Алатаудан Арқаға көш ауғанда…
Осыдан 27 жыл бұрын, 1997 жылдың 10 желтоқсанында Ақмола қаласы Қазақстанның жаңа астанасы болып жарияланды. Сол кездегі шағын қала бұл күнде адам танымастай өзгеріп, Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне, бар қазақтың бас қаласы – Астанаға айналды.
10 желтоқсан датасы елорда тарихында ерекше орын алады. 1997 жылы осы күні Алатау баурайынан Арқа төсіне жаңа астана бар сән-салтанатымен көшіп келді. Сол күннен бастап ресми түрде Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. Бүгін бұл тарихи сәтке 27 жыл толып отыр.
Сол уақыттағы Ақмола мен қазіргі Астана шаһары арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Бұрын 300 мыңға жуық тұрғыны болған қала халқының саны бүгінде 1,5 миллион адамға жуықтады. Елорданың сәулетіне сай дәулеті қалыптасты.
Артқа бұрылып қарасақ, сол бір тарихи сәттің ең бір маңызды, көркем көрінісі Президентке бір топ ақсақалдың жаңа астананың кілтін тапсыру салтанаты мен бата беруі болды. Олардың арасында белгілі ақын, жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораз да болды.
«Біз сияқты үлкендердің көпшілігі қасиетті қара шаңырақтан кем емес елтаңбаның бейнесін көріп, әрбір естіген сайын жүрек толқытатын мемлекетіміздің әнұраны орындалып, қасиетті көк туымыз желбіреп, жоғары көтеріле бастағанда, көз жасына ие бола алмай қалды. Сол сәтте Қазақстан атты қайратты еліміздің қуат күшіндей гүрсілдеген зеңбірек дауысы салтанат сәнін биіктетумен бірге, қуаныштан босап бара жатқан біздің де бойымызды ширатып, аспанда желбіреген желек туымызға қарап көз тіктік» деп жазды кейін бұл тарихи оқиғаны еске алған қаламгер. Иә, сол оқиға талайдың жүрегін толқытқан болар…
Астананың көшіп келуі сол кездегі Ақмоланың ғана емес, біртұтас еліміздің дамуына серпін берді.
«Астана бүгінде тек Қазақстанның жүрегі ғана емес, армандар орындалатын қала, жастар мекені, білім мен инновация ордасына айналды. Астананы көшірудегі ең басты мақсаттың бірі – Қазақстанды геосаяси жағынан нығайту. Өйткені Астана Еуропа мен Азияның дәл шектескен нүктесінде, бір сөзбен айтқанда, Еуразия құрлығының нақ ортасында орналасқан. Алыс-жақын шет мемлекеттермен өзара тығыз халықаралық қарым-қатынас қалыптастыруға жол ашылатыны сол уақытта баса айтылған. Қазақстанның қазіргі жағдайына қарап бұл мақсаттың да мүлтіксіз жүзеге асқанын анық бағамдай аламыз» дейді Астана қаласы мәслихатының депутаты Кендебай Адамбек.
Бас шаһар көшірілгеннен кейін заманауи сәулеті мен инфрақұрылымы арқылы ерекше қарқынмен дамыды.
«Мұнда Назарбаев университеті, Astana IT University сияқты халықаралық деңгейдегі білім ошақтары мен ғылыми зерттеу орталықтары ашылды. Бүгінде инновациялық жобалар мен стартаптарға қолдау көрсету мақсатында қалада бірнеше технопарк пен креативті хаб жұмыс істейді. Астана – әр адамның арманын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ерекше қала. Қаланың дамуы барысында «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы, Бейбітшілік және келісім сарайы сияқты нысандар ел мақтанышына айналды. Бұл ғимараттар тек сәулет өнерінің үлгісі ғана емес, жастарға жаңа идея мен шабыт сыйлайтын орын саналады» дейді Кендебай Сарыбайұлы.
Бүгінде әсем де жас қала – түрлі ұлт пен мәдениеттің басын біріктірген бейбітшілік пен келісімнің символы. Мұнда халықаралық деңгейдегі жиындар, форумдар мен іс-шаралар тұрақты түрде өтеді.
«Бұл қала Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразияның саяси, экономикалық және мәдени орталығы екенін дәлелдейді. Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында – ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданады. Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Бас қаламыз тəуелсіз еліміздің шынайы бет-бейнесіне, халқымыздың мақтанышына, қасиетті мемлекет идеологиясының киелі ұғымына ие болды» дейді қалалық мәслихат депутаты.
