Семіздік індетке айналмасын
Салтанат НАЗАРОВА, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары
Астана қаласында мектеп оқушыларының дұрыс тамақтануы мәселелеріне арналған семинар болып өтті. БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының қолдауымен өткен жиында «Агроазық-түлік жүйелерінің әлеуетін бағалау: Қазақстандағы мектеп оқушыларының дұрыс тамақтануы» мәселелері талқыланды. Жиын барысында Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назаровамен аз-кем тілдескен едік.
Әрбір бесінші балада артық салмақ
– Салтанат Әбдіқадырқызы, әлем бойынша миллиондаған адамның денсаулығына айтарлықтай әсер етіп, жаһандық эпидемияға айналған семіздік біздің елімізді де айналып өтпеді. Семіздік ауру ма, әлде өмір салты ма?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, жыл сайын семіздіктен шамамен 2,8 миллион адам қайтыс болады. Семіздікпен күресу – 2030 жылға қарай инфекциялық емес аурулардан болатын ерте өлімді үштен бірге азайту. Өйткені семіздік адамдардың өмір сапасы мен әл-ауқатына елеулі әсер етеді. Негізінде, семіздіктің алдын алуға болады. Тек жеке тұлға деңгейінде ғана емес, қоғам мен халық деңгейінде де шешімдер қабылдауды қажет етеді. Мемлекет осындай шешімдер қабылдауға ықпал етіп, халық үшін қолайлы орта құра алады.
– Еліміз семіздікпен қалай күресуде? Балалар арасында осы ауру туралы мониторинг жүргізіле ме?
– Қазақстанда семіздікпен күрес және оны алдын алу шаралары туралы қысқаша айтсам, ең алдымен, бізде дұрыс тамақтануды қолдау және физикалық белсенділікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар көп.
Әрине, елімізде балалар арасында кездесетін семіздік ауруына мониторинг жүргізу жүйесі бар. Артық салмақтың таралуын бақылау COSI (Балалардағы семіздік бойынша зерттеу бастамасы) зерттеу аясында жүзеге асырылады.
COSI мәліметтері бойынша, Қазақстанда 6-9 жас аралығындағы әрбір бесінші бала (20,6%) артық салмақпен өмір сүреді, олардың 6,6%-ы семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар, осы балалардың 44,7%-ның әкелері мен 30%-ның аналарында да артық салмақ немесе семіздік бар.
Елімізде азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін тұрақты түрде бақылау жүзеге асырылады. 2022 жылы әртүрлі жас топтары мен жынысына қарай макро және микроэлементтерді күнделікті тұтыну жөніндегі ұсынымдар қайта қаралды, қазіргі кезде олар соңғы ғылыми дәлелдерге негізделеді.
– Яғни, семіздіктің алдын алу мектептегі асхана қызметін дұрыс ұйымдастырудан басталатын шығар..
– Екі жыл бұрын Қазақстанда білім беру және тәрбие мекемелерінде, мектепке дейінгі ұйымдарда, балалар үйлерінде және балалардың сауықтыру-санаторлық орындарында тәтті сусындар мен энергетикалық сусындардың өндірісі мен сатылуы тоқтатылды.
2023 жылдың қыркүйегінен бастап бірінші және төртінші сынып оқушыларына бір рет тегін мектеп тамағы беріле бастады, ол макро және микроэлементтер бойынша теңестірілген. Бұл үшін мектеп тамақтануының стандарттары қайта қарастырылып, мектеп әкімшілігі мен оқушылардың ата-аналары тарапынан тамақтанудың сапасы мен дұрыстығын бақылаудың механизмдері енгізілді.
2022 жылғы мектеп оқушыларының денсаулыққа қатысты мінез-құлқы жөніндегі зерттеудің деректеріне сәйкес, 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 40%-ы энергетикалық сусындарды пайдаланып көрген. Энергетикалық сусындарды күнделікті ішетін балалардың үлесі 3%-ды құрайды (ұлдар – 3,3%, қыздар – 2,6%), ал аптасына 5-6 рет ішетін балалардың үлесі 17,5%-ды құрайды.
Энергетикалық сусынды сатуға тыйым салынады
– Не себепті энергетикалық сусындарды тұтыну көлемі артты?
– Энергетикалық сусындардың жастар арасында жоғары тұтынудың негізгі себептері – еркін сатылуы. Оның ішінде 21 жасқа дейінгі жастарға. Одан кейін бағасының қолжетімділігі. 410 теңге тұратын 0,4 литрлік банка, бұл кез келген мектеп оқушысына қолжетімді. Агрессивті маркетинг, яғни әлеуметтік желілерде, телеарналарда, ірі іс-шараларды (спорттық, мәдени) қолдау, жарнамалық акциялар, сергектік пен энергияның бейнесін қалыптастыру осының барлығы әсер етеді.
Балалардың және жасөспірімдердің денсаулығына байланысты қауіптерді ескере отырып биыл заң қабылданды. Сол заң аясында 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап энергетикалық сусындардың 21 жасқа дейінгі тұлғаларға сатылуына тыйым салады, соның ішінде сатушының қатысуынсыз автоматтар арқылы да сату тоқтатылады. Бұған қоса, 21 жасқа дейінгі тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуды бұзу үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу бойынша жұмыс жалғасуда, энергетикалық сусындардың жарнамасын да шектеу жоспарлануда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жобасы аясында «Денсаулықты қолдайтын кафетерийлер» және «Денсаулықты қолдайтын асханалар» желілері дамып келеді. 2023 жылы Қазақстанда 9 кәсіпорын іске қосылды, оның ішінде 6 кафетерий мен 3 дүкен бар. 2024 жылдың соңына дейін тағы 4 нысанды тарту жоспарлануда.
Дұрыс тамақтану мен спорт маңызды
– Дұрыс тамақтануды қалыптастыру бағытынан басқа қандай шаралар қолға алынады?
– Дұрыс тамақтануды қолдауға бағытталған салааралық жол картасы әзірленуде. Сонымен қатар физикалық белсенділікті дамыту. Денсаулықты насихаттау аясында 2023-2029 жылдар аралығында елімізде жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық іс-шаралар өткізілетін болады, ол бойынша барлық тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, физикалық белсенділікке ынталандырады.
Сонымен қатар, денешынықтыру мен спортқа тартылған халық санын арттыру үшін тиісті инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз ету қажет.
2022 жылдың қорытындысы бойынша спорт инфрақұрылымының қолжетімділік деңгейі 40%-ды құрады, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге арналған арнайы тренажерлер мен спорттық жабдықтар орнату арқылы 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарлануда.
Қысқаша айтқанда, семіздікпен сәтті күресу үшін әртүрлі мемлекеттік органдардың, бизнес пен қоғамның салааралық көзқарасы мен тығыз ынтымақтастығы қажет. Салауатты өмір салтын қалыпты жағдайға айналдыратын жағдай жасау және жүйелі шараларды енгізу ұлт денсаулығын жақсартады және ұзақ мерзімді перспективада семіздіктің таралуын азайтады.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