Әлеумет

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі

Бүгінде елордада шамамен 244 мың шағын және орта бизнес субъектілері нәтижелі жұмыс істеп, жарты миллионнан астам адамды немесе бас қаладағы экономикалық белсенді азаматтардың 70%-ын жұмыспен қамтып отыр. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталовтың кәсіпкерлермен кездесуінде айтылды. 

Елорда – түрлі шаруашылық өкілдерінің басын қосып, кәсіпкерлікті өркендету арқылы дамуға ден қойған қала. Сондықтан кәсіпкерлер әркез көш ілгері жүріп, үнемі дамуға назар аударғаны жөн. Мұны мәлімдеген қала әкімі Жеңіс Қасымбек экономикалық әлеуеттің өсуі, қала тұрғындары әл-ауқатының артуы, астананың заманауи келбеті мен имиджі кәсіпкерліктің іскерлік белсенділігіне тікелей байланысты екендігін атап өтті. Сондай-ақ ол елорданың басты экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.

«Қазіргі таңда инвестициялар көлемі 1,4 трлн теңгені құрайды, оның ішінде жеке инвестициялар үлесі 70%-дан (999 млрд теңге) асса, шетелдік инвестициялардың үлесіне 315 млн АҚШ доллары (150 млрд теңге) тиесілі. Жергілікті бағдарлама аясында кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген несиелендіруге 1 млрд теңге бөлінді. Қалада №1 Индустриалды парк өнімді жұмыс істейді, ол елдегі өндіріс көлемі бойынша көшбасшы орталықтың бірі саналады. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтарда 317 млрд теңге инвестиция сомасына барлығы 118 жоба жүзеге асуда. Соның 58-і бүгінгі таңда іске қосылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешу мәселесі назарға алынған. Елорда әлеу­меттік кәсіпкерлер саны бойынша көшбасшы орында тұр, республиканың 803 субъектісінің 184-і Астанада, бұл жалпы санның 23%-ын құрайды» деді Ж.Қасымбек.

Ұлттық палата басшысы Райымбек Баталовтың сөзінше, елордада кәсіпкерлік қарқынды даму үстінде. Ол жиын барысында қатысушыларға шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау шараларының кешенін ұсынды. «Атамекен» палатасы бизнесті субсидиялауды, несиелендіруді және кепілдендіруді күшейтуге, сондай-ақ банк мекемелері мен офтейк-келісімшарттар арқылы қаржыландырудың жаңа тетіктерін құруға басымдық бермек. Қазақстандық өнімдерді ілгерілету үшін «Бәйтерек» монументі және «EXPO» халық­аралық көрме орталығы сияқты қаланың туристік орындарында отандық өндірушілер үшін ортақ алаң құру ұсынысы сөз болды.

«Кәсіпкерлер үшін электронды сервистерде бірізділіктің сақталмауы қолайсыздықтар туғызады. Осыған байланысты бизнес үшін бірыңғай egovbusiness.kz порталын құру ұсынылады, осылайша кәсіпкерлер үшін барлық негізгі функциялар бір жүйе­де қолжетімді болады. Портал сонымен қатар өңірлер мен салалар бойынша экономикалық жағдайды тиімді бақылауға мүмкіндік беретін дашбордтар арқылы деректерге мониторинг жүргізу және талдау мүмкіндігін қамтиды» деді Р.Баталов.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алин 2024 жылы бизнесті қолдау бойынша жүзеге асқан жұмыстарды атап өтті. Былтырғы кездесуден бастап экономиканың әртүрлі салаларына қатысты 50 сұрақ өз шешімін тапты.

«Ашық микрофон» форматында өткен кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Олардың қатарында келер жылы Бұқар жырау көшесін толықтай көгалдандырып, жарықтандыратыны сөз болды. Сондай-ақ «Ақылды қала» бейнесін қалыптастырудағы «Smart City» жобасы аясында қалада бейнекамералардың функциясына өзгеріс­тер енгізу, ақылы автотұрақтарға қатысты түйткілдерді шешу, қаланы бірыңғай дизайн-кодқа сәйкестіндіру мәселелері айтылды.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button