Сәкен Сейфуллин және қазақ көсемсөзі
Алаштың арда ұлы Сәкен Сейфуллиннің поэзия, проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларындағы шығармашылық қызметімен қатар ұлттық көсемсөзімізді дамытуға зор күш-жігер, қажыр-қайрат жұмсағанын білеміз. Өйткен себебі, өз заманында бірқатар басылымдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, көптеген заметка, мақала, очерктер жазды. Публицист ретіндегі алғашқы қадамы 1913 жылы «Айқап» журналында басылған «Омбының центрально-фельдшерская школасы» («Айқап», №21, 1913 ж) атты мақаласынан бастау алды. Одан кейін осы журналда қазақ әдеби сынының пайда болғанын растайтын тұңғыш еңбегі – «Манап» драмасы туралы» атты мақаласы («Айқап», №23, 1914 ж) жарық көрді.
Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылық қызметінің жаңа кезеңі 1917 жылы басталды. Ақпан төңкерісінен кейін Ақмолаға қоныс аударған қайраткер журналистикаға екі білегін сыбанып кіріседі. Ол Уақытша Үкіметтің саясатына қарсы шығып, Ақмоладағы Қазақ комитетінің жетекшісі ретінде бірнеше бағытта жұмыс жүргізеді. С.Сейфуллиннің қатысуымен бір топ қазақ жастары «Жас қазақ» ұйымын құрады. 1917 жылы сәуір айында Сәкен белгілі публицист Рахымжан Дүйсенбаевпен бірге «Тіршілік» газетін шығарады. Бұл Кеңес өкіметінің жүргізген саясатын жақтаған алғашқы басылым еді. Тек бірнеше саны жарыққа шыққан тәуелсіз газеттің негізгі жүгін Сәкен Сейфуллин көтерді. Осы басылымда журналист, публицист ретінде Сәкен жарқырап көріне білді. Соның бір дәлелі – «Күзетші иттер» деген тақырыппен басылған өлеңмен жазылған памфлеті. Публицистикалық шығармасы сол кезеңде қоғамда үлкен резонанс туғызды. Кейінірек автор өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романында памфлеттің ішкі мазмұны туралы былай деп жазады: «Менің «Тіршіліктің» бір нөмірінде басылған «Күзетші иттер» деген өлеңіме комитет төрағасы Құсайын Қожамбердіұлы едәуір шамданып жүрді. Бірақ не қылсын? Комитет елден ақша жинамақ болды. Байдан да жеті жарым сом, кедейден де жеті жарым сомнан… Өздерінің батагөйлері, мың-мың жылқылы байлар – Сағынайдың Нұрмағамбеті, Олжабайлардан да жеті жарым сом, Ақмоладағы жатақ Балақаннан да жеті жарым сом… Әрине, біз бұған қарсы тұрдық. «Тіршілік» арқылы да, әсіресе ауызша сөз жүргізіп, комитетке жөнді ақша бергізбедік». («Тар жол, тайғақ кешу», 190, 79 бет).
Сәкен Сейфуллин өз мақалаларында елдің ішкі өмірі, халықаралық ахуалға қатысты ең көкейтесті мәселелерге ашық үн қосты. 1921 жылы 15 қыркүйекте «Қызыл Қазақстан» атты тұңғыш кеңестік журнал шыға бастады. Осы журналда «Тар жол, тайғақ кешу» романының алғашқы тараулары, бірнеше публицистикалық мақалалары жарияланды. Атап айтсақ, 1922-24 жылдары «Аштардың рухы», «Октябрь һәм ұлт мәселесі», «Иван мен Мырзабек», «Биылғы совет сайлаулары», «Ленин һәм оянып келе жатқан Күншығыс», «Қазіргі саяси хал һәм Октябрь революциясының 6 жылдығы» атты мақалалары басылды. Соңғы мақаласында С.Сейфуллин төңкерістен кейінгі елдегі ахуалмен қатар, газет оқырмандарын әлемдегі саяси жағдаймен таныстырып, сараптама жасаған.
