Негізгі серпіліс – сөзден іске
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүйелі негізде бизнесті қорғау бойынша жұмыс жүргізуде. Оның басты шаралары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жүр. Соның ішінде «Бизнеске жол» жобасы шағын және орта бизнестің түйінді мәселелерін шешуге бағытталған. Яғни кәсіпкерлерге өз ісін табысты жүргізу үшін қажетті құралдар мен ресурстарды қамтамасыз етуге, өңірдегі кәсіпкерлік әлеуетті дамытуға және экономикалық өсуді нығайтуға жәрдемдесуге арналған.
Кәсіпкерлерге әртүрлі әкімшілік кедергілерді, құжаттарды ресімдеу кезінде әуре-сарсаңды еңсеруге көмектесу, мемлекеттік қызметшілер қабылдайтын шешімдердің мерзімі мен ашықтығын сақтауды қамтамасыз ету. Кәсіпкерлер жерді ресімдеу, сәулет және басқа да бақылаушы органдардан рұқсат алу, коммуникацияларды қосу, сондай-ақ мемлекеттік қолдауды (кредит, грант, субсидия) алу кезінде кездесетін нақты проблемаларды шешумен айналысады.
Кәсіпкерлердің құқығын тиісті деңгейде қорғауды қамтамасыз ету және қолайлы кәсіпкерлік орта құру мақсатында бұл бағдарлама өзектілігін көрсетті. Бұл кәсіпкерлердің күнделікті қызметінде кездесетін кейбір мәселелерді жылдам шешіп, қызметтің кідірмеуіне жол ашып, үдерісті жеңілдетуге бағытталған.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – әкімдіктің, мемлекеттік органдардың және мүдделі ұйымдардың өкілдері бизнесті қорғау мен дамытуға байланысты өзекті мәселелерді талқылайтын тұрақты кездесулерді ұйымдастыру. Бұл кездесулер пікір алмасу, тәжірибе алмасу, тиімді шешімдер іздеу және кәсіпкерлік қызметті қолдау үшін қажетті шараларды қабылдау алаңы ретінде қызмет етеді.
Ресми деректерге қарасақ, 2023 жылдан бастап «Бизнеске жол» жобасы аясында мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынас кезінде туындайтын әкімшілік кедергілерді жоюда кәсіпкерлерге көмек көрсетілген. Жоба іске қосылғаннан бері 49 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, шамамен 800 мәселе шешілді. Биыл 179 іс бойынша 20 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды және оларға көмек көрсетілді.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқығын әкімшілік заңнама аясында қорғау бойынша да жұмыс жүргізілуде. Мысалы, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактісі бойынша Астана қаласы Байқоңыр ауданының Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары жауапкершілікке тартылды. Аталған тұлға кәсіпкерге қатысты заңсыз салық актісін шығарып, шот-фактураларды жазуға шектеу қойып, оның қызметін тоқтатуға мәжбүрлеген. Нәтижесінде сот құқық бұзушыға 258440 теңге көлемінде айыппұл салды.
Жалпы биыл кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін 26 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
«Негізгі серпіліс – сөзден іске» жобасының авторлары атап көрсеткендей, ел дамуының басты ойыншыларының арасындағы тәртіп пен талап бизнестің басты жолын құрамақ.
Айгүл УАЙС