Қасиетті қаламға деген құштарлық бәрімізді Алматыға алып келді. Сөйтіп, біз қазақтың маңдайына біткен жалғыз журналистика факультетінде жүздестік. Бағымыз жанды. Сен күллі университеттің мақтаныш-мерейіне айналдың. Лениндік стипендиат атану, Алматы қалалық кеңесіне депутат болып сайлану үлкен жетістік еді.
иплом алысымен республикамыздың ең үлкен газетіне қызметке бардың. Шығармашылық тұрғыда шыңдалған үстіне шыңдалдың. Қызметтес ағаларыңның ғажап қасиеттерін бойыңа молынан сіңіріп, басшылық жұмысқа тартылдың. Не керек, «Егемен» мен жалпымыз сүйіп оқитын жастар газетінен басқа газет-журналдардың бəрінде дерлік басшылық сара ізіңді қалдырдың. Мен үшін солардың арасында өзің бас редакторлық жасаған «Халық кеңесінің» орны ерекше. Сол газетте өзіңмен қызметтес болған жылдар – өмірімнің ең бір əдемі, əсерлі кезі. Еліміз бен халқымыздың талайлы тағдырына байланысты қаншама мəселені көтердік. Парламенттің үніне айналдық. Өзің үшін қазақтың тілі де, діні де, жері де, тарихы да, тағдыры да аса қымбат еді. Сатылмайтын, санадан сайрап шығатын, жаныңды жылытып шығатын кіндік қан тамған топыраққа деген махаббатты, қимас сезімдерді «Ана тілінде» жарияланған «Қолыңды бер, Қайыңды!» деген эссеңде де ағыңнан ақтарыла жеткізіпсің, Жүке! Аяулы анаң мен ардақты əкеңнің табан іздері қалған, маңдай терлерімен көркейткен киелі ауылыңды енді қайтып көре алмайтыныңды сездірді ме екен Жаратушы иеміз. Əйтеуір, ауылыңның алпыс жылдық тойына бара алмай, Алматының ағарып атып келе жатқан арайлы таңында келместің кемесіне мініп, «Қош бол, қазағым, қаламдас достарым!» деп те айта алмай кете бардың… Енді бізді сағыныштар қосады, аяулы досым менің…
Жасағаннан асып кете алмай
Иə, онда алабұртқан албырт шағымыз еді. Бір кездері республика басшылары отырған, одан кейін Қазақстандағы ең мықты оқу орындарының бірегейі болған ҚазМУ-дың көне ғимаратының алдында үміт пен күдіктің көкпарындамыз. Не болар екен? Қанша алар екенмін? Түсемін бе, түспеймін бе?.. Əрқайсысымыз осындай ойлардың шарпуында жүргенде дудыраған қалың шашы шоқтықтанған əдеміше жігіт қияқ мұртының ұшын саусағымен саумалай ширатып қарап тұратын. Ол азаматпен көп ұзамай таныстық. Екеуміз 1971 жылы бірге бақ сынасқан екенбіз. Жолымыз болмаған. Ол Арқалыққа таяу жердегі өзі оқыған Қайыңды орта мектебіне барып «пионервожатый» болған, содан азаматтық борышын өтеуге аттанған. Əскери бөлімнің жолдамасымен университеттің дайындық бөліміне түсіпті. Өзімен бірге оқыған он үш қыз-жігіт студент атанып, ҚазМУ қалашығы құрылысында жүр екен. Міне, солардың арасынан Жүкең – Жұмабек Омарұлы Кенжалин, біз кімдермен оқыр екенбіз деп, əр емтихан сайын жанашырлық Өниетпен келіп тұрды.