«1923 жылдың 7-ноябрінде Ұлы Октябрь төңкерісіне 6 жыл толады. Сол ұлы төңкеріске, ұлы өзгеріске 6 жыл толған қарсаңындағы жер жүзінің жалпы саяси жайы, оның бер жағында Европа елдерінің саяси жайы тасыған теңіздің ортасындағы қалтылдаған жеңіл қайық сияқты… Қазіргі Европадағы байлардың, төрелердің халдері «өте қауіпті, өте қорқынышты, өте тынышсыз». Қазір Европадағы байлар мен олардың үкіметтері жанталасып өздерінің байлықтарын, үкіметтерін қолдарынан шығармауға аласұруда» («Қызыл Қазақстан», №22, 1923 ж) деп Еуропадағы саяси ахуалдың шиеленісіп, бай мен кедей боп тартысқанын ашық жазады.
Сәкен Сейфуллиннің ұлттық көсемсөзге деген адалдығы, туған халқына шын берілгендігі, ұлтшылдығы мен халықшылдығы осы журналда басылған «Октябрь һәм ұлт» деп аталатын өткір мақаласынан көрініс тапты. Ол Кеңес өкіметін жақтай отырып, ұлт мүддесін де ашық айтты. «Россияда әр ұлттың автономиясы құрыла бастады. Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Татарстан, Қалмақ, Украина, Белорусь, Қырғыз, Әзербайжан, Дағыстан һәм басқа автономиялар құрылып, бәрінде коммунистер жобасымен совет үкіметтері құрылып, бәрі құрасып, орталық үкімет Мәскеуде болып жалпы россиялық бірдейлік негізіне құрылған құрамалы Советтік Республикасы болды. Мұндай үкімет жасау, қазіргідей тәртіп жасап іс жүргізу – коммунизмнің түпкі мақсатына бару үшін жасап отырған жол. Басқа түрлі үкімет жасалса, басқа тәртіппен іс жүргізілсе, коммунизмнің түпкі мақсаты, жер дүниеге бірдейлік, туысқандық, махаббат, бақыт орнатуы қиын» («Қызыл Қазақстан» журналы, 192, 231 бб) деп кеңес өкіметінің негізгі мақсатын оқырманға түсіндіріп береді.
Айтпақшы, қазақ әдебиеттанушы ғалымдары Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы бір жағынан тарихи-мемуарлық шығарма десек, екінші жағынан публицистикалық роман деуге толық негіз бар. Себебі бұл еңбекте автор очеркті де, мемуарды да, публицистиканы да, саяси сатираны да шебер тоғыстырып, тарихи құжаттар мен фактілерді ұтымды пайдаланған» деген шынайы әділ баға бергенін айтуымыз керек. С.Сейфуллин бұл басылымдардан бөлек, «Ұшқын», «Еңбек туы» (екеуі де бір газет) газеттеріне әдеби шығармаларын, публицистикалық материалдарын жіберіп, белсенді атсалысты. Мысалы, «Ұшқында» «Ғабдолла тірі екен!» деген мақаласы, кейін ол газеттің атауы «Еңбек туы» болып өзгергенде «Советтік Россияның жайы», «Совет өкіметі һәм оның дұшпандары» атты мақалалары, әйгілі «Жас қазақ марсельезасы» деген шығармасы жарық көрді. Сәкеннің тума таланты мен публицистік қыры «Еңбекші қазақ» газетіне (қазіргі «Егемен Қазақстан») редактор болып тағайындалғаннан кейін ашыла түседі. Қазақстан өлкелік партия комитеті мен Қазақстан орталық атқару комитетінің басты органы болған бұл газеттің алғашқы саны Орынборда 1921 жылы 7-қарашада жарық көрді. Ал 1922 жылдың күзінен 1924 жылдың көктеміне дейін Сәкен Сейфуллин «Еңбекші қазақтың» редакторы қызметін атқарды. 1922 жылдың соңы мен 1923 жылдың ортасына дейін басылымда 60-тан аса мақалалар шығарды. Екі күннің бірінде газетте Сәкеннің мақалалары басылып, шығып жатты. Көбінесе «Манап Шамиль» деген бүркеншік есіммен қол қойды, «Сәкен» деп те шығарды.
