Басты ақпаратЕл тынысы

Мазмұнды ықпалдастықтың жаңа жарқын кезеңі

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан-Ресей ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысты. Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалын ресми түрде ашу рәсіміне бейнебайланыс арқылы қатысты. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Жаңа жаһандық тәртіп жағда­йында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Шағын құрамда келіссөз жүргізді

«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді қарсы алу рәсімінен соң президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Қазақстанға сапармен келуге шақыруын қабыл алғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты.

«Бұл стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа берік негізделген мемлекетаралық қарым-қатынасымыз­дағы өте маңызды оқиға екені сөзсіз. Сіздің қазақстандық ақпарат құралдарында жарияланған бүгінгі мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Ал менің мақалам Ресей баспасөзінде жарияланды. Біз болашаққа бағытталған екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі көшелі ойларымыз­ды жан-жақты жеткіздік. Өз мақаламда Қазақстан осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін және алдағы уақытта да бұл бағыттан айнымайтынын атап өттім» деді Қазақстан ­Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей екіжақты серіктестіктің оң қарқынын сақтап қана қоймай, оны еселей түскен.

«Сіздің бүгінгі сапарыңыздың күн тәртібі өте ауқымды. Сапар қарсаңында Үкімет мүшелері кездесіп, біз талқылайтын барлық мәселені пысықтады. Бүгін өте маңызды құжаттарды қабылдаймыз. Бұл 20 келісімнен тұратын құжаттар біздің тату көршілік және серіктестік рухындағы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға тың серпін береді» деді Мемлекет басшысы.

Ресей Президенті Владимир Путин қазақ жерінде көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

«Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Біз достас елдерміз. Қарқынды дамып келе жатқан іскерлік қарым-қатынасты да қолдаймыз. Ұдайы байланыстамыз. Өзіңізді жыл соңында Санкт-Петербургте өтетін ТМД аясындағы бейресми кездесуде күтемін. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға шақырамын. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз» деді Владимир Путин.

Ресей Президенті екіжақты байланыстардың қарқынын жоғары бағалап, мемлекеттік сапарының мәні мен маңызына тоқталды.

«Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданады. Олардың қатарында Бірлес­кен мәлімдеме және түрлі саладағы ықпалдастығымызға қатысты құжаттар бар. Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесінің бірі болып қала береді. Сауда айналымы өсті, былтыр оның көлемі 28,5 мил­лиард долларды құрады. Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция 13 миллиард долларға жетті. Әрине, біз азаматтық қоғам, білім, ғылым және мәдениет бағытында дамып келе жатқан гуманитарлық байланыс­тарымызды бағалаймыз. Бұл тұрғыда Ресейде білім алатын шетелдік студенттердің басым бөлігін қазақстандық жастар құрайтынын айтсақ жеткілікті. Аймақаралық ынтымақтастық та табысты өрбіп келеді. Бүгін Уфада кезекті іс-шара өтіп жатыр. Сізге Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын дамытуға ерекше назар аударғаныңыз үшін алғыс айтамын. Біз Қазақстан Президентінің осынау маңызды жұмыстарға әрдайым ықылас қойып отыратынын жақсы сезінеміз. Қазақстанды адал досымыз және жақын одақтасымыз деп танимыз» деді Ресей Президенті.

Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, энергия ресурстарының тасымалы, машина жасау, көлік-логистика, қаржы, экология, су саясаты, білім беру, ғылым және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты дамыту перспективасын талқылады.

 Өзекті мәселенің бәрі талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президент шағын құрамда өткен келіссөз қорытындысына оң баға беріп, оның барысында екіжақты күн тәртібіне қатысты барлық өзекті мәселе талқыланғанын жеткізді.

«Өзара ынтымақтастық бойынша ортақ ұйғарымға келдік. Үкіметтерге тиісті тапсырмалар берілді. Алдымыз­да ауқымды жұмыс күтіп тұр. Екі елдің қарым-қатынасы зор қарқынмен дамып келеді. Біздің міндетіміз – осы динамиканы бәсеңдетпей, елдеріміз арасындағы сауда-саттықтың табысты өркендеуіне, инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдеуіне, сондай-ақ білім мен гуманитарлық салалардағы байланыстардың нығаюына қолайлы жағдай жасау» деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстарының қазіргі жай-күйіне назар аударды. Президенттің айтуынша, өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты та­уар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізуге мол мүмкіндік бар. Инвестиция саласында да оң үрдіс байқалады.

«Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 18,3 миллиард доллар болатын 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде Қазақстанда 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта шамамен құны 29,5 мил­лиард доллар болатын және 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз» деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Владимир Путин Мәскеу мен Астана арасындағы ықпалдастық барлық бағыт бойынша белсенді өрбіп келе жатқанын мәлімдеді.

«Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз және сенімді одақтасымыз. Шағын құрамдағы келіссөз барысында екіжақты байланыстар аясында туындайтын проблемаларға назар аудардық. Ең бастысы, барлық сауалдың жауабын табуға ортақ ұмтылыс бар. Мен екі ел арасында шешілмейтін түйткіл жоқ екенін жақсы білемін. Ал мұндай ниеттестік үлкен жетістіктерге ұласады. Сіздің басшылығыңыз­бен Қазақстан толайым табыстарға қол жеткізді. Біз бұған қуаныштымыз. ­Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы артып келеді. Қазіргідей қиындықтарға қарамастан, ықпалдас­тығымыз кеңеюде әрі қос тарапқа да тиімді» деді Ресей Президенті.

Келіссөз барысында сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.

Серіктестікті нығайтатын тиімді алаң

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин бейнебайланыс арқылы Қазақстан-Ресей ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйледі. Қазақстан Президенті жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, 20 жыл ішінде аталған форумның екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтатын тиімді алаңға айналғанын атап өтті.

«Сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация салаларындағы ынтымақтастық тұрақты өсіп келе жатыр. Шын мәнінде, тауар айналымы арта түсті. Былтыр оның көлемі 27 миллиард долларға жетті. Бұл ретте сыртқы саудамыздың 20 пайызға жуығы Ресейдің үлесіне тиесілі. Ресейден келетін тікелей инвестицияның жалпы көлемі 25 миллиард долларға жуықтады. Жыл сайынғы инвестиция мөлшері де айтарлықтай артты: былтырғы қорытынды бойынша екі есе, яғни 3 миллиард долларға дейін ұлғайды. Қазақстанда 23 мың ресейлік және бірлескен компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл еліміздегі шетелдіктердің қатысы бар кәсіпорындардың жартысына жуығын құрайды» деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі елдің түрлі саладағы ықпалдастығының негізгі бағыттарына тоқталды. Президенттің пікірінше, Қазақстан мен Ресейдің отын-энергетика саласындағы ынтымақтастығы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді.

«Лукойл» компаниясымен бірге «Қаламқас теңіз», «Хазар» ірі кен орындарын игеруге кірістік. Бұл жобаға құйылатын инвестиция көлемі 6 миллиард доллардан асады. Бұдан бөлек, ресейлік әріптестер мұнай-газ химиясы жобаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысуда. 2022 жылы «Сибур» компаниясымен бірге Орталық Азиядағы ең ірі полипропилен өндірісін іске қостық. Зауыт жылына 500 мың тонна өнім өндіреді. Бүгінде бұл кәсіпорын қазақстандық өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз етіп қана қоймай, өз өнімдерін Ресей, Қытай, Түркия және басқа да елдерге экспорттайды. Биыл қыркүйек айында жылына 1,2 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. «Татнефть» компаниясымен бірлесіп, қуаты жылына 340 мың тонна бутадиен шығаруға жететін жоба іске асырылып жатыр. Газ саласында да айтарлықтай табысқа қол жеткізілді. Ресей газы Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға алғаш рет тасымалдана бастады. «Газпром» компаниясымен Қырғызстанға көгілдір отын тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар Ресейден Қазақстанға газ жеткізу мәселесі пысықталып жатыр» деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бір жыл бұрын Қазақстан мен Ресейдің энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы үкіметаралық келісімге қол қойылғанын еске салды. Президенттің пікірінше, оны іске асыру тараптардың энергетика секторындағы серіктестігін нығайтуға мүмкіндік береді.

«Көкшетау, Семей мен Өскемен қалаларындағы жылу электр станцияларының құрылысы бойынша нақты келісім жасалды. Серіктестігіміз жаңартылатын қуат көздері саласында да белсенді дамып келеді. Ресей тарапының қатысуымен елімізде жалпы қуаты 370 МВт болатын жобалар пайдалануға берілді. Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында жақын арада 1 ГВт экологиялық таза қуат көзін іске қосу жоспарланған» деді Қасым-­Жомарт Тоқаев.

Президент биыл Өндірістік ­кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасының қабылданғанына бес жыл толғанын айтты. Аталған бағдарлама аясында жалпы инвестиция көлемі 18,5 миллиард долларға жуықтайтын 93 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыс орны пайда болды.

