Елорданы газдандыру – стратегиялық жоба
Астана қаласының инфрақұрылымды жақсарту және халыққа қолайлы жағдай жасау жөніндегі стратегиясының маңызды бір бөлігі – газдандыру болып табылады. Жақында ғана елорданың «Үркер» тұрғын алабында 2024 жылға жоспарланған газ тарату желілерінің құрылысы аяқталды.
Астана маңындағы тұрғын алаптарды жоспарлы газдандыру жұмыстары жалғасуда. Үркер тұрғын алабында газ тарату желілерінің құрылысы аяқталып, 1000-ға жуық абонент табиғи газға қосылды.
Елді мекенді газдандыру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізілді. Екі жыл ішінде Үркер елді мекенінің 5250 абоненті табиғи газға қосылды, олардың арасында жеке үйлер мен тұрғын үй кешендерінің тұрғындары да бар.
Нұра ауданы әкімінің орынбасары Сәрсенғали Ақжоловтың айтуынша, 2025-2026 жылдары осы елді мекендегі барлық жеке үй мен тұрғын үй кешені газдандырылады.
– Үркердегі алғашқы абоненттердің газға қосылуы, шын мәнінде тарихи сәт. 2025-2026 жылдары осы жердегі барлық жеке үй мен тұрғын үй кешені газдандырылады. Бұл үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, газдандыру экологиялық таза және адамдар үшін қолжетімді, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Тұрғын алапты газдандыру 2024 жылға жоспарланған болатын. Табиғи газдың ерекшелігін алғаш болып сезінген Ақтамберді жырау көшесінің тұрғындары қуаныштарын жасыра алмады.
– Біз газға қосылуды көптен бері күтіп жүр едік, міне, бүгін сол арманымыз орындалды. Бұған дейін үйімізді көмірмен жылытып келдік. Әр 6-12 сағат сайын пешті қадағалап, көмір салуға тура келетін. Сол сияқты үйді ұзақ уақыт қараусыз қалдыруға да болмайтын. Енді бұл мәселе бізді алаңдатпайды. Үйдегі батареялар өте жылы, ыстық су қалыпты режимде ағып тұр. Біз өте қуаныштымыз! – деді үркерлік Байғарым Хасенов.
«Qazaq zhylu» ЖШС директоры Жәнібек Мұхамбеталы Үркердегі газдандыру Мемлекет басшысының «Инвестиция орнына тариф» бастамасы негізінде қарқын алғанын жеткізді.
«Біз барлық инженерлік желіні өз есебімізден салдық, ал шығындарды тарифтік жүйе бойынша қайтарамыз. Мұнда газ тарифі текше метр үшін 38 теңге екенін атап өткім келеді. Бұл – тұрғындар үшін қолжетімді баға» деді директор.
Мамандардың мәлімдеуінше, Үркерді газдандыру үшін барлығы 173 шақырым газ желісін салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстардың шамамен үштен бірі аяқталды.
Бұл жоба Астана қаласының инфрақұрылымды жақсарту және халыққа қолайлы жағдай жасау жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі болып саналады. Тұрғын алапта табиғи газды іске қосу Астана әкімдігінің, Энергетика министрлігінің, «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ мен «Qazaq Zhylu» ЖШС-нің көмегімен жүзеге асырылды.
Осыған дейін әкімдік газдандырудың екі кезегінің құрылысын аяқтады. Осылайша, Сарыарқа ауданының аумағындағы Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық және Потанин көшесі ауданындағы қаланың ескі бөлігінде тұтынушыларды қосуға мүмкіндік берген екі газдандыру желісінің құрылысы аяқталған болатын. Алматы ауданындағы «Железнодорожный», «Промышленный» тұрғын алаптары мен оңтүстік-шығыс шағын ауданының оң және сол жағы, Күйгенжар, Мичурин елді мекендері, сондай-ақ «Ақбидай», «Қазақауыл» шағын аудандары, сондай-ақ Есіл ауданындағы «Велла вилдж» тұрғын үй кешені, «Куршавель» тұрғын үй кешені, «Family Town», «Family Park» және Нұра ауданындағы «Будапешт», «Космик-Сити» тұрғын үй кешендері газдандырылды. Сонымен бірге «Тұран», «Телман», Оңтүстік-шығыс, «Үркер», «Пригородный», «Family village», «Өндіріс», «Кирпичный» елді мекендерінде газбен қамту желілерінің құрылысы жүргізіліп, аяқталды. Бұл жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын едәуір арттырып, оларды экологиялық таза және тиімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