Білікті хирург белесі
Жеңіс Балжанов – елордадағы №1 көпбейінді қалалық ауруханасындағы хирургия бөлімінің меңгерушісі, білікті дәрігер-хирург. Өз ісін жетік білетін маманның медицина саласында жемісті еңбек етіп келе жатқанына 22 жылдан асты. 2024 жылы «Денсаулық сақтау саласының үздігі» атанды.
– Осы мамандықты жүрек қалауыммен таңдадым. Әрине, ата-анамның да кеңесі әсер етті. Хирург болу үшін, ең алдымен, білім, төзімділік, батылдық пен өзіңе деген сенімділік қажет. Ең алғаш ота жасаған сәтім әлі есімде. Барлық хирургтердің ең алғашқы отасы аппендицит жасаудан басталатыны белгілі ғой. Мен де осы отамен хирургия саласындағы жолымды бастадым, – дейді ол.
Хирургия саласында аға буын ұстаздарының қасында жүріп үйренген сабағы өмірлік тәжірибе еді. Сырттай қараған адамға қызықты болып көрінетін хирургия саласының үлкен жауапкершіліктен, батыл әрекетті талап ететін қадамдардан, зор сабыр мен кәсіби шеберліктен тұратынын түсінеді. Қазір біраз тәжірибе жинақтап, қол шынықтырса да, үйренерінің көп екендігін айтады. Өзінен кейін өсіп келе жатқан жас мамандарға да қолынан келгенін үйретіп, кеңес беріп, түсіндіруден жалыққан емес.
Жеңіс Мырзасейітұлы жасайтын оталар шұғыл және жоспарлы оталар. Қалқанша безге, құлақ қуысына, бауырға, ішек пен өңешке, өт жолдарына, асқазанға эндокриндік операциялар жүргізеді. Сондай-ақ пластикалық хирургия және бариатриялық оталар мен іш қуысына оталар жасайды.
«Операцияға дейін және одан кейін пациенттердің өзін-өзі күтудегі ең көп кездесетін қателіктері қандай?» деген сауалымызға дәрігер-хирург былай деп жауап берді:
– Науқастар өздерін аяуға бейім және артық қозғалғысы келмейді. Сондықтан оларды ең бастысы, сендіріп, ынталандыру керек, – дейді ол.
Отаға дейін жеткізбес үшін дәрігердің ұсыныстарын орындау қажет. Біріншіден, уақытылы емделген дұрыс, екіншіден, салауатты өмір салтын ұстанып, дер кезінде сапалы тамақтанып, сосын үнемі дене шынықтырумен айналысқан жөн. Үшіншіден, уақытылы диагностикадан өтіп, денсаулығын үнемі тексеруден өткізу керек, – дейді Жеңіс Балжанов.
Хирургия бөлімшесінде қазіргі таңда жалпы 60 адам ем алып жатыр, оның алтауы отаға дейінгі ем-шараны қабылдауда, ал отадан кейін ем алып жатқандардың саны бөлімшедегі науқастардың 70%-ын құрайды.
– Мендегі өт қабының қабынуы және грыжаға ота ауруханада өте сәтті өтті. Дәрігер-хирург Жеңіс Мырзасейітұлы отаны тез, әрі сапалы жасады. Қазір денсаулығым қалпына келе бастады, жақсарған жағдайыма үйдегілер де қуанып жатыр. Мұнда барлық дәрігерлер қызметіне адал және мұқият қарайды. Сіздерге алғысымды жеткізіп, денсаулық пен бақыт тілеймін, – дейді хирургия бөлімшесінде ем алып жатқан қала тұрғыны Сандуғаш Қарлығашова.
Табиғатынан ерекше қабілеттілігі мен мамандығына деген құштарлығын халық денсаулығы үшін жұмсап, күндіз-түні еңбектеніп келе жатқан білікті маман өз әріптестерінің арасында өте сыйлы. Әрдайым кәсібіне адал ақ халатты абзал жанның денсаулық сақтау саласында жеткен жетістіктері де аз емес. Жеңіс Мырзасейітұлы халықаралық Адам құқықтарын қорғау комитеті «СІPDH» марапаттау комиссиясының шешімімен «Мейірімділік және әділеттілік» медалін иеленген дәрігер.
Бұл өмірде адамның бірінші байлығы денсаулық екені сөзсіз. Осы ретте медицина саласында Жеңіс Мырзасейітұлы секілді білікті мамандардың алдыңғы шепте жүргені қуантады.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