Басты ақпаратРуханият

Ел боламыз ­десек, экранымызды ­түзетейік

28-30 қараша күндері елордада Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен көрнекті театр және кино режиссері, Қазақстанның халық әртісі, өнертану профессоры Талғат Теменовтің шығармашылығына арналған «Теменовтің суреткерлік әлемі» атты өнер күндері өтеді. Аталмыш іс-шара суреткердің 70 жас мерей то­йына орайлас­тырылды. Соның қарсаңында өнерде өзінің айшықты жолын салған айтары бар азаматпен кездесіп, кино және театр, бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер жайында сұхбаттастық.

Кино – идеология мінбері

 – Талғат аға, театр және ки­но өнерінде үлкен орныңыз бар. Осы салаларда қазір мәселе шаш етектен. Осыған қатысты әлеуметтік желілер арқылы көзқарасыңызды білдіріп, сұхбаттарыңызда да сын айтып жатасыз. Бірде «қазақ киносына реформа керек» деп айтып, «Кино туралы» заңдағы шикіліктерді атап өттіңіз. Сіздіңше, оның шешімі қандай?

– Біріншіден, «Кино туралы» заңды қабылдар алдында сол кездегі Мәдениет және спорт министрінің сауатсыз­дығынан, кино мәселесіне атүсті қарағандығынан заң дұрыс болмай шықты. Мәселен, қазір Қазақстандағы кинопрокат жекеменшік қолда. Ал прокат – киноны халыққа тарататын желі, көрерменге жеткізетін орын. Кинотеатрлардың барлығы жекеменшік болғандықтан, оларға қазақ киносын көрсету әлдеқайда тиімсіз. Олар Американың блокбастерлерін, Еуропаның киноларын көрсетуге мүдделі. Иелеріне идеология, ұлттық тәрбие, қазақтың әдет-ғұрпы, аңыз-ертегі, фольклор, халық ауыз әдебиеті маңызды емес, тек ақша керек. Ал кино тек қана көңіл көтеретін жер емес, бұл – идеология мінбері. Екіншіден, қазір қазақ киносының жағдайы мәз емес. Алматыдағы Кино үйі жекеменшік қолда, әбден тозған. Кезінде Шәкен Айманов салған, Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен бой көтерген «Қазақфильм» қаңырап тұр. Оның есігіне күзет қойы­лып, қазақ режиссерлерінің өзі еркін кіре алмайды. Мен осыны түсінбеймін. Директор болып келген адамдардың өзі кино түсіру процесін ұқпаған, ешқашан білмеген, бір кадр түсірмеген. Олардың әртүрлі жолмен келіп, қазақ киносын басқарып отырғанына таңғаласың. Мәселен, «Мосфильмде» Ресей халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кинорежиссер Карен Шахназаров отыр. Ол осы киностудияны 30 жылдай басқарып келе жатыр. «Мосфильм» бүгінде үлкен концернге, Мәскеу ішіндегі үлкен қалашыққа айналды. Осы тұрғыдан алақандай киностудияға сауатты адам таппағанымыз – үлкен сын. Кино өндірісін білетін, қазақтың режиссерлерін, қазақ өнерін тани алатын адамның келгені қандай жақсы болар еді! «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, «Қазақфильмді» білгір маман, білікті, кәсіби директордың басқарғаны дұрыс.

«Қазақфильмнен» басқа Мәдениет және ақпарат министр­лігінде кино бөлімін басқаратын адам, «Питчинг» сараптамалық кеңесі бар. Осы кеңестің ісі таңғалдырады. Басқасын былай қойғанда, танымал кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов Шыңғыс Айтматовтың «Ғасыр­дан да ұзақ күн» шығармасы желісімен түсірілген фильмді ұсынса, кеңестегілер «мынаның ­диалогы нашар ғой, мұны жазған кім?» деп айтатын көрінеді. Айтматовты танымайтын, ­Айтматовты оқымаған адамның ұлы жазушының шығармасына күмән келтіру – бұл нонсенс, күлкілі жағдай.