Сол жылы əр орынға бес талапкерден келіп едік. Отыз жетіміз оқуға түсіп, бақыт деген осы екен дедік. Керемет заман еді-ау! Жайлы жатақхана. Жақсы оқығандарымыз ай сайын 40 сомнан стипендия аламыз. Екінші семестрден бастап бəрімізден оза шапқан Жүкең жоғары стипендияға ие болды. Тағы бір артықшылығы – жүретін қызы бар екен. Көзі мөлдіреп, жүзінен нұр төгілген қалаулысы Əлимаға арнап «Айнұрым» деген əн де шығарыпты. Сөзін жазған да өзі. Домбыраның шегін баппен шертіп, сол əнді беріле шырқайды. Арамызда ақындар да, əдемі əн салатын жігіттер де көп болды. Қай-қайсысымыз да ғашықтық жырын шерттік. Алайда Жүкең секілді сүйген сəулелерімізге əн шығара алмадық…
Екінші курсқа көшкен жазда ол бір топ курстасымен Нарынқолда құрылыс отрядында болды. Күзде келе салысымен қолға тиген қомақты ақшаға көк базардың аумағындағы «Əсем» мейрамханасында үйлену тойын жасады. Артынша пəтерге шықты. Əлима екеуміздің өміріміздің дастаны ғой дейтін тұңғыштары Дастан дүниеге келді. Келер жазда екеуміз Қазақ радиосына қырық күндік өндірістік тəжірибеден өтуге бардық. Жүкең насихат редакциясында, ал мен жастарға арналған «Ұшқын» бағдарламасында болдым. Жатақханада ешкім жоқ. Астыңғы қабаттағы бір бөлмеде екеуміз ғана. Тоқ қасқаршаға шай қойып ішеміз де, редакциядағы ағайлардың ертең эфирден өтуге тиіс деп берген материалдарын жазуға отырамыз. Сонда күллі радио шығармашылығы қызметкерлері өткізетін апталық лездемеде мақталған Жұмабектің белгілі мүсінші жөніндегі «Мергенов мұраты» радио очеркін дайындау үшін Пушкин атындағы кітапханаға барғанына, түннің екінші жартысына дейін үстелден қозғалмай, толғаныста отырғанына куə болдым.
Жүкең өз сөзіне ие, əрбір ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын азаматтығынан бір айнымай өтті. Сондықтан республикамыздың бас газетінде басталған журналистік еңбек жолы, басшылық қызметі жақсы жалғасты. Былайша қарағанда, ол сол газетте жəне жастар басылымында ғана бас редактор болмапты, қалған республикалық газет-журналдардың бəрін дерлік басқарыпты. Соның ішінде өзім онымен «Халық кеңесі» газетінде қызметтес болған екенмін. Сол кезеңде Жүкеңнің жадырай сөйлесіп жүріп-ақ қарамағындағыларға зор талап қоя білетінін, газет жұмысына асқан жауапкершілікпен мəн беретінін көзбен көрдім. Нəтижесінде газетіміз ел-жұрт іздеп оқитын, халықтың көкейіндегі қай мəселеге де еркін араласып, ашық жазатын, таралымы ауқымды басылымға айналып еді…
Айта берсе, оның курстастарға деген алабөтен көңілі де өзінше əңгіме. Осы ойымның бір дəлелі – дайындық бөлімінен бірге оқыған Жайлаубай ағамыз бен Бақытгүл үйленгенде жаңадан алған пəтерінде дастарқан жайып, басымызды қосуы. Оған жерлестері Өтебай Қанахин, Үмбетбай Уайдин ағалар да қатысты. Екі жасқа ақ баталарын берді. Оны қалай ұмытайық?..
