Мәскеудің мәдени күндері өтті
Мәскеудің Астана қаласындағы мәдени күндері аясында түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Көрші елдің белгілі спортшылары мен өнерпаздары шеберлік сабағын өткізіп, концерт берді. Бағдарламада көрме, спорт жарысы, басқа да іс-шаралар болды.
«Достық көпірі» атты шахмат турниріне Астана қаласының балалар құрамасы, Мәскеу қалалық думасының және Астана қалалық мәслихатының депутаттары қатысты. Қатысушылардың барлығына депутаттар атынан 50000 теңге көлеміндегі сыйлық сертификаты тапсырылды. Оны «Sana Sport» кешеніндегі спорт секцияларына жазылу немесе Marvel дүкендер желісінен тауар сатып алу үшін пайдалануға болады.
«Бұл турнирде жеңімпаздар мен жеңілгендер болған жоқ. Сайыс достық пен ынтымақтастықтың символына айналды» деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.
Музыкалық жас көрермен театры мен М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Ресейдің театр және кино актері, режиссер, Ресей Федерациясының халық әртісі Александр Галибинмен өткен кездесуге қаладағы театрлардың өкілдері мен болашақ актерлер қатысты. Өнерпаз астаналық студенттерге шеберлік сағатын өткізді.
«Театр өмірді сан алуан бояуда көрсетеді. Бұл өнер түрі өмір көрінісін зерттеуді талап етеді. Себебі театр – үлкен ғылым. Егер сіз өз салаңызды жан-жақты зерттемесеңіз, онда сіз кәсіби актер не режиссер бола алмайсыз. Кездесу барысында аудиторияға осыны айтқым келді. Маған бұрын да, қазір де театрда болсын, кинода болсын, ең бастысы, адамның өзі қызық. Әсіресе оның ішкі жан дүниесін, қорқынышын, тағдырын, уайымын зерттеу қызықтырады. Ал зерттеу тәсілі әртүрлі болуы мүмкін» деді Александр Галибин.
Спикер «Студенттерге қандай пайдалы кеңес бересіз?» деген сауалға «Студенттік өмірдің әр минутын мектепте меңгермеген дүниелеріне арнау қажет. Бұл – оқу, көру, үйрену, тыңдау, есту. Бұл – кеңес емес, өмірде белгілі бір жетістікке жеткісі келетін адамның бәрі орындауы қажет дүниелер» деп жауап берді.
Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров қонаққа театр ішіне шағын экскурсия ұйымдастырып, таныстырып шықты.
«Бұл театрда жұмыс дұрыс ұйымдастырылған. Мұнда қызмет ететін адамдарға шығармашылық жағдай жасалған. Менің ойымша, бұл – ең басты дүние. Залға кірген бойда әдемі атмосфера сезіледі» деді ресейлік режиссер.
Сөз соңында ол Астана туралы өз ойымен бөлісті.
«Астанаға бірінші рет келуім емес. Мен бұл қалаға ғашықпын. Елорда маған ұнайды. Ол – талантты жастарға толы жас қала. Менің ойымша, болашақ – соларда» деп сөзін түйіндеді Александр Галибин.
«Алау» мұз айдыны сарайында атақты мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Александр Ягудин шеберлік сағатын өткізді.
«Қазақстанда шеберлік сабағын бірінші рет өткізіп жатқан жоқпын. Бұдан бұрын еліңізге Денис Теннің шақыруымен келіп, бұл сабақты екеуміз өткізетін едік. Денис әрқашан менің жадымда, Алматыда болғанымда зиратына бардым. Мен балаларды жақсы көремін. Әрине, талантты және таланты кемдеу, бірақ басқа салада өзін көрсететін балалар бар. Мұндай жаттығулар – ұрпақтар арасында көпір іспеттес, оларды байланыстыратын тетік жастарға жаңа биікке шығуға мүмкіндік беретін іс-шара» деді Александр Ягудин.
Оның айтуынша, балаң шағында ол Санкт-Петербург қаласында 1994 жылғы ақ Олимпиада чемпионы Алексей Урмановпен бірге жаттықты. Тәжірибелі спортшы оған кеңес беріп, үйрететін. Бұл жағдай жас Сашаға шабыт берді.
Бейбітшілік және келісім сарайында Мәскеу үкіметі атынан концерт ұйымдастырылды. Онда танымал эстрада әншісі, Ресей Федерациясының халық әртісі Дмитрий Маликов, басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.
Сабина КӘКІМЖАН,
Максим УДОД