Білім

Елордада ашылған тұңғыш қазақ мектебіне 25 жыл толды

Тәуелсіздік алған жылдардан кейін Астанамыз бой көтеріп талай тарихи сәттерге қол жеткіздік. Бас қаламыз Астана атанғаннан күннен бастап жаңа қаланың дамуы басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып жатыр. Осы аптада елордада ашылған тұңғыш қазақ мектебі Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейі 25 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Астанадағы қазақ мектептерінің көшін бастаған оқу орны тарихтан өзіндік орнын алды. Мектеп-лицейдің алғашқы директоры Жамал Қасымбектің көшбасшылығымен 3 жыл қатарынан, 2006, 2007, 2008 жылдары Астана қаласындағы «Үздік мектеп» номинациясын жеңіп алып, 2011 жылы «Көшбасшы мектеп», 2012 жылы «Үздік мектеп» номинациясын иеленген еді. 2013 жылы Лондондағы Халықаралық BID сапа бойынша конвенция №38 мектепті кемелдіктің бұлжымас сапасының беріктігі үшін «Алтын тәж» IQC жүлдесімен марапатаған мектеп ретінде тарихта өзіндік орны бар.

Мектептің ширек ғасырлық мерейтойы барысында «Мектебіме ширек ғасыр» естеліктер кітабының тұсаукесері өткізілді. Мектепішілік «Әлімхан Ермеков» медалі осы мектепте еңбек жолын жас маман болып бастап, 15 жылдан астам үзіліссіз еңбек етіп жүрген ұстаздарға табысталды.

№38 мектеп-лицейдің 25 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-танымдық конференцияда Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы, Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ, әлімхантанушы ғалым Қанат Өскембаев, ЕҰУ экономикалық география кафедрасының аға оқытушысы Кайрат Сағынов, Пенсильвания университетінің ғылыми қызметкері, мектеп түлегі Айнұр Қадырбаева, мектептен шыққан 20 басшының атынан сөйлеген Сәуле Әзімханова осы №38 мектебінің Астананың білім тарихындағы көшбасшылық бейнесі мен тағылымдық тәжірибелеріне кең тоқталып талдады.

Конференция соңы мектеп көркемөнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасып, айтыскер ақын Нартау Тілеуқұл толғау арнаса, эстрада жұлдызы Гүлнұр Оразымбетова мен жас әнші Әйгерім Тілеубек әннен шашу шашты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button