Ел тынысы

Қытайдан Қазақстанға келушілер саны 50% артты

Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының қорытындысына арналған халықаралық форум екі елдің туризм саласындағы 300-ден астам өкілінің басын қосты. Форум аясында пленарлық сессия, «Қазақстан мен Қытай арасындағы туризмді дамыту динамикасы» және «Ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары» атты екі панельдік сессия, екі мемлекеттің туроператорлары мен туристік бизнес өкілдерінің B2B кездесулері өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында ҚХР қалаларында 30-дан астам ірі іс-шара ұйымдастырылып, 200-ден астам келісімге қол қойылды. Іскерлік және мәдени миссиялар екі ел арасындағы туристік және мәдени алмасуды дамытуға, Қазақстанның тартымды туристік бағыт ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етті.

«Биылғы жыл Қазақстан мен Қытайдың туризм саласындағы өзара іс-әрекетінің айтарлықтай кеңеюімен ерекшеленді. Біздің елдеріміз арасындағы туристік ағын айтарлықтай артты. Бұл біздің тату көрші екендігімізді, өзара түсіністік пен мәдени алмасуға деген ортақ ұмтылысымызды көрсетеді», – деді ҚР туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.

Шекара қызметінің деректеріне сәйкес, отандастарымыздың Қытайға сапары – 31%, ал Қытайдан Қазақстанға келген меймандар қатары 50% өсті. 2024 жылдың 10 айында елімізге Қытайдан 550 мың адам келген. Былтыр бұл көрсеткіш 367 мың адамды құраған еді. Аталған көрсеткіш елдерімізге деген қызығушылықтың артқанын, Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында жүзеге асырылған жобалардың нәтиже бергенін көрсетеді.

Биыл Бейжің, Сиань, Шанхай, Гонконг, Үрімші қалаларында Қазақстанның қалалары мен облыстарының туризм күндері өтіп, біздің ел 4 туристік көрмеде (COTTM, ITB China, ITE Hong Kong, Қытай медициналық туризм жәрмеңкесі) ұсынылды. Шаньдун және Хэбэй провинцияларында екі үлкен концерт өтті. Тяньцзинь қаласында «Алтын адам» және «Ұлы дала» көрмелерінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің коллекцияларынан экспонаттар көрсетілді.

Сондай-ақ биыл мәдени-ақпараттық іс-шаралармен қатар ауқымды жобалар да ұйымдастырылды. Мәселен, «Жібек жолы» автокеруеніне, Peking-Paris Motor Challenge раллиіне, Жібек жолы бойынша мототурға 500 жуық адам қатысты.

Қытайдың ірі медиа корпорациялары еліміздің туристік әлеуетін белсенді түрде танытты. Қазақстанның ҚХР-дағы туризм жылының жалпы медиа нәтижесі 1,8 млрд қаралымға жетті. Әлеуметтік желілерде еліміз туралы жарияланымдардың қамтылу деңгейі 160 млн пайдаланушыны құрады.

Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы саяхатшылар үшін жаңа көкжиектер ашып, туризм индустриясы өкілдеріне серіктестікті кеңейтуге жол ашты.

Бүгінгі форум атқарылған жұмыстарды қорытындылаудың және ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызды іс-шарасына айналды. 80-ге жуық қазақстандық және қытайлық туроператор іскерлік байланыстарды нығайту және әріптестік орнату үшін B2B келіссөздер жүргізді.

Былтыр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары барысында 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланған болатын. Биыл наурызда Бейжіңде Қазақстан-Қытай туризм және инвестициялар форумы өтті. 2025 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болып жарияланды. Бұған дейін бұл туралы екі елдің басшылары бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button