Мәдениет

Халықтық ардагерлер ансамблі

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, өнер халықтікі ғой. Сондықтан өнерді жанына серік етуге, көңілін әнмен көтеруге әркім де құштар. Бұл, әсіресе, жасың ұлғайған кезде керек екен.

Астана қаласынан бастау алып, жер-жерлерде ашылып жатқан «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары өнерге құштар зейнеткерлердің іште қалып қойған, жас кезінде жүзеге асыра алмаған армандарына қол жеткізгендей. Соның айғағы, ардагерлерден құрылған ансамбльдердің саны жыл сайын артып келеді. Солардың бірі – құрылғанына 15 жыл болған «Елорда» халықтық ардагерлер ансамблі. Жуырда осы ансамбльдің 15 жылдығына арналған есепті концерт болып өтті. Оқушылар сарайына жиналған көпшілік ардагерлердің өнеріне тамсанып тамаша әсерде болды. «Қазақстан – қыран далам» деп басталған концерт патриоттық рухта шырқалып, асқақ жігермен орындалды.

Репертуары сан алуан. Дуэт, трио, попурри, терме, түрлі аспаптармен ән салумен қоса орыс, украин, корей, қырғыз тілдерінде де ән шырқалды. Нартайдың термесін сырнайға қосып құйқылжытқан Есенбек Сәтбаевтың орындауы ерекше әсерге бөледі.

Біз Нартайды көрмедік. Бірақ Нартайдың өзін тыңдағандай тебірендік. Таспаға жазылған Нартайдың орындауынан бір аусашы. Тура өзі дерсің. Дауыс диапазоны шексіз, кең көсіледі. Мұндай әншіні шағын ортада емес, үлкен сахнаға да ұялмай шығаруға болады. Шәмшінің «Сыған серенадасын» шыр­қаған Мұрат Байбосынұлы әннің қызуқанды характерін аша білді. Киген киімі де сай келген. Бұл – ән жанрының ішінде жоғары саналатын романс. Романсты екінің бірі орындай алмайды. Сығанша киіндіріп бір қызды билетіп қойса, тіпті қатып кетер еді деп ойладым. Корей халқының кимоносын киіп шыққан Үміт Дүйсенованы тіпті танымай қалдық. Түрі де, үні де, әні де үйлесіп тұр. Есенбек Сәтбаев пен Ғалия Бегалина орындаған «Дударай» әні көркемділігі мен шынайылығымен сүйсіндірді. «Сұрша қыз» әнін тамылжытқан Ермек Тұрлы­баев­қа да көрермендер ықыласы ерекше болды. Сондай-ақ Фарида Алдажанова, Ақынгүл Әлмұқанқызы, Базарбай Дәлеғұлов, Бибі ­Қабылашева, Бикен Махмұтова, Злиха Әбеу сияқты әншілердің де сахнаны меңгеріп, ән айтуға төселген жандар екенін айту – парыз.

Жалпы ардагерлермен жұмыс істеуде төзімділік, тіл табыса білу, мәдениеттілік пен шебер­лікті қатар қолданып, бірде баса айтып, бірде бәсең сөйлеп әртүрлі амал-тәсіл қолданып отыруды қажет етеді. Бұл тұрғыда, осы талаптардың бәріне сай көркем мінезді, сабырмен жүріп көп іс тындыратын Жекен Молдағалиұлының іскерлігіне тәнті боласың. Әрине, ансамбльдің көркемдік жетекшісі Үміт Әлібекқызының мамандығы медицина саласы болса да, ансамбльді ұйымдастыра біліп, ұйытып ұстауы, әркімнің мінез-құлқын ескере отырып моральдық психологиялық ахуалды қалыптастырып, таразы басын тең ұстай білуі үлкен еңбектің жемісі екені анық. Соның нәтижесінде ансамбль көп өскен. Шығармашылық ізденіс, орындаушылық шеберлік, сахна мәдениеті деген талап арға жауапкершілікті сезіну байқалады. Бұл басты талап саналады.

Дейтұрсақ та, өнер әрқашан қамқорлыққа, қолдауға зәру.Оған «Елорда» ансамблі зәру емес екен. Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин мырза әрқашан моральдық, материалдық тұрғыда қолдау жасап, сахналық костюмдерді жаңарту, концерт қоятын лайықты сахна тауып  беруге белсене кірісіп, өнерге жанашырлық көрсетуде. Марат Кәрімұлының азаматтығына ризашылық пен әрі қызыға қараймыз. Ансамбль деңгейін көтеру арқылы аудан мәдениеті­нің деңгейін көтеруге үлес қосып отыр.

Зейнеткер деген мәртебеміз бар, бір салада қатар жүріп жастарға үлгі, қатарластарымыз­ға өнеге болып, белсенді ұзақ өмір сүру орталығының шапағатын сезініп отырғандықтан, әріптестеріміздің жетістігіне қуанып, өсер елдің қазыналы қариясы болайық деген ниетте жазған шынайы дос көңілімді қабыл алыңыздар, ардагер әріптестер!

Қарлығаш Құспанова,

ҚР Журналистер одағының мүшесі, қалалық

Ардагерлер кеңесінің медиатоп мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button