Салауатты тамақтанудың жолы бар
Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымы азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) еліміздегі байланыс және серіктестік кеңсесі Қазақстан мектептеріндегі салауатты тамақтану тақырыбына арналған іс-шара өткізді.
Семинардың басты мақсаты – ауылшаруашылық азық-түлік жүйесін жақсарту бойынша шешімдерді әзірлеу және елде мектептерге салауатты тамақтану шараларын енгізу. Соңғы онжылдықта қазақстандықтардың тамақтану әдеттерінде жағымсыз өзгерістер орын алып отыр. Майлы ас, трансмай қышқылдары, қантты және тұзды тағамдарды кеңінен тұтыну алаңдатады. Мектеп жасындағы балалар арасында қантты сусындарды тұтыну және электронды құрылғыларға жұмсалатын уақыт артып келеді, бұл артық салмақ пен семіздіктің өсуіне ықпал етеді. Қант пен майлы тағамдарды тұтынушылар арасында мектеп оқушылары ең осал топтардың бірі болып тұр. Жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін балалардың салауатты тағамға, дұрыс тамақтану туралы біліктілікке үйрету және салауатты әдеттерді дамыту үшін мектепте біртұтас тамақтану саясаты қажет.
Іс-шараның басты талқыланатын тақырыптары негізгі мүдделі тараптардың, соның ішінде Парламент депутаттарының, министрліктер (білім, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау) өкілдерінің, жергілікті билік органдарының, фермерлердің, бөлшек сауда орындарының, мектептер мен азаматтық қоғам ұйымдарының әлеуетін арттыру болады.
Мектептегі салауатты тамақтануды қамтамасыз ету үшін агроазық-түлік жүйесінің тұжырымдамасын енгізу жолдарын әзірлеу маңызды. Қатысушылар сонымен қатар мектептегі тамақтану саласындағы озық халықаралық тәжірибені талқылап, Қазақстандағы мектептегі тамақтануды ұйымдастырудың ағымдағы жағдайын қарастырмақ.
«Мектептерді қазақстандық өндірушілердің сапалы және қауіпсіз өнімдерімен қамтамасыз ету механизмдері мен іс-шаралар жоспарын әзірлеу – күн тәртібіндегі маңызды тақырып. Бүгінгі таңда теңдестірілген мәзірді ұсынатын тамақтану стандартын әзірлеу мәреге жетті. Сондықтан оқу орындары мен шаруа қожалықтары арасындағы өзара тиімді серіктестікті жүзеге асыруда семинарға қатысушылардың қосқан үлесі ұшан-теңіз» деді ФАО-ның салауатты тамақтану жөніндегі ұлттық маманы Жанар Толысбаева.
Семинарға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мүдделі министрліктердің өкілдері, пилоттық аймақтардың жергілікті билік өкілдері, негізгі қызмет көрсетушілер, фермерлер, саудагерлер, мектептер мен азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері қатысты. Негізгі баяндамашылардың қатарында жоба менеджері, ФАО-ның мониторинг және бағалау жөніндегі маманы Клемент Лорвао, осы ұйымның тамақтану және азық-түлік жүйелері жөніндегі қызметкері Ти Киан Сью, сарапшы Анико Немет бар.
Айгүл УАЙС