Астанада «Мың бала» үздіктері анықталды
Бүгін елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Жалпыұлттық жоба жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Еліміздің барлық өңірлерінде лауреаттарды анықтау мақсатында шығармашылық байқаулар өткізілді.
Жоба өскелең ұрпақты – мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп оқушыларын, сондай-ақ түрлі этнос жастарын Қазақстан халқының ұлттық және рухани құндылықтарына баулуға, сондай-ақ мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің және қоғамдық құрылымдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсімге қатысушылар Ассамблеяның «Мың бала» жобасының мемлекеттік тілді этносаралық тілі ретінде насихаттау арқылы этносаралық келісімді нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттік тілді үйрену арқылы жас ұрпақ Қазақстан халқының мәдени, рухани және ұлттық құндылықтарын сіңіреді.
Кеште «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасының әр жылдардағы жеңімпаздары бірлесіп өнер көрсетті.
«Өнерлі өрге жүзер» номинациясы бойынша жеңімпаздар атанғандар: Нелли Югай (Ақтөбе қ.), Санжарбек Курбанов (Шымкент қ.), Лобар Ибадуллаева (Түркістан облысы), Роман Ильясов (Алматы облысы), Андрей Повчун (Ұлытау облысы), Диана Боровикова (Маңғыстау облысы), Дамир Таиржан (Алматы қ.), Даниял Курбанов (Жамбыл облысы), Ясмина Бливернец (Қарағанды облысы), Диана Ахмадуллина (Батыс Қазақстан облысы), Дарья Николаева (Қостанай облысы), Эвелина Титова (Ақмола облысы), Алиса Чистова (Павлодар облысы), Набиль Аль-деек (Атырау облысы), Ника Сироткина (Солтүстік Қазақстан облысы), Ульяна Федорович (Жетісу облысы), Ульяна Пятикова (Қызылорда облысы), Тимур Карпичко (Абай облысы).
Жалпы, «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2015 жылдан бастап жүзеге асырылуда. 2015-2024 жылдар аралығында жобаны іске асыру аясында барлығы 125 мың іс-шара ұйымдастырылып, оған түрлі этностар жастарының 3 млн. жуық өкілі қатысты. Жоба бағдарламасы халықаралық тәжірибені ескере отырып іске асырылады және қатысушыларға мәдени-тілдік ортаға толықтай дерлік қосылуға мүмкіндік береді.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