Басты ақпаратРуханият

Сан тарау тағдырлар бейнесі

Қазір  біз әрі-сәрі күй кешкен қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Содан ба, кейде оқырмандардан: «Қазақ жазушылары бүгінгі қоғамдағы өзіміз күнде көріп жүрген оқиғалар мен келеңсіздіктерді жазғаннан гөрі, өткен тарихты қаузағанды жақсы көреді» дегенді естиміз. Бір жағынан, бұл пікірдің де жаны бар. Өйткені оқырман көркем шығармадан жақсы болсын, жаман болсын өзі дәуірінің бейнесін көргісі келеді. Ал кейбір жазушылар бүгінгі күнді жазу үшін ой қорытып, сараптайтын уақыт керек дейді. Дегенмен, оқырман үдесінен шығу кез келген қалам иесіне оңай емесі анық. Оңай болмаса да, осы қадамға батыл барып, бүгінгі күн бейнесін шығармаларына арқау етіп, жорға жүрісінен таңбай өнімді еңбек етіп келе жатқан жазушының бірі – Қуандық Түменбай.

Қаламгердің кез келген кейіпкері – өзіміз күнде көшеден көріп, олардың кейбіреуін жақын танып, сөйлесіп жүрген қарапайым адамдардың сан тарау бейнесі. Жазушы солардың қырық қабат жан-дүниесіне терең бойлап, арманы мен мұңын, қуанышы мен қайғысын сол қалпында ақ параққа көркем түсірген. Біз мұны жазушының кейінгі шыққан «Саябақтағы классикалық әуен» атты кітабынан да аңғардық. Бұл жинаққа автордың төрт хикаяты мен бірнеше әңгімесі жинақталған. Барлығында да кешегі кеңестік дәуір мен бүгінгі тәуелсіздік алғаннан кейінгі халқымыздың өзгерген мінезі, болмысы, өмірге, қоғамға көзқарасы шынайы бедерленген.

Мәселен, «Дүрбі» хикаятына үңілейік: бас кейіпкер – Жолдыбайдың басынан өткен оқиғалар арқылы кешегі кеңестік кезеңдегі қазақ жастары көрген қиянат, қысастықты көз алдыңызға әкеледі. Ойласақ, Жолдыкеңнің өзі балалық шақ деген тәтті кезеңді көрмеген. Әкеден жастай қалып, анасы бас-сирақ пен жеміс-жидек сатып, жалғызын жеткізем деп жүргенде ауырып, көз жұмды. Ауылдастары он үшке жасы жетпеген жетім баланы ақылдасып, мектеп-интернатқа өткізді. Он үштен асқаннан кейін балалар үйіне ауыстырылды. Қысқасы, оның он үш пен он жетінің арасындағы балдәурен балалығы кеңестік қоғамның «ыстық құшағында» өтті. Дегенмен, Жолдыбай кеудесін ешкімге бастырмайтын өр мінезді болып өсті. Намысқой. Әсіресе өз халқын кемсітіп сөйлейтіндерді көргенде қарап қалмайды. Бірден жауап береді. Бір-екі рет «баран» деп кемсіткені үшін жұмысшылар жатақханасындағы бөлмелесі Генаға жұдырығын иіскетіп алды. Бірақ оның осы мінезін «пиғылы бөтендер» ұнатпады. Ақыры, олар оны Алматыдағы СМУ-15 мекемесінде балташы болып жүрген жерінен, тау асып, Байкал-Амур магистралының құрылысына жіберді. Бір жағынан, бұл сапар оның өмірін ғана емес, құрсаулы қоғамға деген көзқарасын өзгертті. Ол Алматыға басқа Жолдыбай болып оралды. БАМ-да жүргенде тау халықтарының ұлтшылдығын, намысқойлығын көріп, тәнті болған ол: «Міне, жігіттік. Міне, ірілік. Мен осындай емеспін. Басқалар неге маған басынып қарайды, бәрінің аузына қарап жалтақтаймын да тұрамын. Бәрі өзімнен. Ынжықтық қанымда. Бір-бірімізді басынып өскенбіз. Айдың, күннің аманында жүзге, руға бөлініп, қырық пышақ болып қырқысамыз да жатамыз. Қазақ боп бір-бірімізді қолтықтан демемейміз. БАМ көп нәрсеге көзімді жеткізді», деп өзімен-өзі ой кешеді. Шығармадағы бозторғайдай шырылдаған шындық осы жерде. Бір сөзбен айтқанда, автор бас кейіпкер арқылы отаршылдық саясаттың салдарынан қағажу көрген ұлтымыздың мінезі өзгерсе де, рухы өлмегенін астармен, емеурінмен жеткізген. Соған сүйсінесің. Сондай-ақ бұл хикаятта жас жігіттің жүрегін ғашықтық сезімге бөлеп, әуре-сарсаңға салған махаббат оқиғасы да әсерлі баяндалған.