«Биыл «Татнефть» компаниясының қатысуымен Саран қаласында жылына 3,5 миллион шина шығаратын зауыт ашылды. «КамАЗ» компаниясымен серіктестік негізінде машина жасауға арналған құрал-жабдықтардың жергілікті өндірісі қолға алынды. Қазан айында Қостанайда жылына 40 мың тоннаға дейін шо­йын құймасын шығаратын ауқымды жоба іске қосылды. Келесі жылы көліктің қозғалтқыш белтемірінің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауытты ашу жоспарланған. Қазіргі кезде жалпы инвестиция көлемі 29,5 миллиард доллардан астам 49 жоба іске асырылып жатыр. Бұл 20 мың адамды жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар Жамбыл облысында «ЕвроХим» және «Уралхим» компаниялары минералды тыңайтқыштар өндіретін ауқымды жобаларға кірісті» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Ресей агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге әлеуетті екенін айтты.

«Осы жылы диқандарымыз қамбаны астыққа толтырып, 27 мил­лион тоннаға жуық өнім жинады. Бұл рекордтық көрсеткіш еліміздегі тың жерлерді игерудің басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Бұдан бөлек, біз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті төмендету үшін бірқатар ірі жобаны бастадық. Таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізетін 116 тауарлы сүт фермасы салынады. Сондай-ақ жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, 850 миллион дана жұмыртқа шығаратын 11 құс фабрикасын пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Елдеріміздің агро­өнеркәсіп саласындағы экспорттық әлеуеті орасан зор. Бізге ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелес болмаған жөн. Бұл интеграцияға кері әсерін тигізеді. Керісінше, ауылшаруашылық өнімдерін үшінші елдердің нарықтарына экспорттайтын негізгі хабқа айналуымыз қажет» деді Қазақстан Президенті.

Көлік-логистиканы дамыту жолдары

Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистика құрылымын нығайтуды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Мұның Қазақстан мен Ресей үшін стратегиялық мәні зор. Еліміз 2030 жылға дейін 11 мың шақырым жолды жөндеп, 5 мың шақырымнан асатын жаңа темір жол салуды жоспарлап отыр.

«Елден тысқары жерлерде зама­науи мультимодальді орталықтар мен «құрғақ порттар» желісін құруға басымдық береміз. Мұндай сәтті серіктес­тіктің бір мысалы – Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Селятино станциясындағы жаңа көлік-логистика орталығының құрылысы. Қытайдың Сиань қаласында жуырда ғана салынған қазақстандық терминал транзит дәлізінің екінші қиырынан жүк жөнелтеді. Осылайша, Қытай – Қазақстан – Ресей бағытындағы жүк тасымалы жүйесінің негізгі тірек бекеттері пайда болады» деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент туризм секторын дамыту мәселесін қозғады. Қазіргі уақытта Қазақстан 86 мемлекеттің азаматына визасыз режим ұсынады және әлемнің 31 елімен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Бұдан бөлек, басты демалыс аймақтарына көлік қатынасын жақсартуға арналған дәйекті шаралар қабылданып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірлескен күш-жігер тараптардың қазіргі сын-қатерлерге бейімделіп, екі ел экономикаларының орнықты өсіміне берік негіз қалайтынын жеткізді.

«Көпқырлы ықпалдастығымыздың жоғары деңгейін сақтау қажет. Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасау үшін шекаралық рәсімдерді жеңілдету және сауда-логистикалық кедергілерді жою жұмыстарын жалғастырған жөн. Форум аясында қол қойылған келісімдер, сонымен қатар айтылған нақты бастамалар өңіраралық кооперацияның әлеуетін ашып қана қоймай, екі ел экономикасының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін» деді Мемлекет басшысы.

ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Патрушев, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының жетекшісі Ғалымжан Қойшыбаев сөз сөйледі.

Омбыдағы филиалын ашты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалын ресми түрде ашу рәсіміне бейнебайланыс арқылы қатысты. Салтанатты іс-шараға Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Ресейдің Жоғары білім және ғылым министрінің орынбасары Константин Могилевский қатысып, екі ел арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастық жөнінде баяндама жасады.

Бұдан соң мемлекеттер басшылары университет филиалын ашуға рұқсат берді. Сондай-ақ жиынға ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректоры Жансе­йіт Түймебаев пен ОмМУ ректоры Сергей Замятин қатысты. Ресейде тұңғыш рет ашылған қазақстандық жоғары оқу орнының филиалына талапкерлерді қабылдау 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Қазақстан мен Ресей үкіметтері студенттерді оқыту үшін арнайы 200 грант бөлді. ҚазҰУ-дің Омбыдағы филиалы «Халықаралық құқық», «Қазақ филологиясы» және «Кеден ісі» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалаврлар мен магистрларды даярлайды. Болашақта қос дипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылмақ.

