Басты ақпаратМәдениет

Ұлттық бидің феномені

Елорданың мәдени өміріндегі мерейлі өнер ұжымдарының бірі – «Наз» мемлекеттік би театры. Осыдан ширек ғасыр бұрын қалалық филармония жанынан 4 биші қыздан құрылған шағын ансамбль бүгінгі таңда Астананың мәдени-рухани дамуына зор үлес қосып жүрген үлкен өнер ордасына айналды.

Елордада Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрының 25 жылдық мерейтойына арналған бірқатар іс-шара өтті. Ұлттық музейде «Наз» мемлекеттік би театры – ұлттық бидің феномені» атты дөңгелек үстел отырысы өтіп, оның аясында «Наз» мемлекеттік би театры. 25 жылдық белес» кітабының тұсауы кесілді. Кітаппен аттас көрме ашылды. Ал Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында «Алдар көсе» хореографиялық спектаклі ұсынылды.

Дөңгелек үстел отырысы барысында еліміздің әр өңірінен келген хореография саласының мамандары «Наз» би театрының өсу жолы мен стратегиясын, қазақ биі өнеріне қосқан үлесін талқылады.

1999 жылы астаналық филармония жанынан 4 биші қыздан шағын ансамбль ретінде құрылған «Наз» театры бүгінде 130-дан аса қызметкері бар үлкен өнер ордасына айналды. Аталмыш театр елорданың мәдени-рухани дамуына зор үлес қосып, қаланың мәдениет кеңістігінде айрықша орын алды. Осы жылдар ішінде репертуарының сан алуандығымен көрерменін таңғалдырып, 200-ден астам би мен хореография­лық қойылымды тарту етті. Спектакльдерде классикалық балеттен бастап заманауи би бағыттарына дейінгі жанрлардың әралуандығын көруге болады. Театрдың хореографтары нәзік сезімді бейнелейтін көрініс­терден бастап тарихи-­драмалық шиеленіске толы кең ауқымды эмоцияларды жеткізе алатын хореографиялық спектакльдерді сахналады.

«Наз» мемлекеттік би театры. 25 жылдық белес» кітабының авторы – журналист, мәдениет саласының үздігі Толқын Сұлтан. Театр тарихы тарқатылатын еңбекте хореография саласы мамандарының театр жайлы ой-пікірлері және жалпы қазақ ұлттық би өнеріне деген пайымды ойлары баяндалады.

Ал театр туралы көрме «Фотосурет», «Премьералар мен концерттер», «Сахналық киімдер» атты 3 бөлімнен тұрады. Бұл көрмені 10 желтоқсанға дейін тамашалауға болады.

«Алдар көсе» хореография­лық спектаклі – театрдың XXV маусымдағы ірі жобаның бірі. Қойылым алдында сахнадан әртүрлі мекеме мен ұйымнан келіп жеткен құттықтаулар оқылып, марапаттар тапсырылды. Ұлттық ғылым академиясының академигі, TURKSOY халықаралық ұйымы бас хатшысының Қазақстан бойынша кеңесшісі, Ұлттық құрылтай мен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев TURKSOY медальдары мен құрмет грамоталарын бас хатшы Сұлтан Раевтың атынан тапсырып, құттықтау хатын оқып берді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Оңаева «Наз» театрының тарихына, өнерде алатын орнына тоқталып, министр Аида Балаеваның құттықтауын оқыды. Өнер ұжымын Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова құттықтады. Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов қала әкімі Жеңіс Қасымбектің жылы лебізін жеткізді.

– Құрметті «Наз» мемлекеттік би театрының ұжымы! Сіздерді 25 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! «Наз» мемлекеттік би театры – Қазақстандағы бірегей кәсіби театр, өнер жолында үлкен белестерді бағындырып, халқымыздың би өнерінде мол рухани азық беріп келе жатқан өнер ордасы. Сіздер ұлттық өнерімізді насихаттау арқылы еліміздің мәдени құндылықтарын сақтап, ұлттық мұрамызды байытып, көркемдік тұрғыдан дамытып келесіздер. Көпсалалы ұлттық өнеріміздің бір саласы – театр өнері. Еліміздің өркениеті мен мәдениетін би тілімен жеткізіп жүрген ұжымның алар орны ерекше. Сіздердің әрбір қадамдарыңыз би өнерін жаңа деңгейге көтеріп, ел руханиятын байыта түсуде. Сіздерге сарқылмас шығармашылық шабыт пен жаңа жетістік тілеймін! Театрдың келешегі жарқын болып, би өнеріндегі талантымен халқымыздың мақтанышына айнала беріңіздер! – делінген Астана әкімінің құттықтауында.

«Алдар көсе» хореографиялық спектаклі либреттосының авторы – Нұрлан Сегізбаев. Қоюшы балетмейстерлер – Уәлитбек Сиязбеков пен Әмина Самарбаева. Композиторы – Алмабек Мейірбеков. Қойылым «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен ұсынылды. Музыканы өңдеген әрі дирижерлік еткен – осы оркестрдің көркемдік жетекшісі Қасым Айтбаев. Алдар көсе бейнесін Санат Қалимбетов сомдады.

Спектакльде Алдар көсенің бастан кешкен оқиғалары, сараң байдың қулығы мен жамандығы әшкере болады. Ғашықтар оқиғасы да қамтылған. Көрермен Елентаймен, Айсұлумен бірге қуанып, бірге мұңаяды.

– Театрдың басты ұстанымының бірі қазақ фольклоры мен этнографиясын насихаттау болса, қойылымда қазақтың тұрмыс-салт жырлары, дәстүрлері де көрініс табады. Жалпы «Наз» мемлекеттік би театры соңғы жылдары қазақ хореографиясында ерекше орын ала отырып, тек танымалдыққа ғана қол жеткізбей, сонымен қатар көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленді. Театр шығармашылығы тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де танылды. Осы уақыт ішінде театр хореографтары өз қойылымдарында романтикалық нәзіктік пен драмалық шиеленістен бастап, кең ауқымды эмоциялар мен терең сезімдерге дейінгі түрлі оқиғаны көрсетуге жетті. Театр бірнеше буын хореографтар мен орындаушыларды тәрбие­леп, олардың еңбегі арқылы театрдың даңқты дәстүрлерін жалғастырып келеді. Театрдың жетістігі мен құпиясы да, бәлкім, осы адалдық пен шеберлікте жатқан шығар, – дейді «Наз» мемлекеттік би театрының директоры Ерке­бұлан Ағымбаев.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button