Әлеумет

Балалар ерте солмасын

Жасөспірімдер мен балалар арасындағы суицид фактілерінің жиілеп, сондай жаз­­балардың әлеуметтік желіде көп көрініс табуы биыл бәрімізді қатты алаңдатты. Айтқан сайын бірінің артын ала екінші оқиға тіркеліп жатты. Әдетте, балалардың бойындағы келеңсіз жағдайларды жасөспірім шақтағы өтпелі кезеңнен көріп келдік, онымен күресуге психологтар бекітілген. Алайда соңғы жайттар одан да басқа қауіптердің бетін ашты.

Мемлекеттер арасында жас­өспірімдер суицидінің саны бойынша еліміз көш басында тұрғаны бұрын да жазылып жүрді. ­Суицидолог Михаил Смецкийдің айтуынша, бұл Қазақстандағы ең өзекті әлеуметтік мәселе саналады. Расымен де, БҰҰ Балалар қорының жариялаған есебі бойынша 2014 жылы өзіне-өзі қол салу Қазақстандағы жастар мен жасөспірімдер арасындағы өлімнің ең көп себебі болған. Мамандар суицид статистикасын жасырын ұстайды. Оған қолжетімділік жоқ. Мәселен, Астанада балалар суицидінің санын білу үшін қалалық психикалық денсаулық орталығына ресми өтінім жолдау керек. Дегенмен суицидолог Астана Қазақстанда суицид саны бойынша төменгі орында екенін жеткізді.

Ал елордадағы психологиялық қолдау орталығы психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы ­Элеонора Кошаналиева Астанада суицид жасауға талпынған балалардың бұлай етуіне не себеп болғанын былайша түсіндіреді:

– Әртүрлі мектепте оқитын 12, 13, 14 жастағы қыздар өз қолдарын тіліп «self harm», яғни өзіне-өзі зиян келтіру әрекетін жасаған. Жеке кеңес беру барысында барлық оқушы өз ата-анасына өкпе-реніші бар екенін айтып, ата-ананың қаталдығынан тіл табыса алмайтынын және олардың махаббаты жетпейтінін айтқан. Суицид себептерін зерттеу жұмысы өзіне-өзі қол салуға ұмтылыс балаларға ата-ана тарапынан махаббат пен мейірім жетіспеуінен, қолдау мен қамқорлықты сезінбегендіктен, баланың ата-анасымен эмоциялық қарым-қатынастың болмауынан, ата-ананың шектен тыс қатал болуынан, сыныптастары арасында қарым-қатынастың дұрыс қалыптаспағанынан және бала жанын түсінетін адамдардың болмауынан, сонымен қатар өзіне назар аудартқысы келгендіктен жасалатынын көрсетті, – дейді бөлім басшысы.

Астанада қалалық Білім басқармасы тарапынан суицидтің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылған. Атап айтқанда, суицидтің алдын алу үшін қанатқақты жобалар іске қосылған. Бұл жобалар бойынша жұмыс бірнеше бағытта жүргізіледі: кәмелетке толмағандардың ­суицидтік мінез-­құлқының қауіп факторларын анықтау бойынша жұмыс, ­суицидтік мінез-құлыққа бейім жасөспірімдердің анықталған тобының балалары мен ата-­аналарына (заңды өкілдеріне) психологиялық кеңес беру түрінде көмек көрсету.

– Суицидтік мінез-құлқының қауіп факторларын анықтау бо­йынша жұмыстарға кәмелетке толмағандардың аутодеструктивті, оның ішінде суицидтік мінез-құлықтың пайда болуына ықпал ететін факторларды анықтауға мүмкіндік беретін психодиагностикалық іс-шаралар жүргізу жатады. Психодиагностика нәтижелері бойынша анықталған «суицидтік қауіп-қатері» бар жасөспірімдер тобына психологиялық кеңес беріліп, қажет болған жағдайда, олар алгоритмге сәйкес денсаулық сақтау мамандарына бағытталуы мүмкін, – дейді Элеонора Кошаналиева.

Маманның айтуынша, әдетте, өз-өзіне қол жұмсайтын балалар материалдық жағдайы өте төмен отбасынан да, әлеуметтік жағдайы жақсы, ауқатты отбасынан да шығады, ол балалар көбіне авторитарлы стильде тәрбиеленген балалар болып келеді.

– Мектепте осы бағытта психологтар тұрақты жұмыс жүргізеді. «Stop буллинг» флаерлері барлық мектепте ілінген. Қажет кезде кез келген бала QR-код арқылы хабарласа алады. «Мобильді топ» жұмыс істейді. Келеңсіз жағдайда мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп психологтары, әлеуметтік педагог, сынып жетекшілер балаға көмек береді, – дейді спикер.

Бөлім басшысының айтуынша, мұғалімдер баланың бойынан өзгеріс байқаса, баламен жеке қалып сөйлесуі, жеке басы, отбасы немесе сыныптастарының қарым-қатынасы туралы ойын білуі қажет. Керек болса, ата-ана­сына баланың жағдайы туралы ақпарат беруі тиіс. Балалардың суицидке баруын әр жағдайды бөлек қарай отырып талдаған дұрыс. Кей балаларға әлеуметтік желідегі кері ақпарат әсер етеді. Араласатын ортасының көп ықпалы бар. Сонымен қатар отбасындағы құндылықтар мен қарым-қатынас та себеп болады. Осы себептердің соңғысы – биыл жиі айтыла бастаған ғаламтордағы түрлі қауіпті ойындар. Ұялы телефондары арқылы балалар ойында берілген бұйрық бойынша тапсыр­маларды орындап, биік жерден құлау сияқты өлімге итермелейтін жайттарға өздері барады. Осылайша бүгінгі таңда балалардың ғаламтордағы керекті-керексіз ақпараттардан шектелмеуі, олардың не қарайтынына дұрыс бақылаудың жоғы да суицид себептеріне негіз болуда. Бұл ретте қалалық прокуратура балалардың ұялы телефонына ата-аналар тарапынан бақылау күшейтілуі керегін, ал мектептерде мүлдем смартфон ұстамауын айтып, ұсыныс білдірді. Ұялы телефоннан баланың не көргенін бақылау үшін қадамдық бейненұсқаулықты мектептердегі ата-аналардың WhatsApp-чатында таратты.

– Қоғам бұл дертпен күресу үшін баланың жан дүниесіндегі өзгерістерге дер кезінде назар аудару, көңіл күйін жиі бақылау, жүйелі түрде әңгімелесу, зиянды ақпараттардан қорғау мақсатында алдын ала сол тақырыпты талқылау қажет, – деп кеңес береді психолог маман.

Күрес жүргізуде өзге елдердің тәжірибесін айтар болсақ, мәселен, Австралияда «Headspace» бағдарламасы жастарға психологиялық көмек көрсетеді және мектептерде білім беру тренингтерін жүргізеді. Ұлыбританияда «I matter», «Мен қажетпін» бағдарламасы мектептерде қауіпсіздік үшін енгізілген.

Ақ пен қараны дұрыс ажырата алмайтын кезеңде балаға ақша мен смартфон емес, бастысы мейірім мен көңіл бөлу – жоғарыда айтылған мәселелердің ең басты шешімі. Сондықтан балаларымыз ерте солып, «он екіде бір гүлі ашылмаған» қалпында қапыда кетпес үшін оларға қарбалас тірлік арасында көңіл бөлуге уақыт табайық!

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button