«Айсұлудың» арманы
«Астана Опера» театрында тұңғыш рет қазақ комедиялық операсы сахналанды. Жоғары деңгейде өткен премьера қазақтың көрнекті композиторы, Қазақ КСР мен КСРО халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толуына орайластырылды. Премьера алдында шығармашылық топ журналистерге арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.
Қоюшы-дирижері – Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин, сахналаушы-режиссер – «Нано-Опера» V халықаралық жас опера режиссерлері байқауының лауреаты, «Астана Опера» театрының режиссері Еренбақ Тойкенов.
– Сыдық Мұхамеджанов қазақ музыкалық театры тарихындағы алғашқы комедия операсын жазды. Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітовтің либреттосы қазіргі қазақ жастарының өміріне негізделген. «Айсұлу» спектаклінің премьералық қойылымы 1964 жылы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында сахналанған. Содан бері бұл опера көрермендердің сүйікті туындысына, ал көптеген нөмір концертке айналды. Дайындық барысында біз бірқатар ескі қойылымның партитураларына талдау жасап, музыкалық материалды қайта қарадық және 60-70-жылдардың тарихи мәтіні мен мәнерін дәл бейнелейтін опера жасадық. Бұл – жеңіл комедиялық опера, ол өзінің құрылымы бойынша бұрын опереттаны еске салатын, алайда біз енді оны анағұрлым күрделі жанр туындысына айналдыруға тырыстық. Мұнда ұйымшыл топтың жақсы жұмысын атап өтуге болады. Сондай-ақ мұнда режиссер мен дирижердің өзара үйлесімді әрекеті негізгі рөл атқарады, себебі барлық қойылымның тартымдылығы осы бірлескен жұмысқа байланысты, – деп атап өтті Абзал Мұхитдин.
– Театрымыздың сахнасында қойылған тұңғыш комедия болғандықтан, қойылымның көтерер жүгі қомақты, көрерменді күлдіре отырып, ой саламыз, әлеуметке қажетті дүниелерді түсіндіруге тырысамыз. Сол замандағы дипломы бар жастың, ғылым кандидатының, басқа да ғалымдардың ауылға келіп, жар тауып, сонда қалуы қызықты баяндалады. Бұл «Дипломмен – ауылға» деген қазіргі бағдарлама секілді қалада оқыған жастардың ауылға барып, туған жерін көркейтуге атсалысуы тартымды көрсетіледі. Көрерменге – үлкенге де, кішіге де бұл таныс жағдай әрі комедия болған соң күліп отырып ой салатын оқиға дер едім, – дейді «Айсұлуды» елорда сахнасында сахналаған режиссер Еренбақ Тойкенов.
Басты кейіпкерлер – сұлу Айсұлу мен қызғаншақ Серке сұлулық байқауына қатысқысы келгені үшін жанжалдасады. Әрекет барысында әуесқойлар өздерінің сезімін тексеріп көреді. Ал басты рөлді сомдап, көрермендердің көзайымына айналған атақты опера әншісі, «Құрмет» орденінің иегері Айзада Қапонова бүгінгі «Айсұлудың» бейнесін көрсете білудегі көздеген мақсатын ортаға салды.
– Ана тілімізде қазақ операсын насихаттау бізге ерекше күш-жігер береді, атақты «Қыз Жібек», «Абай», «Біржан-Сара» опералары – соған дәлел. Былтыр «Қалқаман-Мамыр» операсын қойсақ, биыл осы «Айсұлу» операсын көрерменге ұсындық, – деді басты кейіпкерді сомдаған актриса Айзада Қапонова.
Жарты ғасырдан кейін қазақ сахналарына қайта оралған жарқын опера – «Айсұлу» жайында осы ғажайып туындыны жазған композитор Сыдық Мұхамеджановтың қызы Ләйла Мұхамеджанова былай деген болатын: «Бүгінгі «Айсұлу» – қазіргі заманғы қыздардың жиынтық бейнесі, сонымен қатар өмірде махаббат пен арман, мақсат тоғысқан жерде дұрыс шешім қабылдаудың жарқын үлгісі».
«Айсұлу» комедиялық операсы екі актіден тұрады. Кезінде пьеса ретінде «Беу, қыздар-ай» деген атпен белгілі болған. 1964 жылы композитор Сыдық Мұхамеджанов оған опера жазды. Оқиға желісі 1950 жылдардағы тың игеру науқанын қамтыды, қоюшы-режиссер оқиға желісін бүгінмен ұштастырған.
Премьера өте жоғары дәрежеде өтті. Серке рөліндегі Дінмұхамед Көшкінбаев та өз образын тамаша сомдап шықты. Сондай-ақ Хасен рөліндегі Шыңғыс Расылхан, Әубәкір болып сахнаға шыққан Талғат Аллабиринов өз рөлдерін асқан шеберлікпен орындады. Бұл көптен бері қойылмай жүрген дүние екені рас. Халыққа өте жақын спектакль екені көрерменнің ду шапалақтаған қолпаштауынан сезіндік. Шынында, қойылымды айына бір рет болса да көрсетіп тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені оның музыкасы, тақырыбы бүгінмен астасып жатыр.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