Балалар арасындағы хоккей жарысы мәресіне жетті
Астанада 2016 жылы дүниеге келген жас хоккейшілердің арасында 4×4 форматы бойынша ұйымдастырылған бәсекенің жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Елордада шайбалы хоккейден «Hockey Planet» мұз сарайында өткен Cross Ice Hockey 4×4 турнирі ресми түрде аяқталды. 3 күнге жалғасқан додада «Барыс», «Бригантина», «Астана» хоккей клубтарының 9 командасы сынға түсті.
«4×4 форматының жас балалар үшін бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, көлемі кішкентай алаңда хоккейшілер мұзда сырғанауды тез үйреніп, әр шайбаға жылдам таласа алады. Екіншіден, әр хоккейші көп уақыт шайбаға иелік етеді. Бұл сенімділікті арттырып, техникалық шеберлікті күшейтеді. Үшіншіден, жас ойыншы жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауды үйренеді. Осылайша, ол алаңды көре алып, әр қадамын есептей алатын болады. Жалпы 3 күндік жарыста командалар біршама ойын тәжірибесін жинақтап, командалық рухты арттыра алды деп ойлаймын», – деді турнирдің ұйымдастырушысы Абай Мукушкин.
Қысқы спорт түрлерінің арасында танымалдылыққа ие шайбалы хоккейден тұрғындардың тарапынан да үлкен сұранысқа ие. Мысалы. Астана қаласы әкімдігінің №10 балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандырылған спорт мектебінде 5-17 жас аралығындағы 533 бала жаттығады.
Жарыстың қорытындысы бойынша, «Барыс-4» чемпион атанса, «Барыс-3» командасы күміс жүлде алды. Үштікті «Барыс-2» ұжымы түйіндеп, үздік хоккейшілер түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Айта кетейік, қазіргі сәтте дәстүрлі 5х5 хоккейі әлемде өзгеріске ұшырап, 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында 3х3 форматы енгізілуі мүмкін болса, елордалық «Барыс» клубы желтоқсан айының соңында Құрлық хоккей лигасының бастамасымен 3х3 жүйесінде ұйымдастырылатын алғашқы бәсекеде өнер көрсетеді.