Денсаулық

Бала денсаулығы – қоғам байлығы

Қазіргі таңда балалардың денсаулығын қорғау­дың ең тиімді әдістерінің бірі – иммунопрофилактика. Яғни жасанды иммунитет қалыптастыру арқылы инфекциялық аурулардың алдын алу. №13 қалалық емхананың балалар дәрігері Гүлнұр Байтемір иммунопрофилактика мен вакцинацияның маңыздылығы туралы айтып берді.

«Вакцинацияның ең басты артықшылығы – балаларды қауіпті аурулардан қорғау. Қызылша, полиомиелит, қызамық, дифтерия, сіреспе, туберкулез сияқты жұқпалы аурулар ауыр асқынуларға, ұзақ емделуге немесе тіпті өлімге алып келуі мүмкін. Вакцинация осы аурулардың алдын алып, балалардың денсаулығын сақтауға көмектеседі. Қазіргі уақытта вакцинацияның арқасында көптеген қауіпті аурулардың таралуы айтарлықтай төмендеген. Мысалы, 20-ғасырдың басында полиомиелит жиі кездесетін ауру болды, ал бүгінгі таңда оның таралуы вакцинацияның арқасында айтарлықтай азайған» дейді балалар дәрігер.

Оның айтуынша, вакцинация жаппай жүргізілген кезде ұжымдық иммунитет қалыптасады. Бұл дегеніміз, мектепте немесе балабақшада, көпшілік адамдар вакциналанған кезде, аурудың таралуы мүмкіндігінше тоқтайды. Екпе алмаған  балалар тек өздерін ғана емес, вакцина алу мүмкіндігі жоқ, денсаулығы бойынша қарсы көрсетілімдері бар адамдарды да қорғауға көмектеседі. Бұл әсіресе жаңа туған нәрестелер мен иммундық жүйесі әлсіреген балалар үшін қажет.

«Кейбір ата-аналар вакцинацияның қауіптілігі туралы алаңдауы мүмкін, бірақ ғылыми зерттеулер мен тәжірибелердің көрсеткендей, екпенің қауіп-қатері өте төмен. Екпе алғаннан кейін дене температурасының көтерілуі немесе инъекция орнында жеңіл ауырсыну секілді жанама әсерлер болуы мүмкін, бірақ олар уақытша және өздігінен өтеді. Вакцинацияның пайдасы оның ықтимал қауіптерінен әлдеқайда жоғары. Кез келген вакцинация алдында дәрігер кеңес береді. Бұл балалардың денсаулығын сақтау­дың ең қауіпсіз және тиімді әдісі» дейді Гүлнұр Байтемір.

Елімізде балаларға арналған вакцинация ұлттық күнтізбе бойынша жүргізіледі. Бұл күнтізбе мемлекет тарапынан бекітіліп, әртүрлі инфекциялық ауруларға қарсы міндетті вакцина түрлерін қамтиды. Оның  негізгі кезеңдері мен сызбаларын Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен.

Дәрігерлердің пікірінше, Қазақстанда вакцинацияның арқасында көптеген аурулардың таралуы едәуір төмендеген. Мысалы, полиомиелит пен қызылша сияқты аурулар бойынша көрсеткіштер төмендеп, бүгінде үлкен қауіп тудырмайды.

«Әр ата-ана баласын вакцинациялау арқылы оның денсаулығын қорғап, қоғамның денсаулығына үлес қосады. Вакцинация – бұл болашақ ұрпақ үшін жауапкершілікпен қараудың және қоғамның денсаулығын нығайтудың маңыз­ды қадамы» деп түйіндеді дәрігер.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button