Тұрғындарды толғандырған түйін
Жуырда Астана қаласы мәслихатының тұрақты комиссияларының отырыстарында депутаттар қаланың бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері мен басқарма басшыларын тыңдады. Елорда аудандарының әкімдері бюджеттік өтінімдерді іске асыруға қажетті келер жылға жоспарланған қаражат шығыны жайлы баяндады.
Отырыста қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Смайылов өзінің сайлау округі тұрғындарын толғандыратын бірнеше мәселені көтерді.
«Н.Тілендиев-Ш.Бейсекова көшесінің қиылысында жолайрық салу бойынша жобаны іске асыру мәселесі алаңдатып отыр. Бұған дейін 5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді және қыркүйек айында Ресейден металл конструкциялары келгеннен кейін жұмыс жалғасады деп уәде етілген еді. Қазір қарашаның ортасы, ал мәселе сол қалпы шешілген жоқ. Мұндай жағдайда біз бұл бюджетті қашан игермекпіз?» деді депутат.
Оның айтуынша, №41 мектепке қосымша құрылыс салу бойынша бюджетті игеру мәселесі де өте өзекті болып тұр. Биыл бюджеттен бөлінген 350 млн теңге толық көлемде игерілуі қажет. Бұл үшін жөндеу жұмысын жеделдету қажет.
Сонымен қатар депутат «Орман отырғызу учаскесі» тұрғын алабындағы көшелерге газ тарту мәселесін көтерді. Оған Астана қаласы Энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Көпешов келесі жылы жобаны іске қосып, барлық қажетті есептерді жүргізіп, қаржыландыруға өтінім беретінін айтты.
Сондай-ақ депутат Ш.Қосшығұлұлы көшесі, 19/4 мекенжайында орналасқан үй тұрғындарының өтінішін де жеткізді.
«Бұл маңда 1 гектар бос жер бар. Ал Бас жоспарға сәйкес ол жерде балабақша салу жоспарланған. Бірақ көпшілік дауыспен үй тұрғындары балалар мен спорт алаңдары, балалар мен ересектерге арналған демалыс орындары бар қоғамдық кеңістік салуды сұрайды. Осыған байланысты аталмыш мәселені қарастыруды және келесі жылға арналған бюджеттен қаражат бөлуді өтінемін» деді Бауыржан Смайылов.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