Өзім бір емес, екі киносценарий ұсындым: біріншісі – Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» шығармасы желісімен жазылған эпикалық туынды, екіншісі – қазақ киносы тарихында ешқашан түсірілмеген балалар мюзиклі. Сол екеуін де сараптамалық кеңес өткізбей тастады. Айтып отырған әңгімелерім тек менің қара басымның мәселесі емес, кез келген кинематографистің жандауысы, жанайқайы десек болады.

Қазақ киносын қалай да сақтау керек. Себебі кино – идеология, кино – тәрбие, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарды жеткізуші тетік. Ал кинодан хабары жоқ, сырттан «қаңғып келген шүрегейлердің» кино басқарғаны жақсылық емес. Бізге киноны басқаратын, бейнелеп айтқанда, шүрегейлер емес, қырандар мен бүркіттер керек. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп М.Әуезов айтпақшы, ел болайық десек, экранымызды түзеуіміз керек. Яғни идеологиялық дүниені кім көрінгеннің қолына бер­меуіміз қажет. Өйткені бұл жерде ұлттың мәселесі, руханият, мәдениет тұр.

Прокат мәселесін шұғыл шешу керек

– Балалар мюзиклін ұсындым, питчингтен өткізбей тастады деп айттыңыз. Бірақ бізде қазір балалар фильм­дері тапшы ғой. Кезінде өзіңіз балаларға арнап тамаша киноларды түсірдіңіз. Нағыз керек кезде балаларға арналған кинотуындыны өндіріске жібермеу қызық жағдай екен…

– «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Торро», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті» – бұлардың бәрі жасөспірімдер мен жастарға арналған фильмдер. Қызғаныш деген ала мысық болады. Балалар мюзиклін жібермегендер Т.Теменовті тоқтаттық деп мәз болуы мүмкін, бірақ сол әрекетімен өзінің ұрпағының руханияты мен мәдениетіне зиян келтіргені қаперіне кіріп отырған жоқ. Алдымызда тұрған қазіргі үлкен мақсат пен міндет – қазақ киносының 95 жыл бойы сақталған асыл қасиетін, дәстүрімізді бұзбай, ұлттық тәрбиемізді құрдымға кетірмей, бояуы өңбей тұрған кезде халыққа, көрерменге, келесі ұрпаққа, келесі буынға жеткізу.

– Қазіргі таңда көрерменге ұсынылып жатқан киноны көресіз бе? Бұл фильмдерге берер бағаңыз қандай?

– Бүгінгі киноның басым көпшілігі – комедия, ыржақай-­тыржақай, интеллектісі төмен, экраннан айтылатын диалогтар құлағыңа түрпідей тиетін бірдеңелер. Негізі, қазақ тілі – әлемдегі ең әдемі, ең сұлу тілдердің бірі. Оның әуезі, айтылуы, естілуі – қара сөздің поэтикалық варианты. Осы тұрғыдан келген кезде бүгінгі киноның тілі, жас көрермендерге көрсетіліп жатқаны тек ақша табу ғана емес, қып-қызыл зиян.

– «Қара қыз» аталатын жаңа фильміңізді ел қашан көреді? Бір сұхбатыңызда прокатқа кету керек деп айтқан едіңіз.

– Бұл фильмге бөлінген қар­жы өте аз болды. Өзімнің беделімді салуыма тура келді. Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл да көмектесті. Алматы облысының әкімдігі мен Маңғыстау облысы да қол ұшын берді. Мен сөйтіп жүргенде басқа, ел біле қоймайтын режиссерлер кімнен көмек сұрайды? Бұрын прокатқа қаржы бөлінетін. Қазір «Кино туралы» заңда бұл қарастырылмаған. Яғни осы күні режиссер кино түсіреді. Ал оны көрерменге жеткізу үшін кинопрокатшылар 20-30 миллион теңге сұрайды. «Қара қыздың» сөреде жатып қалғанына бір жыл толды. Алдында компьютерлік графикаға ақша жетпеген еді, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көмектесті. Ал жарнамаға о баста ақша салынбағандықтан, министр де қауқарсыз. Яғни кезінде заң дұрыс қабылданбаған. Сондықтан бұл мәселені кейінге қалдырмай, шұғыл арада шешу керек.