Атап айтарлығы, ол бұл жылдарда өзінің ұлтшылдық қасиетін айқын аңғартты. Ұлттық көсемсөздің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Енді осы сөзімізге дәлелдер келтірейік. Белгілі зерттеуші-журналист Амантай Кәкеннің www.abai.kz сайтында жарияланған «Сәкен Сейфуллин-120» атты мақаласынан Сәкенді қудалау мен қаралау 1937-38 жылдары мен сонау 20-жылдарда-ақ басталғанын аңғарамыз. «Қазақ десе жүрегі елжіреген ақын бабамыз ұлт мәселесіне келгенде жоғары жақтың кейбір ұнамсыз деп ойлаған шешімдеріне қарсылық көрсеткенін байқатып та қалды. Мәселен, коммунистік партия мүшесі үшін барып тұрған тәртіпсіздік болып табылатындығына қарамастан, облыстық партия комитетінің 1923 жылдың 23 қаңтарындағы «мұндай іс-шараны кеңес органдарының өткізуіне болмайды деп есептейміз» деген қаулысымен санаспай, бұрынғы Алашорда көсемінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойын өткізуі өкіметке әдейі жасалған қарсылық әрекетіне (саботаж) ұқсас шаруа еді. Совнарком төрағасы мұнымен қоймай, қаулы шыққаннан кейін бір жұма өтпей жатып, 28 қаңтарда сол салтанатты жиынға қатысты, құттықтау сөз сөйлеп, газетке арнайы мақала жазды («Еңбекші қазақ», 30 қаңтар 1923 ж.), «ұлтын сүйген шын ұлтшыл», «ешкімді бай мен кедейге бөлмей, «қазақты ғана сүйетін адал ұлтшыл», деп Ахаңның тарих төрінен алатын орнын тұңғыш рет анықтап берді. Совнарком төрағасы бола тұрып, бұрынғы Алашорда көсемінің бірі Ахмет Байтұрсыновты қолдап-қолпаштауы және баспасөз бетінде жағымды пікір білдіруі оның әр қадамын бақылап отырған қарсыластарына ұнай қоймағаны белгілі. Басқасын былай қойғанда, қарамағындағы Ішкі істер халкомы Әбдірахман Әйтиевтің «Степная правда» (қазіргі – «Казахстанская правда») газетіне «Фактические правки» деген мақала жазып, үкімет басшысының сөзін жоққа шығаруға тырысып, наразылық білдіруін қайтерсіз. Айтқанынан қайтпайтын дауылпаз ақын шегінуші ме еді, екі аптадан соң «Еңбекшіл қазақ» газетінде (15 ақпан 1923 ж.) «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деп мәселе көтерді. Патша заманында орталықтың анықтағанындай, өзін «киргиз» деп жүрген және соған бой ұсынған аймақтың енді «қазақ» болайық деп ұрандатуы отаршыл шенеуніктерге ғана емес, кейбір ел азаматтары үшін де тосын естілгендей болды. «Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығаруы керек. «Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік» деп жазды ол (Бұл әңгіме ұзақ талқыға түсіп, ақырында Сәкен Сейфуллин қызметінен кеткеннен кейін 1925 жылдың 18 сәуірінде Кеңестердің V Бүкілқазақтық съезі «бұдан былай қырғыз қазақ деп аталсын» деген қаулы қабылдағаны белгілі – А.К.).
1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде С.Сейфуллиннің «Баспасөзді күшейту жұмысы» атты өткір мақаласы басылды. Онда автор қазақ баспасөзінің сол кездегі хал-ахуалын ешбір боямаламай жеткізіп, газет шығару ісіндегі кемшіліктерді батыл сынға алды. «Бұл газет-журналдар күні бүгінге дейін түрлі себептермен нашар шығып келеді» деген пікірі әлі күнге дейін өзекті. Арада бір ғасырдан аса уақыт өтсе де, қазақ баспасөзінің Сәкен Сейфуллин көтерген мәселелері әлі шешілмеген күйінде қалып отыр. Баспасөзге жазылу мен тарату, оқырманның аздығы, қаражат тапшылығы, баспасөзге жергілікті жерлерден жазатын адамдарды тарту деген мәселелер әлі бар. Сол мақаласында: «Қазақ еңбекшісі! Газет оқымасаң меңіреу, құлақсыз саңыраусың! Әр үкіметтің, әр қауымның, әр таптың ойы, істемек ісінің аңғары, жобасы газеттерге түсіп отырады… Енді сілкініп газет оқу керек, қазақ кедейі қатардан қалма» деп қалың елді газет арқылы сауат ашып, білімге ұмтылуға үндейді. Бұған қоса, аталған газеттегі «Қазақ жұмыскер кедейлері газет-журнал оқулары керек» деген тақырыппен басылған мақаласында баспасөздің пайдасы туралы ойын әрі қарай жалғап: «Адамзатқа екі түрлі ас керек: біреуі – тәніне, біреуі – рухына. Рухына керектің үлкені газет, журнал, кітап оқу. Газет оқыған адамның білімі дүниеге, тұрмысқа көзқарасы бірте-бірте кеңейе берсек, маңайында болып жатқан істердің не екенін, маңайында сапырылысып әрекет етіп жатқан адамдардың кім екенін, һәм өзінің кім екенін білмек» деп жазады. («Еңбекші қазақ» газеті, 192, 293 бб).
