МӘМС: Нейрохирургиялық операциялар қолжетімді
Биыл Астана қаласы бойынша жоғары технологиялық медициналық көмектің қаржыландыру көлемі 33,6 миллиард теңгені құраған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметіне сүйенсек, өткен 10 айда 7 мыңға жуық операцияға жалпы сомасы 23 миллиард теңге жұмсалған екен. Оның ішінде нейрохирургиялық көмек көрсету бағыты бойынша 4 миллиард теңгеден астам қаржыға 1 016 операция жасалды. Бұл туралы Ұлттық нейрохирургия орталығында журналистерге арналған пресс-тур барысында белгілі болды.
1 жастағы сәбидің еміне – 6,3 миллион теңге
Елордада нейрохирургиялық бағыттағы операциялар 5 медициналық ұйымда жасалады. Олардың қатарында Ұлттық нейрохирургия орталығы, Ұлттық ғылыми медициналық орталық, №2 қалалық көпбейінді аурухана, Президент істері басқармасының медициналық орталығы және қала әкімдігіне қарасты аурухана бар. Жоғары технологиялық операциялардың құны 296,8 мың теңгеден 81,6 миллион теңгеге дейін барады.
«Ал нейрохирургиялық бағыттағы операциялардың құны 1,4 миллион теңге мен 9,7 миллион теңге аралығын құрайды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ең қымбат операция – «Интракраниальды нейростимулятордың электродтарын имплантациялау немесе ауыстыру». Бұл паркинсон ауруы, спастикалық қисаю, эссенциалды тремор және тағы басқа аурулар үшін жасалады» дейді Әлеуметтік сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Зарина Кедібаева. Оның айтуынша, операциялар туралы айтқанда, дайындық кезеңдері мен операциядан кейінгі кезеңді де ескеру керек. Өйткені науқастың шығындарын МӘМС толығымен төлейді.
Мәселен, ең қымбат операцияға дайындық үшін зерттеулердің өзіне 50 мың теңге кетеді. Одан кейінгі операцияның құны – 9,7 млн теңге. Оңалту үшін орташа есеппен 460 мың теңге жұмсалады. Егер науқас өзі төлейтін болса, бұл шығындар шамамен 10 миллион теңгені құрар еді. Әрине, екінің бірінің қалтасы көтере бермейтін қаржы.
«Ал МӘМС жүйесіне қатысушы науқас үшін ешқандай қаржылық шығын болмайды. Ол тек ай сайынғы ең аз жарналарды төлеу арқылы жүйеге қатыса алады. Мысалы, өз бетінше төлеуші, яғни ресми жұмыс істемейтін адам үшін биылғы жылдың ай сайынғы жарнасы 4250 теңгені құрайды. Жылына – 51 мың теңге. Бұл кез келген науқас үшін қаржылық тұрғыдан өте тиімді» дейді Зарина Кедібаева.
Бүгінде қор аналитикалық орталығын іске қосқан. Мұнда барлық аймақтар бойынша көрсетілген медициналық көмек туралы деректер жинақталады.
Мәселен, көмек алған ең егде жастағы науқас – 85 жаста. Паркинсон ауруымен ауыратын оған құны 1,9 миллион теңгенің операциясы жасалған. Ең жас науқас – 1 жастағы сәби. «Ми қан тамырларының артериовенозды ақауы» диагнозымен емделген сәбиге жасалған операцияның құны – 6,3 миллион теңге.
«Бұл айтылған әрбір санның артында науқастардың өмірі мен біздің хирургтарымыздың өлшеусіз еңбегі тұр. Оларға үлкен алғысымды білдіргім келеді» деп қорытындылады Әлеуметтік сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Зарина Кедібаева.
Жылына – 5 мың ота
Одан кейін Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасының орынбасары Асылбек Қалиев нейрохирургиялық көмек көрсетудің ерекшеліктері туралы кеңірек айтып береді.
«Ұлттық нейрохирургия орталығында жыл сайын 5 мыңнан астам операция жасалады, оның 90%-ына жоғары технологиялық медициналық қызметтер қолданылады. Соңғы 16 жыл ішінде біздің орталықта 70 мыңнан астам науқас емделіп, 49 мыңнан астам операция жасалды» дейді нейрохирург.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жоғары технологиялық нейрохирургиялық емдеу барлық қазақстандықтарға қолжетімді. Ұлттық нейрохирургия орталығына квота негізінде, МӘМС арқылы келу үшін науқас алдымен өзінің емханасына бару керек. Емхана науқастың зерттеу нәтижелері мен анализдері көрсетіліген құжаттарды дайындайды. Консультативтік қорытынды жасалғаннан кейін, соның негізінде науқасты жатқызуға порталға жібереді. Ал Ұлттық нейрохирургия орталығы мұны растайды.
«Жалпы, науқастарды жатқызу мерзімі аурудың ауырлығына байланысты. Жоспарлы операцияны науқас 1-3 ай ішінде күтуі мүмкін. Кейбір шұғыл жағдайларда, операцияның уақыты тезірек белгіленеді. Қазіргі таңда көп жағдайда госпитализация күні портал арқылы автоматты түрде белгіленеді. Сонымен қатар, науқастар үйден шықпай-ақ орталық мамандарымен онлайн консультация ала алады. Ол үшін neuroportal@mail.ru электронды поштасына МРТ/КТ суреттерін, егер бар болса аурухана жазбаларын және денсаулық жағдайын сипаттап жіберу қажет» дейді Асылбек Қалиев.
Ұлттық нейрохирургия орталық ашылмай тұрғанда нейрохирургиялық патологиялары бар, жоғары технологиялық емдеуді қажет ететін науқастардың 80%-ы шетелде емделуге мәжбүр болатын. Қазір бұл ем барлық қазақстандықтарға қолжетімді.
Өз сөзінде танымал нейрохирург Асылбек Бақтыбекұлы, аурудың алғашқы белгілеріне назар аударуды ұсынды. Мысалы, ми ісіктерінің белгілері әдетте қатты бас ауруы, құсу, бас айналу, көздің көру қабілетінің күрт төмендеуі, аяқ-қолда күштің азаюымен байқалады. Мұндай жағдайда науқас невролог немесе нейрохирургқа қаралуы керек екен.
Р.S: 2021 жылы орталықта әлемде кеңінен қолданылатын стереотаксикалық радиохирургия кешені – Гамма-нож іске қосылды. Мамандардың айтуынша, бұл аппарат Орталық Азияда тек біздің елде ғана бар. Гамма-нож – ми ісіктерін, тамырлық және функционалдық ауруларды радиациямен емдеуге арналған радиохирургиялық құрылғы. Ол 192 кобальт-60 көзінен шығатын радиациямен 0,15 мм дәлдікпен әсер етеді. Қазіргі таңда Гамма-нож аппаратымен 1700-ден астам операция жасалған.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