Одан соң университет бітіруіміздің бес жылдығы келді. Курстастардың қалам қуатын енді-енді көрсетіп келе жатқан кезі бұл. Артынша ешқайсысымыз байыбына барып болмайтын өзгерістер жетті. Қоғам да, оның адамдары да қатты өзгерді. 20, 25 жылдығымыз өтпей қалды. Ғасыр ауысып, жыл санауымыз 2000-нан асқанда ғана оң-солымызға қарадық. Сөйтсек, аудиториялас достардың біразынан мəңгілікке көз жазып қалыппыз. Əуелі Қалдыбай Бердалиевтен айырылыппыз. Одан соң Мəншүк Бағжаева, Мылтықбай Ысмағұлов, Əмір Оралбаев, Абдолла Сүлейменов, оның артынша Жұмабай Əбілев, Болатбек Орманов…
Алматылық курстастардың қай-қайсысымен де байланысымыз үзілмеген, үнемі дидарласып тұрамыз. Осындай басқосуда арамызда өмірдің өткіншілігі, уақыттың жүрдектігі сөз болды. «Биыл диплом алғанымызға отыз жыл толады, кездесейік» дедік. Осы ойымыз сəтімен жүзеге асты. Желкілдеген жігіт, əп-əдемі қыздар едік, бəріміздің жүзімізге жылдар ізін салыпты, мосқал тарта бастаппыз. Тіпті, кейбіріміз шырамытатындай дəрежеде өзгеріппіз. Осының өзі қызық көрінді бізге. Сағына қарайлайтын студенттік шағымыз, одан соңғы өміріміз, шығармаларымыз жəне көз жұмған жора-жолдастарымыз, аяулы ұстаздарымыз жөнінде жазылған.
«Құс қайтып оралды Алматыға…» деген кітап шығарып, өзіміз оқыған факультетте тұсаукесерін жасадық. Мұражайында болдық. Жүкең бəріміздің атымыздан қолтаңба қалдыр деген соң, пікір кітабына жылы лебізімді түсірдім. Университеттегі шырайлы жиынымыздың соңы мейрамханада жалғасты. Ертеңінде Тұздыбастаудағы Қайнардың еңселі үйінде ұзақ отырдық. Əр көңілде бір қуаныш, асып-төгілген əсерлі сезім, қимастық лебіздер легін ағытып ұзақ отырдық. Ойымызға ойлар қосылды. Соның қозғауы емес пе, Еркін, Сəбит үшеуіміз кітаптан кейін кітап жасап, оған «Отыз жыл өткен соң» деп ат қойдық. Міне, осының бəрі-бəрінің бел ортасында Жүкеңіміз жүріп еді-ау!..
Жұмабек біздей емес, үлкенге де, кішіге де «сіз» деп үзіліп сөйлейтін.
– Тəке, кітаптарды жақсы, əдемі, сауатты шығарасыз. Монографиям дайын, соны сіздің баспадан шығартсам қалай қарайсыз? – деді бірде. Əрине, өз ақшасына шығарып бердім. Одан кейін ҚазМУ-де өзі бастамашы болып ғылыми-тəжірибелік конференция ұйымдастырған екен. Соның материалдарынан жинақталған 60 баспатабақ ауқымындағы «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үрдістер: Қазақстанның қоғамдық-саяси баспасөзінің қалыптасуы мен дамуы» деген жинағын қолына тигіздім. Ризашылық көңілі тасып-төгілді. Ондай кезде ажарлы келбеті одан да əдемі болып кететін, соны көрдім. Міне, бəріміздің жүрегіміздің төрінен ойып орын алған Жұмабек досымыз сондай арда азамат еді ғой!
– Тəке, пенсияға шықтыңыз ба? – деді соңғы бір кездескенде.
– Ой, рахат екен! Ай сайын ақша шіркін өзі-ақ есік қағып келіп тұрады, – дедім.
– Ендеше, үйіңізден бір шай ішеді екенбіз ғой. Айтып қояйын, тек қана қымыз алыңыз. Қазір қымыздың кезі, – деді күліп. Бұл күлкісі əдемі күлкі болды. Сөйткен Жүкең, «зейнет демалысына шыққан күні қызметті тастап, ғылымға ден қоямын, жоспарлаған жұмыстарым жетеді» деген Жұмабегіміз бейнетінің зейнетін көруге үлгермеді. Бəрімізді оқытқан Қапан Қамбаров ағайымыздың көркем тілмен жазылған өмірбаяндық романында «Тағдырдан асып кете алман, мен де соның бірімін» дейтіні бар еді. Расында, ешқайсысымыз маңдайдағы жазудан асып кете алмайды екенбіз. Жүкең де тағдырының таспа жолы жеткен жерге дейін келіп, қош деген қимастық сөзін де айта алмай, мəңгілік мекеніне кете барды…
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы