Астана – қолайлы қала ма?
Қолайлылық деген не? Ол көздің жауын алатын көп ғимаратпен өлшенбейді. Ол тұрғындардың басыбайлы баспанасының болуы, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі сияқты дүниелермен өлшенеді. Тіпті, үйдің жылылығы мен краннан ағып тұрған судың тазалығы да – қолайлылықтың өлшемдері. Ал бас шаһарда бұл мәселелер қалай шешіліп жатыр?
Астана – жиынтық образ, жалпы қазіргі заманауи қазақ жастарының келбеті. Астана бір орнында тұрмайды. Қала халқының саны 1997 жылы астана мәртебесін иеленген кезде 275 100 адам болды. Ал биыл 1 қыркүйекте 1490 740 адамға жетті. Бас шаһарға жыл сайын 50 мыңнан 100 мыңға дейін адам келіп қоныстанады.
-Қаламыз дамып келе жатыр, жыл сайын қала өседі. Қалада тұратын халық саны соңғы 4 жылда 250 мың адамға өсті. Жыл сайын 30-35 мың бала дүниеге келеді. Бұл болашақ бар деген сөз, қала әр адамға зор мүмкіндіктер береді, қалаған жұмысты табуға, жоғары деңгейде білім де алуға болады, – дейді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.
Астана – адамдарды алға жетелейтін нағыз мотиватор. Қазақстанның елордасы – әлемдегі ең жас әрі ең суық астаналардың бірі. Қатал климатқа қарамастан аз ғана уақытта өсіп өркендеді. Ал оның бүгінгі келбеті мен мүмкіндіктері адамды өрге ұмтылдырады.
-Астанаға 2019 жылдың күзінде келдік. Жұмыстан шақырту алып, басында екі ойлы болдық, ұнамаса көшіп кетеміз ғой деп. Балаларға да, өзімізге де ұнап, Алматыдан түпкілікті көшіп келуді дұрыс деп санадық. Баратын жерге тез жетесің, қай жерге барсаң да жұмысың тез бітеді. Бәріне үлгересің. Инфрақұрылымы жағынан да, жалпы өмір сүруге қолайлы қала деп сенімді түрде айтуға болады. Астанаға келгелі жүзуге, велосипед тебуге отбасымызбен барамыз, – дейді елорда тұрғыны Асхат Мұсабай.
2023 жылы Астанада 29415 сәби дүниеге келді. Орташа жас 30-ға дейін төмендеді. Өмір сүру ұзақтығы 77,3 жасқа жетті. Биыл Астанада 28 мың бала бірінші сыныпқа барды. Сонымен қатар 15 жаңа мектеп ашылды. Оның 9-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған. Қазір елордада 188 мектеп бар. Онда 282150 оқушы білім алады.
-Бүгінде Астана көпорталықты модель бойынша дамуда. Бұл әр аудан өмір сүруге қажет инфрақұрылыммен толық қамтылады деген сөз. Яғни, мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары және саябақтар жақын әрі қолжетімді болады. Қазір қалада 6 аудан бар. Аудандардың барлығында сапалы өмірді қамту бойынша даму процесі жүріп жатыр. Сондықтан бүгінде Астананы ең жайлы қала деп айтуға болады, – дейді Астана урбанистика орталығының директоры Елнар Базыкен.
Қалада жасыл желек отырғызуға да зор мән беріледі, биыл 1 100 000 жасыл желек егіліп, 170 қоғамдық орын абаттандырылды. Осы жылы 70-ке жуық көше жөнделді. Астанада су тұтынуға да сұраныс артып келеді. Мәселен, 2018 жылы елорда халқы тәулігіне 269 мың текше метр су тұтынса, қазір бұл көрсеткіш 340 мың текше метрге жетті. Осы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін биыл үшінші су стансасы іске қосылды. Қалада 20 мыңға жуық жеке үй болса, соның 13 мыңға жуығы газға қосылған. Қазір елорда экономикасы елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамын құрайды. Бас шаһарда 500 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Тұрғындардың 70 пайыздан астамы шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Әлемнің 75 елінің 2 мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдаған.