Зорлық-зомбылықсыз 16 күн
Елордада «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы одан әрі жалғасуда. Акцияның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан іс-шара арқылы жаһандық деңгейде де, ұлттық деңгейде де қандай болмасын зорлық-зомбылықты жоюға әрекет жасалады.
Аталған науқанды 1991 жылы бірінші жаһандық әйелдер көшбасшылығы институтының белсенділері құрған болатын. Әлемдегі барлық ұйым бұл акцияны әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жоюға шақыру мақсатында тиімді пайдаланады. Қазақстанда әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігін қамтамасыз ету және олардың құқығы мен мүмкіндігін кеңейту мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі халықаралық және ұлттық серіктестермен тығыз ынтымақтастық іс-әрекеттер жүргізуде. Халықаралық науқан аясында Қазақстанда 100-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Сонымен қатар акция шеңберінде зорлық-зомбылық түрлерін анықтау, оның салдары мен алдын алу жолдары туралы белсенді ақпараттық науқан басталды. Осы аралықта әйелдер үшін өзін-өзі қорғау бойынша тренингтер ұйымдастырылады, конференциялар, дөңгелек үстелдер, зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл тақырыбында арт-перфоманс және басқа да іс-шаралар өткізу көзделуде.
Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері акцияның екінші күнінде елордадағы мамандандырылған балалар үйіне барды. Бұл үй Астанада 1920 жылдардың басында, азаматтық соғыстан кейін ашылған. Комиссия өкілдері балалар үйінің жағдайымен танысып, мекеме қызметкерлерімен кездесті. Мекеме директоры Сәуле Кенжетайқызы балалар үйін көрсетіп, ішін аралатты. Қазіргі таңда бұл үйде 78 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар осы күні «Үміт» дағдарыс орталығында қызмет көрсетушілерге арнап «Біз бір отбасымыз» іс-шарасы өтті. Жиында келушілер түрлі сайысқа қатысып, жеңімпаздар сыйлықтарға ие болды.
Аталған комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанның айтуынша, бүгінде елорда халқының 52,4 пайызын әйелдер құрайды. Әйелдер елорданың мемлекеттік басқару органдарында өкілдік етеді, 1 басқарма басшысы, 13 басқарма басшысының орынбасары, 2 аудан әкімінің орынбасары – әйел. Қалалық мәслихат депутаттарының жалпы саны 33 адам болса, оның ішінде 9-ы – әйел. Экономикалық қызметтегі белсенді әйелдердің үлесі – 353340 (81,1 пайыз). Елордадағы барлық бизнестің жартысын әйелдер басқарады.
– Мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдығы – табысты жүргізіліп жатқан отбасы саясаты. Гендерлік саясаттың маңызды міндеттерінің бірі – репродуктивті денсаулықты қорғау. Астана қаласында репродуктивті жастағы әйелдер саны 418754 адамды құрайды. Барлық алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымында отбасын жоспарлау және кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу бойынша жұмыс жүргізілуде. Соңғы 10 жылда туу көрсеткіші 41 пайызға өскені байқалады. Қалада 30 отбасын жоспарлау кабинеті жұмыс істейді, онда арнайы дайындалған медицина қызметкерлері контрацепция және жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу мәселелері бойынша кеңес береді. Сонымен қатар 10-29 жас аралығындағы жастарға отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша кеңес беру және профилактикалық іс-шаралар өткізетін 22 жастар денсаулық орталығы бар. 2022 жылы экстракорпоралды ұрықтандыру циклын өткізу жоспарына сәйкес қалаға 518 квота бөлінсе, 2023 жылы бұл сан 554 квотаға дейін ұлғайды, – деп атап өтті Н.Мақжан.
Қазіргі уақытта елордада 27 мыңнан астам көпбалалы отбасы, оның ішінде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған 5738 көпбалалы ана тұрады. «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған, «Батыр ана» атағын алған немесе «Ана даңқы» орденінің бірінші және екінші дәрежесімен марапатталған әйелдерге ай сайын 6,4 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Елордада 15,9 мың жұмыссыз әйел тіркелген. Әйелдердің жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрайды, бұл республикалық көрсеткіштен 0,7 пайыздық тармаққа төмен.
Профилактиканы күшейту мақсатында есепте тұрғандармен жұмыс жанданып, алкоголизм мен нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеуге жолдама бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
– Әйелдер көбіне ұрып-соғу, қорқыту фактілеріне тап болады, оны полициядан жасырады, өзін-өзі тәрбиелеуге, жұбайына немесе бірге тұратын адамға өзінше әсер етуге тырысады, бұл бірнеше аптаға, айға созылады және көбіне қайғылы жағдаймен аяқталады, балалар зардап шегеді. Бұл тұрғыда біз елорданың үкіметтік емес ұйымдарын тарта отырып, жәбірленушілердің құқығын қорғау бойынша іс-шараларды іске асырамыз, психологиялық көмек, заңгерлік қолдау көрсетеміз. Биыл «Үміт» дағдарыс орталығына өмірлік қиын жағдайға тап болған 50-ден астам әйел мен 100 бала орналасты, түзету жұмысы жүргізілді. Халық санының тұрақты өсуін ескере отырып, зорлық-зомбылықтан зардап шегетін адамдарға көмек көрсететін ұйымдардың, әйелдер және балалармен жұмыс жөніндегі ҮЕҰ-ның болуы туралы халыққа кеңінен ақпарат беру маңызды, – деп атап өтті Астана қаласы Полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова.
Спикерлер халық қиын жағдайда өмірлік қолдау көрсете алатын осындай әлеуметтік қызметтер немесе ұйымдар бар екенін білуі керегін жеткізді. Шешуді қажет ететін тағы бір мәселе – агрессорлармен және отбасылық жанжалқойлармен жұмыс жүргізу, олардың мінез-құлқын психологиялық түзету. Осы мақсатта полиция құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мамандандырылған түзету орталығын ашуды қарастыруды ұсынған. Биыл 10 айдың ішінде 102-ге отбасылардағы агрессия фактілері бойынша азаматтардан 8525-тен астам қоңырау келіп түскен. Мұндай өсім отбасының табысын жоғалтуы, қаржының жетіспеушілігі мен несиенің көптігіне байланысты болады, бұл ретте жақын адамдар арасындағы қарым-қатынас нашарлап, кейде зорлық-зомбылық түріне ауысады. Профилактиканы күшейту мақсатында есепке алынатын контингентпен жұмыс жанданды. Зорлық-зомбылық жасалып жатқан, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша мобильді топтар жұмыс жүргізуде.
Райхан Рахметова