– Осының алдындағы «Біздің қаланың ханзадасы» атты фильміңіздің жарнамасы аздау болып, көрерменге дұрыс жетпеген секілді. Солай ма, аға?

– «Біздің қаланың ханзадасы» түсіріліп біткеннен кейін жалғыз ғана билборд «Қазақфильмнің» алдында тұрды. Ал сол кезде Қайрат Нұртастың киносы шықты да, 360 билборд ілінді. Міне, жарнаманың күші. Қазір прокат мәселесін реттеу керек. Оның сыртында жарнама, тизер деген болады. Осының бәрі ақшаны қажет етеді. Яғни киноны түсірумен іс аяқталмайды, содан соң оны көрерменге жеткізу мәселесі бар.

– Қазір мынандай үрдіс пайда болды: кейбір кинорежиссерлер кино түсіреді де, елге көрсетпей, бірден фестивальдерге ұсынады. Яғни «фестивальге арналған фильм» деген ұғым шықты. Өзіңіз «Қара қызды» фестивальдерге ұсынған жоқсыз ба?

– Жоқ, ұсынбадым.

– Жаңа туындыңыз елге жетсе екен деп отырсыз ғой…

– Бұрын кино түсіргенде прокатқа бас қатырмайтынбыз. Есімде, «Махаббат бекеті» шыққан кезде 250 кинотеатр сағат кешкі 7-де бір мезгілде 25 мамыр күні көрсетті. Сол 1993 жылы егемендігімізді енді алып, былайша айтқанда, халықтың ақшасы жоқ болған уақытта көрерменге жол тартты.

Театр – қазақ тілінің бесігі

– Енді театрға келейікші. Қалибек Қуанышбаев ­театры сіз көркемдік жетекші кезінде жаңа сәулеті келіскен ғимаратқа ие болды. Сөйтіп ұжым 30 жыл бойғы арманына қол жеткізді. Бұл істе сіздің еңбегіңіз зор деп білеміз. Жақында аталмыш театр маңайында Мұхтар Әуезовтің ескерткіші орнатылды. Сіз кезінде сол жерде театр қайраткерлері аллеясын жасаймыз деп айт­қансыз. Әрі қарай індетпедіңіз бе?

– Театр салынып жатқанда құрылыс алаңына айына екі рет барып тұрдым. Құрылысшыларға, Албаниядан келген азаматтарға шай беріп, қазы апарып, тезірек бітірсе екен деп қас-қабағына қарадым. Бірақ театрдың ашылу салтанатына және Мұхтар Әуезов ескерткішінің ашылуына шақырылмадым. Әрине, өкінішті. Алайда өмірде парадокс болып тұрады. Сондықтан осындай жағдайларға философиялық тұрғыдан қараймын. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дейді қазақ. Кейде қадіріңнің болмағанына өкінесің.

– Қазіргі қазақ театр өнеріне көзқарасыңыз қандай? Ілгерілеу бар ма?

– Театрда өсу бар. Карантиннің кезінде үйге қамалып қалған халық қазір театрға көп барады. Енді театрға толып келіп жатқан көрерменнен айырылмау керек. Ол үшін жақсы спектакльдер қажет. Ал оның үш-ақ құпиясы бар. Бұл – жақсы драматургия, талантты режиссура және дарынды әртіс­тер. Қашанда көрермен жақсы дүниеге құмар. Театр – қазақ тілінің бесігі. Сондықтан ана тілімізді ойласақ, ең алдымен, сахнадан айтылатын сөзді, сахнадан айтылатын ойды саф таза қалпында жеткізу керек. Бүгінгі міндет – інжу-маржандай тілімізді сақтап қалу және ұрпаққа жеткізу. Театрдың миссиясы – осы.

Кітап оқымайтын, TikTok көретін ұрпақ пайда болды. Бұл жағдайда адамның ойлау қабілеті төмендейді. Дүниедегі ең ұшқыр нәрсе – адамның қиялы. Қандай жасанды интеллект болмасын, адамның ойынан артық құдірет жоқ. Бүгінгі TikTok заманы адамды дара жолынан, даңғыл жолынан адастырып жатыр. Тура жолға түсіретін бірден-бір тетік – театр мен кино өнері.