1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің №87 санында шыққан «Ұлт мәселесі туралы баяндама» атты мақаласында: «Қазіргі уақытта ұлт мәселесінің шешілуі – кеңестік республикаларының одақтастығы. Бұл одақтың негізі ықтиярлық, еркіндікпен құрылу керек әм бұл одақтыққа кіретін мүшелердің теңдігімен құрылу керек. Ешбір халықтың одақтығы егер де оның негізі ықтиярлықпен салынған болмаса, ешбір халықтардың бірлесуін ешқашан мықты, берік алмайды. Мұны біздің айқын-ашық айтуымыз керек. Одақтың берік болуының екінші негізгі шарты, сол одақтыққа кірген халықтардың закон хұқық ретінде бір-бірімен тең болуы. Және одақтыққа кірген республикалардың бәрі сол одақтықтың пайдаларын бірдей пайдаланады. Әм одақтықтың жалпы пайдасына өздерінің кейбір пайдаларынан бірдей шағып сол жалпы іске бағыштайды. Құрама кеңес мемлекетіндегі барлық халықтар, құр закон, заң ретінде ғана тең болмай, іс жүзінде тең болулары керек. Құқық закон ретіндегі теңдікті біз жарияладық, оны енді қажетке шығарамыз. Іс жүзінде ғамалға асырамыз. Барлық ұлттардың, барлық жұрттардың рәсім ретімен қанша құқықтары болса, одақтыққа кірген ұлттардың соншама құқықтары болады. Бірақ кейбір ұлттар өздерінің өнер-білім ретінде надандықта артта қалғандығымен революцияның (төңкерістің) алып берген құқықтарын пайдалана алмайды. Міне, осы көп кемшілік қылады. Бұл мектеп, медіресе әм ана тілі мәселелерінен гөрі зорырақ мәселе» деп ұлттық мәселенің анық-қанығын ажыратып түсіндіріп жазды.
Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, Сәкен Сейфуллин – ұлттық көсемсөздің дамып-жетілуіне зор үлес қосқан қаламгер-қайраткер екені даусыз. Өмірлік ұстанымдары арқылы күрескер ретінде қызмет етіп қана қоймай, қаламының қуатымен ұлтына, еліне пайдасын тигізу, сын сағатта ұлттық мүддені өз қарақан басынан биік қою – екінің бірінің қолынан келмейді. Ал Сәкен Сейфуллин – қазақ көсемсөзінің тарихында ойып орын алған, өзі ғұмыр кешкен кезеңнің тарихын адалдықпен жазып қалдырған тұғыры биік тұлға. Саналы ғұмырының ширек ғасырында 200-ден астам мақала, әртүрлі шығармалар жазған публицистің еңбегі әлі лайықты бағаланбай келеді. Ең бастысы, Сейфуллин публицистикасының өзгешелігі сол, әр шығармасынан, әр мақаласынан сол заманның жүрек дүрсілі, шырылдаған шындығы айқын көрініп тұратындығы. Сәкен атамыз өз ұлтын жан-жүрегімен сүйді, өз ұстанымдарына адалдық танытты. Біз бұл еңбекте С.Сейфуллиннің публицистикалық еңбектерін толықтай талдауды мақсат еткен жоқпыз. Тек, оның ұлттық көсемсөзді өркендетуге қосқан үлесін ілім-білім қуған ұрпаққа жеткізуді жөн көрдік.
Төлен ТІЛЕУБАЙ