Филиалдағы оқу үдерісін ұлттық университеттің оқытушы-профессор құрамы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізеді. Алдағы уақытта шетелдік ғалымдарды тарту көзделіп отыр. Қазіргі уақытта филиалда оқу-әдістемелік қызметке арналған 10 кабинет жасақталған. Атап айтқанда, студенттер Шоқан Уәлиханов атындағы кеден ісі, Абай атындағы қазақ тілі және Нәзір Төреқұлов атындағы халықаралық құқық кабинеттерінде дәріс тыңдайды. Бұдан бөлек, басшылық пен профессор-оқытушылар құрамы үшін 5 кабинет, 7 оқу аудиториясы және коворкинг орталығы қарастырылған.

Іскерлік сипатымен ерекшеленді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапарын екі ел қарым-қатынасының дамуындағы маңызды кезеңге жол ашатын тарихи оқиға деп атады.

«Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Бізді мызғымас достық байланыстар, ғасырларға ұласқан тату көршілік қатынас және ортақ тарих біріктіреді. Мемлекеттеріміз осынау мәңгілік құндылықтарға арқа сүйей отырып, келешекті көздеген мазмұнды ықпалдастықты жолға қойды. Бүгінде Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы барлық саланы қамтып, бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтерілді. Саяси диалог нығайып, сау­да-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар жандана түсті. Бүгінгі шағын және кеңейтілген құрамда өткен кездесулер мен келіссөздер ашық, іскерлік сипатымен ерекшеленді әрі шын мәнінде нәтижелі болды» деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен егжей-тегжейлі келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігінің ­перспективті бағыттары белгіленгенін жеткізді.

«Күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, екіжақты қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді деген ортақ ұйғарым жасадық. Келіссөздер барысында экономика мәселесіне баса мән берілді. Стратегиялық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету және өзара тауар айналымын одан әрі арттыру негізгі міндет ретінде айқындалды. Осы мақсатта бірқатар үкімет­аралық құжат қабылданды. Олардың қатарында 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы, 2024-2026 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспары бар. Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі елдің аймақтары арасындағы және шекара маңындағы ынтымақтастығы жөнінде жаңартылған үкіметаралық бағдарламаға қол қо­йылды» деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Ресей – Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға қаржы құйған үш жетекші инвестордың қатарына кіреді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастар тарихында Қазақстан да тұңғыш рет Ресейдің бес ірі сауда серіктесінің санатына қосылғанын мәлімдеді. Бұл екі елдің ынтымақтас­тық әлеуеті жоғары әрі берік екенін аңғартады.

«Осы оң динамика сақталса, бір-екі жылда өзара сауда-саттық 30 мил­лиардтық межеге жететініне се­німдімін. Қазақстан экономикасына Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылдың өзінде 4,5 мил­лиард доллардан астам қаржы құ­йылды. Қазақстан да Ресей экономикасына қомақты қаржы салды. Бүгінде оның көлемі 8,5 миллиард долларға жетті. Бұдан бөлек, Қазақстанда ресейліктердің қатысы бар 24 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі шетел капиталының үлесі бар жалпы кәсіпорын санының жартысына жуығы. Аталған көрсеткіштер стратегиялық қатынастарды одан әрі нығайтуға қос тарап та аса мүдделі және бір-біріне сенімі жоғары екенін растайды» деді Қазақстан Президенті.

Өңіраралық форумның орны бөлек

Президент экономикалық күн тәртібінде Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумы айрықша орынға ие екеніне ерекше тоқталды. Бұл орайда Мемлекет басшысы алдағы уақытта Ақтауда Ресей Федерациясының Бас консулдығын ашудың маңызы зор екенін атап өтті. Мемлекеттер басшылары ғылыми және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа үлкен мән береді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев келесі көктемде Астанада «Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достығы» ­аллеясын ашу жөнінде шешім қабылдағанын айтты. Бұл қала тұрғындары мен қонақтары сейіл құратын көрікті орынға айналады. Сондай-ақ ол Астанада қыр­күйек айында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді қатысқаны үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді. Қазақстан Президенті 2026 жылы елімізде спорттың дәстүрлі түрлері мен киберспортты ұштастыратын Үшінші «Болашақ ойындары» ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Бұл бірегей са­йыстың әуелгі бастамашысы – Ресей.

