Ақботаның аппақ гүлдері
Басталған сәттен көрерменіне тосын сый жасады. Сахнада қоңыр домбыраның үні естілгенде бір ерекше күйге бөлендік. Конгресс-холдың кең залын қоңыр әуен тербетіп тұрғандай сезілді. Жандүниемізді де қоңыр әуен билеп алғандай.
Бұл залда талай концерт, небір шоу бағдарламалар өтіп келеді ғой. Ал жанға жылылық берген Ақбота Керімбекованың ән кеші бөлек әсер қалдырды. Басталуының өзінен көрерменді селт еткізіп, үйіріп алғандығынан шығар. Бәлкім, ешқандай жасандылықсыз ағынан ақтарылып, сыр шертіп, әнге бөлеп, күймен демегенінен шығар. Сағындырған есті әндердің жанымызға жайлылық сыйлағанынан болар.
Осы тұста концерттің постановкасындағы өзгеше шешімдерді де айта кету керек. Басталуы, линиясы, динамикасы, түйіні. Репертуардың өзі көрерменін бір желімен жетелеп, көптің көңілін баурап, ойын да шашау шығармады. Бір дем, бір тыныспен тыныстатып, үйіріп әкетті.
Концерттен соң Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Рига Онаева: «Біз Ақботаның анасының әндерін тыңдап өстік. Ол бір өзгеше терең әнші. Әнді сезінуі бөлек. Жеткізуі бөлек. Осындай ананың Ақботадай ерекше әншіні тәрбиелеп өсіруі, сол шаңырақта Ақботадай таланттың тууы заңдылық секілді» деп ой бөлісті.
Көрерменнің ішінде әсерімен бөлісіп, Ақботаға алғыс айтып жатқандар көп болды. Бұл оның талантын мойындау, жасандылыққа жаны қас, қарапайым болмысына риза көңіл екені сөзсіз. Бұл концерт саф өнердің ана сүтімен дарып, қанмен беріліп, еңбекпен дамып, ізденіспен бірге өрістейтінінің көрінісі болды. Анасы, қызы, жиені, үш буын ұрпақ бір сахнада өнер көрсетті. Бәрі өзара жымдасып, үйлесіп жатты.
Елге белгілі, тыңдарманға танымал қазақ эстрадасының жұлдыздарымен бірге ән шырқады. Жұлдыздар жыпырлап сахнаға үйірілгендей бір әсер. Индира Елубаевамен дуэт болып шырқаған «Мүмкін емес» әні жүрек тербетті. Автормен бірге орындаған әнге Ақбота әнші ерекше бояу қосқандай. Ән салып емес, сахнада хал кешіп тұрғандай бір әсер.
Жалпы Ақботаның Саят Медеуовпен дуэті – өзгеше тандем. Қырғыз әні «Бегімайдың жырын» дәл Саят пен Ақботадай ешкім жеткізе шырқай алмас. Ал Айгүл Бажанованың әні мен сөзіне жазылған «Қош, махаббат» жүректі мұңға бөлейді. Ербол Спаналиевпен бірге шырқаған «Солай» әні шағын спектакльді көріп отырғандай әсер береді.
Ақботаның орындауындағы Қуаныш Төлеметовтің сөзіне жазылған Құралай Сәтмұхамедованың «Аппақ гүлдер» әні – өнер иесінің сахнадағы «паспорты» десек, артық айтпаймыз. Біржан Шалқармен дуэтіндегі «Ана мен бала» әні тыңдарман көңіліне өзгеше күй сыйлады.
Бағдагүл РАХМЕТҚЫЗЫ,
журналист