Ертегі тыңдамаған баладан романтик шықпайды

– Бір сұхбатыңызда адамды сүю, адамды құрметтеу жетіспейді деп айттыңыз. Соның бәрі ұлт руханиятына дұрыс көңіл бөлінбегеннен деп ойлаймын. Сіздіңше қалай?

– Иә, руханияттың жүдеулігінен адамды сүю азайды. Ал адамды сүю, адамды құрметтеу – тіршіліктің мәні де, мағынасы да, өзегі де. Шыңғыс Айтматовтың «Ең қиын нәрсе – әр күніңді адамгершілікпен өткізу» деп айтқаны бар. Қазір адамгершілік азайған кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бүгінгі руханият майданындағы сарбаздар, мәдениет майданындағы жауынгерлер осы құндылықты сақтау керек. Кешегі Талғар трагедиясы мәдениеттің, тәрбиенің болмағанынан орын алды. Бұрын қазақта түрме болмаған. Ғасырлар бойы ұлттық тәрбиенің арқасында ұлт болып сақталдық. Тіліміз де, діліміз де, дініміз де бұзылмай келді. Қазақта «обал болады», «жаман болады», «ұят болады» деген үш сөз бар. Бұл – үлкен философиялық адами қағидалар. Бізге қазір кез келген салада үлкен құлшыныс керек. Өйткені Қазақ елі жаңа кезеңге аяқ басудың алдында тұр. Сондықтан жаңа тарих бетіне ұлттық құндылықтарымызды, жақсы қасиеттерімізді, ғылымымызды, мәдениетімізді, тарихымызды бұзбай шығару керек. Шашып-төкпей, болашақ ұрпаққа аман-есен жеткізу қажет.

– Ш.Айтматовты айтып отырсыз. Байқаймын, оны өте жақсы көресіз. Жалпы сізге қаламгерлерден, өнер иелерінен кімдер әсер етті?

– «Адамдар арасындағы бөлтірікті» түсіріп, Мәскеуден келген кезімде «Қазақфильмде» Әбіш Кекілбаев көкемізбен кездесіп қалдым. Бұл кісі мені қапсыра құшақтап, өзіне қатты қысып, «Жарайсың, айналайын!» деді. Бірнеше күннен кейін үйге телефон шалып, Бішкекке Шыңғыс Айтматовқа барып қайтуды ұсынды. Мені Айтматовқа апарып, таныстырды. Оның үйінде түн ортасына дейін отырдық. Ұлы тұлғаның шаңырағында болып, үйінен дәм татып, Әбіш көкем екеуінің әңгімесін тыңдағаныма өзімді бақытты санаймын. Кейін Шыңғыс Төреқұлұлымен бірнеше рет кездестім. Т.Жүргенов академиясында ректор болып тұрған кезімде оқуға қырғыз тобын қабылдадым. Оған сол кездегі Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Мұхтар Шаханов арқау болды. Сол уақыттағы Қырғызстанның Мәдениет министрі Чолпонбек Базарбаев тілекші болды. Сонда қырғыз студенттердің Шыңғыс Айтматовпен кездесуін өткіздім. Сондықтан ол кісіге деген құрметім, сүйіспеншілігім ерекше.

Жалпы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Тахауи Ахтанов, Әнуар Әлімжанов, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік, Мұхтар Мағауин – бұлардың барлығы қазақ әдебиетінің, қазақ руханиятының алтын қорына ұлы шығармаларын қос­ты. Өзімді осы қаламгерлердің шәкіртімін деп есептеймін, кейбіріне іні болдым. «Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз» деп Абай айтпақшы, оларға еліктедім. Бұл – өнердің құдіреті, әдебиеттің, поэзияның қасиеті.

Бала кезімде кітапқа құмар болдым. «Мың бір түннен» бастап, халық ауыз әдебиетімен, батырлар жырымен сусындадым. Ертегілерге елігіп өстім. Ертегі тыңдамаған баладан романтик шықпайды.

Сұхбаттасқан

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button