Улы газға қарсы датчиктер орнатылды
Астанада профилактикалық аралау іс-шарасы өтті, оның аясында Астана және Ақмола облысы ТЖД, қалалық әкімдік қызметкерлері, полиция және еріктілер тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін кезекті рет түсіндірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара барысында мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, жадынамалар таратып, пеш пен газ жабдықтарын қарап, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерінде көміртегі тотығы датчиктерін орнатты.
«Жыл басынан бері елордада 635 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 255-і жеке тұрғын үй секторларында болды. Сондықтан жеке үйлердің өрт қауіпсіздігі ерекше бақылауда. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жыл сайынғы жоспар құрып, алдын алу шараларын жүзеге асыруда. Бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарымен, оның ішінде жатақханаларда және жеке тұрғын үй секторларында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Астана әкімдігінің қолдауымен оларға арнап көміртегі тотығы датчиктері сатып алынды. Оларды біз қаланы аралау барысында орнатып жатырмыз. Астанада барлығы 1500-ден астам әлеуметтік осал отбасы тұрады. Айта кетейік, жыл басынан бері олар профилактикалық іс-шаралармен толық қамтылды, ал қазіргі уақытта біз қайта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – дейді Астана ТЖД бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев.
Жылыту кезеңінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында профилактикалық іс-шараға қатысушылар бір күнде 1 527 жеке сектордағы үйді аралап шықты, онда өрт қауіпсіздігі ережелерін 2,5 мыңнан астам бұзушылық анықталды.
Сондай-ақ, аралау барысында халықтың әлеуметтік осал топтарынан 149 отбасын қамтыды. 27 көміртегі тотығы датчигі орнатылды, ал 47 отбасында бұрын орнатылған датчиктер тексеріліп, батареялар ауыстырылды.
Іс-шара соңында құтқарушылар азаматтар арасындағы қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттыру арқылы өрт қаупін азайту және адамдардың өмірін сақтап қалуға болатынын атап өтті.