілді. Жиынның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің дін саласына қатысты біліктілігін арттыру. Қатысушылар үшін М. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің Ислам және қазақ құқығы орталығының директоры Сабдин А.К., ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының кафедра меңгерушісі Нұрмағамбетов Б.Ғ., «Kazdream» компаниясының сарапшысы Антипин А.Ю. сияқты мамандар баяндама жасап, модератор ретінде дін мәселелері бойынша сарапшы А. Нұрахметұлы сөз сөйледі. Отырыста радикалды діни көзқарастың қоғамға кері әсері, дін және мемлекет қарым-қатынасы, интернет кеңістіктегі киберқауіпсіздік, дін саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар және т.б. мәселелерге ерекше назар аударылды. Айта кету керек, бұл семинар Астанада әкімдігі тарапынан жыл сайын ұйымдастырылып келеді.