Әдебиетімізде екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына қалам тартпаған жазушы сирек. Әсіресе аға буын өкілдерінің дені осы тақырыпты біраз шиырлады. Алайда Қ.Түменбайдың «Белдік сатқан» хикаяты ол шығармаларға мүлде ұқсамайды. Өзгеше өрілген. «Сағындық соғыстан қой айдап келіпті» дегенде жұрттың төбе шашы тік тұрды. Аман-есен айтысып, «жаңалықты көрейікші» деп шаңырағына бас сұққандар қақыраға тиіп тұрған құмалақ иісі аңқыған мал қорада оншақты қойдың басы қылтиып, күйсеп тұрғанын көздері шалып қалды. Қой қорадан көздері тайып, қақыраға кіре бергенде алдарынан шыққан ашық-шашық солдатқа да «аман-есен келдің бе?» деп айтысып, аңырып қалды» деп басталған туынды әп дегеннен жетелей жөнеледі. Ауылдастарының қой айдап келген солдатқа аңырап қарағаны да қызық. Өйткені «ерлерше опат болды» деген қаралы қағаз келген Сағындық ұшына қызыл жұлдызы оттан жанған пилоткасын қисайтып, ауылға аман-есен келіп тұрса, ағайындарға таңғалмағанда қайтеді. Хикаятта соғыста олжа қылған белдігін айырбастап үйіне қой айдап келген Сағындықтың кейбір қылықтарына күле отырып, оның жүрегі сондай таза, көңілі сондай кең азамат екенін көресің. Оны жамандыққа қимайсың. Сонымен бірге мұнда адам бойындағы қайырымдылық, мейірімділік, ізгілік секілді қасиеттер барынша ашылған. Ал «Қайтар жол оңай» хикаятында қатал әкесінен сескеніп, анасымен сыр ашып сөйлесетін бала психологиясын сөз етсе, «Бөтен» атты туындысында бүгінгі күннің қаны сорғалап тұрған шындығы – ұрпақ мәселесі арқау болған. Әсіресе ұлттық тамырдан, тәрбиеден ажырап бара жатқан жастар осылай кете берсе, оның соңы жақсылыққа апармайтынын  меңзейді.

Біз шығармаларын сөз етіп отырған Қуандық ағамыз – көркем сөз өнеріне сексенінші жылдары келген талантты топтың өкілі. Содан бері жазушы қаламынан бір роман, бірнеше хикаят пен әңгімелер туды. Олардың бірін әрі, бірін бері деу лайықсыз болар, дегенмен, қаламгердің дара қолтаңбасы хикаяттары мен әңгімелерінде ерекше көрінді. Суреткер кішкентай кейіпкерлер бейнесі арқылы қоғамның ащы шындығын алдыңызға жайып салады. Сондай жұп-жұмыр әңгімесінің бірі –  «Саябақтағы классикалық әуен». Шығарманың бас кейіпкері Сұраған – өткен дәуірдің адамы. Кезінде әжептәуір қызмет атқарған. Қазір қатардағы көп зейнеткердің бірі. Ержеткен ұл мен қыз өз бетімен кеткен. Кемпірі қайтыс болған. Даңғарадай бір үйде жалғыз тұрады. Бар ермегі – саябаққа барып, классикалық музыка тыңдағанды жақсы көреді. Кейде саябақтағы келеңсіз көріністерге іші удай ашып, мазасы кетеді. Соны өзі дәуірімен салыстырып, ой бағады.

Жазушының тағы бір ерекшелігі – әйелдер образын сомдаудағы шеберлігі. Нәзік жандылар табиғатының кілтін табу оңай емес. Қаламгер осы бағытта жаңаша ізденіске барып, олардың жан-дүниесіндегі арпалыстарды, бұрқанған сезімдерді тап басады. Әсіресе «Ашылып-жабылған есіктегі» лауазымды әйел, «Ұлту апаның қара орманындағы» – Ұлтуар, «Жер мен Көктің арасындағы» – ұшқыш күйеуін тағатсыздана күткен Шие, «Жөйт берген сарымсақтағы» –  мұсылман дінін мойындаған Ольга Абрамқызы, «Шемішкедегі»  – қазақты құлай сүйген кәріс қызы Фрося, «Тілі ащы әйелдегі» – Ажаркүл  секілді бейнелер бірден есте қалады.  Оларды көпке дейін ұмытпайсыз. Жалпы, жазушының осы кітабына енген барлық әңгіме қатпар-қатпар сырға толы. Олардың әрқайсысы – кез келген таңдамалыға ажар беретін дүниелер.

Қорытып қайтқанда, әдебиет табалдырығын аттаған күннен соған деген адалдығынан айнымай, үн-түнсіз еңбек етіп келе жатқан белгілі жазушы Қуандық Түменбай «Саябақтағы классикалық әуен» атты жинағымен Мемлекеттік сыйлық бәйгесіне ат қосып жатыр екен. Қабырғалы қаламгер бәйгенің алдынан келсін дейміз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button