Гимнастика спортын дамытады
Астана қаласы әкімдігінің №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі — Қазақстанның гимнастика спортын дамытуға арналған, болашақ олимпиадалық чемпиондарды тәрбиелейтін жетекші мекеме. Жоғары білікті мамандар мен заманауи жаттығу әдістерінің арқасында мектеп спортшылары халықаралық аренада ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінуде.
Мектеп 1988 жылы Целиноград облыстық білім басқармасы қарамағында ашылды, уақыт өте келе еліміздің үздік спорт мектептерінің бірі ретінде танылды. Осы жылдар ішінде мектепте талай дарынды спортшылар дайындалып, олардың олимпиадалық деңгейде жетістіктерге жетуіне жол ашылды.
-Біздің мектепте оқушылар көркем гимнастика, спорттық гимнастика, батуттық гимнастика және спорттық құзға өрмелеу сынды спорт түрлері бойынша өздерінің қабілеттерін шыңдайды. Спорттық жетістіктерге жету үшін бапкерлер мен хореографтар үлкен еңбек пен ынта-жігер жұмсайды. Мектебімізде қазіргі таңда 44 тәжірибелі жаттықтырушы мен хореограф жұмыс істейді, олар спортшыларымыздың білімі мен дайындығын үздік деңгейде қамтамасыз етеді. Мектебіміздің мақсаты — әрбір тәрбиеленушінің қабілетін толық ашып, оларды нағыз чемпиондар етіп шығару, – дейді аталған спорт мектебінің басшысы Данияр Тулегенов.
Мектеп ұжымы ел даңқын асқақтататын жас таланттарды тәрбиелеп, халықаралық аренада еліміздің спорттық беделін арттыруда үлкен жұмыс атқарып келе жатқанын мақтан тұтады. Бүгінде мектепте 530 спортшы шеберлігін арттырып, алдағы үлкен жарыстарға дайындалуда.
-Спортшыларымыздың денсаулығын сақтау мен жарақаттардан сақтандыру да мектептің басты назарында. Біздің мектепте арнайы медициналық қызметтер ұсынылып, спортшылардың денсаулығы мен физикалық жағдайы үнемі бақылауда болады. Мектебіміздің гимнастика саласындағы жетістіктері — бұл тек жаттықтырушылар мен спортшылардың қажырлы еңбегінің жемісі ғана емес, сонымен бірге еліміздің спорттық болашағына қосқан маңызды үлес, – дейді мектеп басшысы.
Биыл мектеп шәкірттері қалалық жарыстарда 117 алтын, 112 күміс және 129 қола медаль, республикалық жарыстарда: 47 алтын, 38 күміс және 49 қола медаль, халықаралық аренада: 18 алтын, 11 күміс және 24 қола медаль иеленді. Көркем гимнасшылар 2024 жылы өткен Азия Чемпионатында 2 алтын, 3 күміс, 2 қола жеңіп алды.
Жалпы мектепте 530 спортшы тәрбиеленеді. Соның ішінде көркем гимнастика бөлімінде 222 спортшы бар, олар 26 оқу тобына бөлінген. Сонымен қатар спорттық гимнастика бөліміндегі 162 спортшы 18 оқу тобына барады. Батуттық гимнастика бөлімінің 124 спортшысы 12 оқу тобында машықтанады. Спорттық құзға өрмелеу бөліміне қатысатын 22 спортшы 2 оқу тобында жүр. Мектептен ҚР ұлттық құрамына 76 спортшы кіреді.
-Мектеп спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында жаңа спорт залдары мен жаттығу алаңдарын салып, спорттық жабдықтар мен тренажерлерді жаңартуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар олимпиада чемпиондарын дайындауға бағытталған арнайы жаттығу бағдарламаларын әзірлеу арқылы олимпиадаға қатысу үшін қажетті дайындықты қамтамасыз етеміз. Біз талантты спортшыларды анықтау және қолдау мақсатында жыл сайынғы іріктеулер мен спорттық тестілеулер өткізіледі. Спорттық жетістіктерді арттыру үшін жас спортшыларды халықаралық жарыстарға қатыстыру, жеңімпаздарды марапаттау және қолдау көрсету бағытында шаралар қабылдануда, – дейді Данияр Тулегенов.
Мектеп басшысы алдағы жоспарымен бөлісті. Алдағы уақытта көркем гимнастика залының құрылысын жүргізу, спорттық нәтижелерді жақсарту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жаттықтырушылар мен хорегорафтар үшін шеберлік сыныптарын ұйымдастыру, спорттық іс-шараларды өткізу және қатысуды жалғастыру, спорттық инфрақұрылымды дамыту көзделуде.
Райхан Рахметова