Астанада «Студенттік өзін-өзі басқару» жобасы іске қосылды
Астанада «Студенттік өзін-өзі басқару» жобасы аясында баскетбол және үстел теннисінен турнирлер өткізіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Студенттік өзін-өзі басқару» жобасын елорданың Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Астана жастары» ЖРО ұйымдастырды.
Ол студенттердің бастамаларын қолдауға және елорда студенттері арасында спорттық, шығармашылық және көшбасшылық қасиеттерді көрсету үшін белсенді платформа құруға бағытталған. Ұйымдастырушылар қаланың университеттерімен ынтымақтасады және жобаның шығармашылық және спорттық іс-шараларына қатысу үшін шақыру хаттарын жібереді.
Студенттер арасында баскетбол, үстел теннисі, волейбол және футбол түрлерінен спорттық турнирлер өтеді.
«Мен бұл жобаны барлық студент үшін барынша пайдалы деп санаймын, өйткені университеттерде спорттық жарыстар жеткіліксіз. Студенттер арасында спортпен белсенді айналысатындар көп, біз үшін бұл жоба салауатты өмір салтын ұстанудың мүмкіндігі болып саналады», – деп атап өтті ҚазАТУ-дың 2-курс студенті Иманғали Өкей.
Сонымен, студенттер арасында баскетбол және үстел теннисінен екі спорттық турнир өтті. Оларға Esil University, ЕҰУ, ҚазАТУ, AITU және қаланың басқа да жоғары оқу орындарынан 70 студент қатысты.
Айта кету керек, жоба елорда студенттерінің шығармашылық хоббиі мен қолдауына ерекше мән береді. Олар үшін төрт номинация бойынша конкурстар өтеді: вокалдық өнер, халық биі, заманауи би және музыкалық аспаптарда ойнау.
«Әр номинацияға 50-ден 80-ге дейін адам қатысады. Қатысушылардың көпшілігі – өз университеттерінің жастар комитеттерінің белсенділері. Жобаның соңында біз барлық қатысушыны біріктіріп, үлкен іс-шара ұйымдастырамыз», – деп атап өтті елорда әкімдігінің «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының маманы Олжас Амангелді.
Жобаның соңғы күнінде арнайы концерт өтіп, қатысушылар марапатталды.