Денсаулық

Оңалтудың орны бөлек

Астана қаласындағы №4 қалалық емхананың жанындағы медициналық оңалту және қалпына келтіру бөлімшесі 2019 жылдан бастап жұмыс істейді. Бөлімшенің басты мақсаты – науқастың физикалық, психологиялық, эмоционалдық жағдайын және әлеуметтік өмір сүру сапасын арттыру.

Бөлімшедегі оңды істер

Емханадағы оңалту бөлімшесі елордалық тұрғындар үшін оңалту және қалпына келтіру емінің қолжетімділігін, нау­қастардың өмір сүру сапасын жақсартуға, мүгедектікті азайтып, адамдардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін ұзартып, созылмалы аурулар­дың алдын алуға бағытталған.

– Науқастар мен мүгедектердің бұзылған немесе жоғалған дене функцияларын сақтауға, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған осы қызметтерге денсау­лық жағдайы бойынша мұқтаж барлық жастағы нау­қастарға оңалту және қалпына келтіру қызметтерін көрсетеміз, – дейді бөлімше меңгерушісі Елена Сорокина.

Оңалту шаралары ауадай қажет

Жалпы, оңалтудың негізгі қағидаттары бойынша ерте бастан ем бастап, оның кезеңділігін сақтап, үздіксіз жүргізілуі өте маңызды. Науқасқа емдеуден кейін және операция­дан соң немесе созылмалы аурудың алдын алу үшін міндетті түрде екі-үш айдың көлемінде оңалту шаралары керек.

Қалпына келтіру ем-домы және медициналық оңалту – емханаға тіркелген тұрғындар үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша амбулаториялық-емханалық бөлімшеде жүзеге асырылады.

Медициналық оңалту бөлімшесі пациенттерді – ересектер мен балаларды жоғалған функцияларын қалпына келтіруге бағытталған қазіргі заманғы әдістерінің барлығымен кешенді түрде қамтамасыз етеді. Оның ішінде жүрек-қан тамырлары қызметі, қозғалыс функциялары, жүрек және ми қан тамырлары ауруларының, жарақаттардың, тірек-қимыл аппараты ауруларының, жүйке жүйесі мен тыныс алу органдарының аурулары салдарынан бұзылған нау­қастар бар.

– Әсіресе, отадан кейін нау­қастарға, мүгедектерге, әртүрлі патологиялары бар балаларға ерекше назар аударылады. Пациенттер алғашқы медициналық әлеуметтік көмек деңгейінде оңалтудың 3 кезеңінен өтеді. Бөлімшеде пациенттерді қалпына келтірудің өзіндік бірегей әдістері әзірленді. COVID-19 кезеңінде бөлімше емхананың пациенттеріне қашықтықтан көмек көрсетіп, оларға тыныс алу гимнастикасының әртүрлі әдістерін үйретіп, тыныс алу гимнастикасы бойынша пайдалы бейнероликтер жасады, сондай-ақ «Астана» телеарнасында осы тақырыпта бірнеше рет кеңестер айтып, тұрғындарды қауіпті жағдайлардан сақтандыр­ды, – дейді Елена Федоровна.

Ақ халаттыларға алғыс

Біз барғанда емделушілер дәрігерлерге алғыстарын айтып, оңалту бөлімшесінде барлық жағдай жасалғанын жеткізді.

– Мен №7 учаскенің терапевті Наргиз Худайбергеноваға, медбике Баян Елеуоваға, Оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Елена Сорокинаға, дәрігер Кирил Пылывқа, ЛФК конструкторы Ирина Оларьға айрықша алғысымды айтқым келеді. Олар менің ауруымнан айығып, аяғымды нық басуыма жәрдемдесті, былайша айтқанда, өмірге қайта әкелді! Сіздерге зор денсау­лық, жұмыста табыс пен төзім тілеймін. Осындай жоғары білікті дәрігерлер, медициналық қызметкерлер сыйақыға, жоғары ынталандыруға лайықты деп есептеймін, – деген қала тұрғыны Гүлбағиса Нұрғазина шын жүректен шыққан алғысын осылайша айтты.

