Uncategorized

16 күн: зорлық-зомбылыққа қарсы акция

Елордада 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» атты халықаралық акция өтеді. 25 қараша Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күніне орай кеше акцияның басталған күнінде Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында арнайы брифинг өтті.

Брифингке Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан, Астана қаласы полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова қатысты.

Н.Мақжанның айтуынша, мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдығы – табысты жүріп жатқан отбасы саясаты. Осы ретте аталған комиссия әйелдер құқығы мен мүмкіндіктерін қорғауға, отбасы-демография саясатын нығайту мәселелерін толық қамтуға ықпал етеді. Ал екінші спикер Г.Шрахметова бүгінгі таңда тұрмыстағы қылмыс­тардың алдын алу ішкі істер органдарының негізгі міндеттерінің бірі екенін жеткізді. Полиция ПИК өкілдері мен тұрғындарды тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілерінің жолын кесуге көбірек тартады. Учаскелік инспекторлардың отбасындағы жанжалдар бойынша қайта шақыруларды болдырмауға бағытталған жұмысы күшейді.

– Тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбы өзекті. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, соңғы 3 жыл ішінде отбасы-тұрмыс қылмысы деңгейі артуда. Сонымен қатар тұрмыс­тағы кикілжіңдердің басты себебі маскүнемдік болып отыр. Біз бұл тұрғыда алдын алу шараларын қабылдап жатырмыз. Профилактиканы күшейту үшін тұрғылықты жеріне барудан басқа әлеуметтік мессенджерлердің бейне­қоңырауы арқылы тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды қашықтан тексеру жүйесі енгізілген, – деді өз сөзінде Г.Шрахметова.

16 күндік акция аясында «Үміт» дағдарыс орталығында және басқа да орталықтарда ашық есік күндері өтіп, осы мекемелерді комиссия мүшелері аралайды. Сонымен қатар «Әкенің отбасындағы рөлі» тақырыбында, «Жанұя» отбасын қолдау орталығында өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға семинар-тренинг, колледждерде «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ» дәрісі, студенттер арасында пікірталас турнирі ұйымдастырылады. Теміржол вокзалдарында акция туралы буклеттер таратылып, «Зорлық-зомбылықты анықтау алғышарты бойынша жұмыстарды ұйымдастыру» қалалық семинары және басқа да көптеген іс-шара өтеді.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button