Астананы көшірудің мән-маңызы туралы саяси ғылымдар докторы, профессор, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Зулфухар Ғайыпов та пікірін айтты.
«Астанамыздың Арқа төріне көшкеніне ширек ғасырдан асты. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қабылданған бұл маңызды шешімге алғашында бұқараның үрке қарағаны ешкімге жасырын емес. Жаңадан егемендік алып, бұрынғы одақтық байланыс үзіліп, экономика шатқаяқтап тұрғанда, бұл бір қате қадамдай көрінген еді. Бүгінде ел астанасын орталыққа көшіргеніміз дұрыс шешім болғанын уақыт дәлелдеп берді және бұл өзгерісті жалпы қазақ елі дұрыс бағалады. Дана бабаларымыздан қалған «Елге ел қосылса – құт» деген қанатты сөз бар. Осы нақылсөз, шын мәнінде, қазақтың басына құт пен береке болып Астанамыздан көрініс тапты» дейді Зулфухар Ғайыпов.
Оның пікірінше, Астана бүкіл Орталық Азияның мақтанышына айналды.
«Қысқа мерзімде елордамыз сан жағынан ғана өсіп қоймай, сапа жағынан да өзгерді. Астанада қаншама мәдениет ошағы, жаңа оқу орны ашылды. Қаланың заманауи сәулеті, дамыған инфрақұрылымы және халықаралық деңгейдегі ірі шараларды ұйымдастыруы оның халықаралық аренадағы мәртебесін арттыра түсті. Елордамыздың дамуы – халқымыздың бірлігі мен жарқын болашаққа деген сенімінің дәлелі. Астана халқымыздың құт мекеніне айналды» дейді Қоғамдық кеңес төрағасы.
«Алғашқы астаналықтар» бірлестігінің төрағасы, Астана қаласы әкімдігінің тұңғыш баспасөз хатшысы Сәдібек Түгел – елорда іргесі қалануының куәгерінің бірі.
«Шын мәнінде, XX ғасыр мен XXI ғасыр тоғысында туған еліміздің абыройын асқақтатқан, ұлт өмірінде өте сирек кездесетін тарихи оқиға орын алды. Ол – қазақтың кең жазира даласы Сарыарқаның нақ төсінде теңдесі жоқ, таңғажайып жаңа шаһар – Астана қаласының салынуы. Бүгін Астананы бүкіл әлем танып, мойындады. Астана – дүние жүзіндегі ең сәулетті қалалардың біріне, қазақстандықтардың басты мақтанышына айналды. Ол, ең алдымен, дана халқымыздың ерлігі әрі көрегендігі» дейді Сәдібек Түгел.
Оның пікірінше, Астана тұрғыны болу үлкен жауапкершілікті талап етеді.
«Шетелдіктер Астанаға қарап елімізді таниды. Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бастаған шаһар басшылығы қолдан келген шараларды жүзеге асырып, қаланы таза ұстап, жарқыратып, жайнатып келеді. Оған біз күнде куә болып, Астанаға ерекше үлес қосып келе жатқан азаматтарға зор алғыс білдіреміз. Аз да болса азығы мол, жемісі көп 27 жылдың ішінде Астана беделі мен қуаты асқан, әлемге өз үлесін қосқан жасампаз қалаға айналды. Осы орайда айтарымыз, қаланың таза, көркем, әсем болуы сол қалада тұратын әрбір тұрғынға тікелей байланысты. Заманында халқымыздың ғұлама перзенті әл-Фараби былай деген: «Адам сияқты шаһардың да тамырын жалғаған қаны, бойына біткен жаны болады. Тек оның тәнін тірі қылатын да, шаруасын ірі қылатын да – шаһар халқы». Күн сайын көркейіп, өсіп, өркендеп келе жатқан Астананың дамуына өз үлесімізді аямай қосайық. Ең алдымен, қала басшылығының қарқынды жұмысына қолдау көрсетіп, Астананың тазалығына атсалысу – «астаналық» деген жоғары атаққа нұқсан келтірмеу. Бір сөзбен түйіндесек, сүйікті қаламыз Астананың өркендеуіне жұмыла атсалысайық, Астананың абыройы – мемлекетіміздің абыройы!» дейді Сәдібек Түгел.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ,
Сабина КӘКІМЖАН
Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