Астанада “Әбіш әлемі” апталығы басталды
Қазақстанның халық жазушысы, драматург Әбіш Кекілбайұлының 85 жыл мерейтойына орай Қазақстан Республиксының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызының арнайы шақыртуымен Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры Астана қаласында өтетін қорытынды шараға қатысып, Әбіш Кекілбайұлының шығармалары негізінде сахналанған қойылымдарды Астана жұртшылығының назарына ұсынады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Спектакльдерде театрдың белгілі актерлері Мәдениет саласының үздігі, театр іргетасын қалаушылардың бірі, қазіргі таңда театр директоры Айдос Тастаев, Мәдениет саласының үздігі, ҚР Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Еңлікгүл-2016» кәсіби сыйлықтың «Жылдың ең үздік актері» аталымы бойынша иегері,театр іргетасын қалаушылардың бірі Медғат Өміралиев, театр іргетасын қалаушылардың бірі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Маңғыстаудың «Жыл адамы» аталымының иегері, «Құрмет» орденінің кавалері Рамазан Ақтаев, Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Майра Бақбердиева, Мәдениет саласының үздігі Анар Бейсенбина, Мәдениет саласының үздігі Эльмира Керімбаева, Жантілеу Бахтияров сынды белгілі сахна шеберлері өнер көрсетеді.
Астаналық көрермендерге ұсынылатын «Күй» спектакльі Ә.Кекілбайұлының «Күй» повесінің желісімен, «Аңыздың ақыры» романының сюжетіне шендестіріле отырып жасалған қойылым.
Бұл қойылымда Ұлы мәртебелі өнердің адам санасын оята алатын құдіреті, оның көзқарасын өзгерте алатын күш-қуаты ашылады. Оқиға ықылым замандардан көршілес екі ел арасындағы өзара өшпенділік, дау мен кекшілдікті баяндайтын аңыз аясында өрбиді. Жауласқан екі елдің зорлық-зомбылық дәуірлеген заманында қатігездіктің қара тасын жарып шыққан өнер гүлдерінің сұлулығы мен сыршылдығы, нәзіктігі мен өміршеңдігі, мейірімділігі мен қайсарлығы жан-жүректі еріксіз баурап, адамгершілікті әлемге жол нұсқайды…
«Бір шөкім бұлт» моноспектакльі Ә.Кекілбайұлының шығармасының негізінде сахналанаған. «Анау бір жылдары маңдайымыздан сипаған мейірбан жеңгелер, бұны сіздерге еншіледім. Әлі күнге көңілімнің бір түпкірінен сығалап тұрған, жадау иін, жыртық өкпе болсаң да, айрықша аяулы балалық шағым, бұл – саған ескерткіш». Осы эпиграфпен басталатын шығарма өткенге деген сағыныш, балалық шақтың тәтті естелігі – мейірімді жеңгелердің ескерткішіне айналды. Аға-жеңгелерінің көз алдында өскен ұл оларға деген сағынышын, сүйіспеншілігін білдіре жазған бұл шығармасы есейген Әбіштің шын көңілін көрсетеді. Оқиға желісі бойынша сұм соғыс «сыйлаған» сайқал дерт басты кейіпкер Аққаймақтың жан дүниесі мен бір отбасының ойранын шығарған соғыс туралы.
«Шыңырау» Ә.Кекілбайұлының әлемге әйгілі тілі шұрайлы, мазмұны терең «Шыңырау» повесі шығармасы желісінде сахналанған. Бұл қойылымда басты кейіпкер тек Еңсеп қана емес, шөлді аймақ Үстірт үстіндегі табиғаттың терең сырларын меңгеріп, ұрпағына мирас етіп қалдырған барша құдықшылардың прототипінің жиынтығы. Спектакль көрерменге терең ой салып, жетістікке жету үшін тек еңбек қана емес, ой-пікір тереңдігі, жан тазалығы мен ниет тазалығы қажет екендігін түсінуге жетелеп, онсыз биік шыңға да, түпсіз тереңдікке де жетуге болмайтындығын меңзейді.