Оңалту бөлімшесінің материалдық базасы жақсы. Онда орналасқан кинезотерапия залы, физиотерапия, логопед кабинеті және балалармен жеке сабақтарға арналған кабинет, гимнастикаға арналған, тренажер залдары, балалар мен ересектерге арналған жеке сабақтар өткізілетін кабинеттер, эрготерапия сабақтарына арналған кабинет, физиотерапия (жарықпен емдеу және электрмен емдеу) кабинеттері, балалар мен ересектерге арналған массаж бөлмелері, оңалту дәрігерінің кабинеттері, логопед кабинеттері бар.

Барлық кабинеттер қажетті құрал-жабдықпен, медициналық аппараттармен жабдықталған. Бөлмелер санитариялық-эпидемиологиялық барлық талаптарға сай.

Елена Сорокинаның айтуынша, бөлімшеде жоғары санатты реабилитолог-оңалту дәрігерлері, ЕДШ нұсқаушылары, массаж жасайтын мамандар, физио­терапия кабинеттерінің медбикелері, логопед жұмыс істейді.

Білікті маман бәріне үлгереді

– Біздің бөлімшенің ерекшелігі – әр медициналық қыз­меткер өз кәсібіне адал, әр пациент­ке деген зор ықыласпен қарайтын, олардың денсаулығын қайта қалпына келтіруге және қалыпты өмірге, жұмысқа оралуына мүдделі, жоғары жауап­кершілігі бар адамдардан құралған білікті ұжым. Қызметкерлердің кәсібилігі оңалтудың барлық кезеңдерінде пациенттердің сапалы және тиімді оңалтуына мүмкіндік береді. Оңалту бірнеше бағыттар бойынша жүргізіледі: неврология, травматология, кардиология, Пульмонология, ревматология, ортопедия, терапия, эндокринология және тағы басқа кабинеттерде науқастардың денсаулығын толық қалпына келтіру және аурудан асқынулардың алдын алу үшін емдік гимнастиканың заманауи әдістері қолданылады, – дейді бөлімше меңгерушісі ­Елена Федоровна.

Бөлімше меңгерушісі ­Елена Сорокина – жоғары білімді, білікті маман. 1989 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтын бітірген соң өзінің еңбек жолын 1990 жылы қаладағы №2 емханада учаскелік терапевт болып бастады. 2008 жылдан №4 қалалық емханада дәрігер, 2019 жылдан бері Медициналық оңалту бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. Жоғары біліктілік санаты бар. Ол – өз жұмысына сүйіспеншілікпен, бастамашылықпен, оңалтудың инновациялық әдістерін қолдана отырып, жақсы нәтижелерге және белгіленген мақсаттарға сапалы және уақытында қол жеткізіп жүрген кәсіби маман. Бөлімшедегі мамандардан да соны талап етеді.

Елена Федоровна сондай-ақ түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, өзін дамытуды ешқашан тоқтатқан емес. Ол елордада өтіп жатқан түрлі конференциялар, семинарлар жұмысына, клиникалық хаттамаларды әзірлеуге белсенді қатысады, өзін-өзі тәрбиелеумен айналысады. Үнемі біліктілігін арттырудан жалыққан емес. Алған білімін практикалық қыз­метте сауатты қолданады. Медициналық университеттің жанындағы реабилитология және спорттық медицина кафедрасының 2019 жылдан бастап реабилитолог резиденттеріне тәлімгер ретінде бар білгенін үйретеді. Салауатты өмір салтын белсенді насихаттайды, спорттық іс-шараларға қатысады. Елена Федоровна денсаулық сақтаудың жетістіктеріне, қалыптасуы мен дамуына үлкен жеке үлес қосты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық наградаларымен: «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігіне» төсбелгісімен, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

P.S: «Дені саудың – жаны сау». Мыңдаған тұрғын тіркелген №4 емханада осындай білімді, білікті мамандар жұмыс істейді. Олардың әр күні қарбаласқа толы, таң атқаннан күн батқанға дейін науқастарды емдеуге, оларға күш-жігер беруге тырысады. Олардан алғыс алғанда бар шаршағанын ұмытады, көрген қиындықтар ұмытылады. Адамдарға жасалатын игілікті іс осылай жалғасады.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button