Мемлекет басшысы білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесіне айрықша тоқталды. Бүгінде Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды. Бұл ресейлік білім беру стандарттарына сұраныстың көптігін, екі елдің жан-жақты білім және тәжірибе алмасуға мүдделі екенін көрсетеді.

«Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Қазақстанда Ресейдің жетекші техникалық білім беру мекемелерінің 7 филиалы ашылды. Көп ұзамай Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы есігін айқара ашады. Ал бүгін Омбы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы өз жұмысын бастады. Бұл – қазақстандық жоғары оқу орнының Ресейдегі алғашқы өкілдігі. Сонымен қатар Ресейдің шекара маңы аймақтарында қазақ мектептерін салу, сәйкесінше Қазақстан аумағында (дәлірек айтсақ Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында) ресейлік мектептерді ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл екі елдің білім беру саласындағы байланыстарын нығайтып, өскелең ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады» деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы орыс тілі қос халықтың ынтымағын жарастыратын маңызды фактор екенін атап өтті.

«Еліміздегі мектеп оқушыларының үштен бірі орыс тілінде білім алады. Біз бұл мәселеге ерекше маңыз береміз. Халықаралық орыс тілі ұйымын құруды дәл осы себепті ұсындым. Келіссөздерде көтерілген тағы бір маңызды тақырып – екі елдің аумағында өмір сүріп жатқан қандастарымызды қолдау. Бұл ретте «Отандастар» қоры мен «Россотрудничество» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдың маңызы зор болар еді. Мұндай уағдаластықтар халықтарымыздың өзара түсіністігін тереңдетуде ерекше рөл атқарады, жұртшылық арасында кеңінен қолдау табады» деді Мемлекет басшысы.

Өзара түсіністік қалыптасқан

Президенттер екі елдің көпжақты форматтағы ықпалдастығын егжей-­тегжейлі талқылап, өңірлік және жаһандық саясаттың анағұрлым өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқан.

«ТМД, ЕАЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК және басқа да маңызды өңірлік бірлестіктер аясындағы ынтымақтастық мәселесінде өзара түсіністік қалыптас­қанын атап өткім келеді. Елдеріміз ықпалдастық орнатпаған бағыт жоқ деуге болады. Ең бастысы, Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз әрдайым екі мемлекеттің мүддесін барынша ескеретін байыпты шешім қабылдаймыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, халықтарымыз­дың достық қатынастарын нығайтуға ұдайы назар аударғаны үшін құрметті Ресей Президентіне алғыс айтамын» деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тараптарды келесі жылы бірлесе атқаратын көптеген жұмыс күтіп тұрғанын, 2025 жыл мол мүмкіндікке бастау болатынын айтты.

«Біршама ортақ жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Мұның пайдасын азаматтарымыз да, екі елдің кәсіпкерлері де сезінетініне сенімдімін. Келесі жылы қаңтар айында маңыз­ды мемлекетаралық құжаттардың бірі – Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толады. 2025 жылы басқа да мерейтойлар бар: Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және «Байқоңыр» ғарыш айлағының 70 жылдығы. Осы айтулы даталарға орай екі елде мерекелік іс-шаралар өткізуге келістік. Көріп отырғандарыңыздай, екіжақты күн тәртібі нақты бастамалармен және жаңа мазмұнды жобалармен ұдайы толығып отыр» деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, бүгінгі іс-шаралардың оң нәтижесі екі елдің одақтастық қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Бірлескен мәлімдеме қабылдады

Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы шақырғаны және қазақ жерінде көрсеткен сый-құрметі үшін алғыс айтып, сапарының қорытындысына оң баға берді.

«Біз саяси, экономикалық, гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықты егжей-тегжейлі талқыладық. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Жаңа ғана қабылданған Бірлескен мәлімдемеде екі елдің стратегиялық серіктестігін тереңдетуге қатысты асқақ міндеттер қойдық. Олардың жүзеге асуына үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде қол қойылған, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, әділет сияқты түрлі бағыттарды қамтитын құжаттар да септігін тигізеді» деді Ресей Президенті.

Владимир Путиннің айтуынша, сапар барысында жүргізілген келіссөздер Ресей мен Қазақстанның көпжақты ынтымақтастығын одан әрі дамытуға нақты ықпал етеді. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегия­лық әріптестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путин жылы қонақжайлылығы үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевты 2025 жылы Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев шақыруды ризашылықпен қабылдады. Сапар мерзімі қосымша келісілетін ­болады.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button