Бүкіл қала – бір смартфонда
Елорда «ақылды» қалалардың қатарынан көріну үшін жаһандық тәжірибелерден қалыспай келеді. Қалалықтардың тұрмысын жеңілдетуді көздейтін жобалардың қатарындағы «Smart Astana» мобильді қосымшасы – соның айғағы. Білім беру, денсаулық сақтау, туризм, коммуналдық қызметтер, ойын-сауық секілді барлығы 70-тен астам қызмет түрін біріктірген қосымша көпшілікке қолжетімді. Астананың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, нашақорлық пен жемқорлық секілді дертпен күресте де жоба нәтижелілігі байқалады.
Тұрғындар тұрмысын жеңілдетеді
«Astana Innovations» АҚ бастамасымен жүзеге асырылған қосымша Play Market және AppStore дүкендерінде тегін жүктеледі. Ел астанасын заманға сай қарқынмен дамытуда «Smart Astana» мобильді қосымшасы өз тиімділігін көрсетіп, тұрғындардың сұранысы көп бірегей жобаға айналып келеді. Себебі қосымшаны жүктеп алушылар саны 637 мың адамнан асты. Ал белсенді қолданушылар саны 28 мыңнан астам адамды құрайды.
«Тұрғындар мобильді қосымша арқылы Астана қаласының ең қажетті қызметтеріне қол жеткізе алады. Жобаның басты мақсаты да сол – елордалықтарға ақпараттық қолжетімділік пен әртүрлі қалалық сервисті ыңғайлы етіп ұсыну. Мәселен, мобильді қосымшадағы маңызды сервистердің қатарында push-хабарламалар бар. Қала тұрғындарына қолайсыз ауа райы, аязды боран салдарынан мектептегі сабақтардың болмауы, жолдардың жабылуы, дәрігер қабылдауына жазылғаны, қалада алдағы уақытта өтетін іс-шаралардың ақпараты секілді хабарлар қолданушыға демде жетеді. Бас қалаға қатысты осы сынды тың мәліметтер «жаңалықтар» бөлімінде беріледі. Мұнда қалалық әкімдіктің ресми мәлімдемелерімен қатар, елордада өткізілетін мәдени және спорттық іс-шаралардың ақпараты да жарияланады.
Ата-аналар үшін қосымшаның тиімді тұстары баршылық. Мәселен, қаладағы білім беру ұйымдарымен танысу, олар туралы ақпарат алу сынды қызметтер кез келгенге қолжетімді.
Сондай-ақ «денсаулық сақтау» санаты арқылы дәрігер қабылдануына жазылуға, медициналық анықтамаларды тексеруге, «i-teka» жүйесі арқылы дәрілерді іздеуге, өзіңізге жақын орналасқан медициналық ұйымдар тізімін көріп, тіпті QR-кодты сканерлеп, емхана және медицина қызметкеріне қатысты ұсыныс-пікірлерді де қалдыруға болады.
Қалалықтардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығымен байланысын жеңілдету мақсатындағы тетіктер де қамтылып, қосымшаға су көрсеткішін беру және көмір бағасын қарап, бар-жоғын тексеру, байланыс нөмірлерін білу қызметтері қосылды. Астаналықтар үшін қатты отын қай жерде және қандай бағада сатылатыны туралы ақпарат қосымшада ұсынылған» деді өз сөзінде «Astana Innovations» АҚ Цифрлы сервистер департаментінің директоры Айдын Еспек.
Елорданың туристерге тартымдылығын арттыру негізінде халықаралық және ішкі әуе рейстерінің ұшу және ұшып келу уақытын, сондай-ақ теміржол вокзалы мен автобекет кестесін көруге мүмкіндік қарастырылған. Қала қонақтары үшін демалыс орындары, саябақтар және сауда орталықтарының тізімі жасақталған.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етеді
Мобильді қосымшадағы пайдаланушылар тарапынан сұраныс көп сервистердің қатарында «қауіпсіздік» санаты бар. Соның ішінде есірткіні жарнамалауға және таратуға қарсы бағытталған «Есірткіге жол жоқ» сервисінің қала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тиімділігі айқындалған. Есірткі заттарының заңсыз жарнамасын жедел жоюға бағытталған функцияның нашақорлықпен күрестегі үлесі бар екені сөзсіз. Пайдаланушы анықталған құқық бұзушылыққа қатысты фотосуретті немесе бейнені мобильді қосымшада тіркеп, кейін бұл өтініштер қарастырылып, әрбіріне қатысты құқық бұзушылық фактісі бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Астана қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, «Smart Astana» арқылы бүгінде 212 есірткі граффитиі туралы ақпарат келіп түсті. Ал есірткі затын жарнамалаған 200-ге тарта сайт бұғатталды.
Сол секілді «Stop жемқорлық» функциясы арқылы қала тұрғындары жемқорлық фактілерін азайтуға үлес қоса алады. Мұндағы «жемқорлық бойынша шағымдану» бөлімінде жемқорлық фактісі бойынша кімнің не талап еткенін, оқиғаның қай ауданда және қалай болғанын нақтылап жазып, шағым жіберуге болады. «Жемқорлық бойынша арыздану» тетігін басу арқылы көрсетілген арыз үлгісі толтырылып жіберіледі. «Сall-орталық 1424» фунциясы арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің call-орталығына қоңырау шалуға болады.
– «Smart Astana» мобильді қосымшасының сервистерін әзірлеуде халықаралық тәжірибе ескерілді. «Stop жемқорлық» функциясы мысалында қарастырсақ, кейбір елдер мобильді қосымшада орнатылған өтініштерді жылдам жіберу тетіктерін ұсынады. Мұндай механизмдер әсіресе, АҚШ пен Ұлыбританияда белсенді қолданылады. Олар пайдаланушыға қажетті деректерді толтыру, сканерлеу немесе құжаттардың фотосуреттерін тіркеу арқылы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы лезде хабарлауға мүмкіндік береді, – деді А.Еспек.
Осылайша, барлық қызмет пайдалануға ыңғайлы болуы үшін бірыңғай интерфейске бірікті. Тиімділігі мен ұтымды тұсы көп жоба қоғам сұранысына сай алдағы уақытта жаңа қызметтермен толықпақ. Оның ішінде «QalaQyzmet» жобасымен бірлескен қызметтер іске қосылып, астаналықтардың қалалық қызметтерге қолжетімділігін бұдан әрі жеңілдететін болады.
Индира Бержанова