Елімізде жаңа кәсіби мерекелер пайда болады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ведомство басшысының 8 жаңа кәсіби мерекені бекітуді көздейтін бұйрығының жобасын дайындады. Құжат 2024 жылғы 23 желтоқсанға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Кәсіби мерекелер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 258 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығының жобасындағы кәсіби мерекелер тізбесін келесідей атаулы күндермен толықтыруды көздейді:
– 28 қаңтар – қаржылық мониторингі органдарының күні;
– шілденің бірінші жексенбісі – теңіз және өзен көлігі қызметкерлерінің күні;
– тамыздың бірінші жексенбісі – теміржол көлігі қызметкерлерінің күні;
– қыркүйектің екінші жексенбісі – бақылау өлшеу аспаптары және автоматика саласы қызметкерлерінің күні;
– 2 қазан – Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күні;
– қазанның соңғы жексенбісі – автомобиль көлігі қызметкерлерінің күні;
– 10 қараша – бухгалтерлік есеп және аудит саласы қызметкерлерінің күні;
– 13 желтоқсан – қылмыстық-атқару жүйесі күні.
Бұдан басқа Ұлттық баспасөз күні мен Радио күні бүған дейін ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 16 тамыздағы № 668 қаулысымен бекітілуіне байланысты, аталған мерекелер қайталануды болдырмау мақсатында осы тізбеден алып тасталуы жоспарлануда.
Жаңа кәсіптік мерекелерді енгізу туралы ұсыныстарға тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары бастамашылық жасады.