Ұлы бабаны бейнелеген
Қылқалам шебері Жанұзақ Мүсәпір шығармашылығының басты бағыты – қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрлері, ән-жыры, әдебиеті, мәдениеті, өнері. Қай картинасын алып қарасаңыздар да, суретші ұлтымыздың ежелден қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін танытады. Соның ішінде дала тарихына қатысты тақырыптық картиналарда халқымыздың этнографиясы сайрап тұр. Арасында «Балалықтан даналыққа жол» атты біртұтас топтама да кездеседі.
Бес картинадан (полиптих) тұратын бұл топтама «әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің өмір жолына арналған. Аталмыш топтаманың жазылуына суретші ізденісін қосқанда жеті жыл уақытын жұмсады. Полиптихтің толығымен аяқталуы ғұламаның 1150 жылдық мерейтойына сәйкес келді. Содан соң еліміз бен шетелдің алты қаласында көрмеге қойылды. Топтаманың шеруі Каир қаласынан басталып, Дамаск шаһарында аяқталды. Арасында Алматы, Талдықорған, Астана, Анкара қалалары жұртшылығының назарына ұсынылды.
«Картинада қозғалыс бар. Жылы көрініс көрерменді орта ғасырға алып кетеді. Себебі онда сәулет құрылыстарының, тұрғындар киген киім-кешектің ерекшелігі ғана емес, көне қаланың атмосферасы да көрініс тапқан. Суретші ұлы философтың өмірбаянымен жете таныс. Бұл анық байқалады. Яғни ол өзінің туындылары арқылы философтың сапарлары мен еңбегін көрерменге жеткізе білді. Әр кенеп – түрлі шаһар мен елдің тарихи жәдігерлеріне саяхат. Әр кенеп – тұнып тұрған қолжазба. Әл-Фараби бейнесі картинаның салмағын арттырып, туындының мән-мағынасын толықтырып тұр. Ондағы әр детальдің айтары бар. Бейнеленген түйелердің саны философтың 1150 жылдығын тұспалдап жеткізгендей. Әр түйе бір ғасырдың жүгін арқалаған сипатта» дейді өнертану кандидаты Светлана Көбжанова.
Әл-Фарабидің қазіргі Түркістан облысы Отырар қаласында туғаны әмбеге аян. Оның ұлы жолы да дәл осы қаладан басталған. Отырарда аса бай кітапхана болғаны тарихтан белгілі. Бұл ойшылдың білімге, кітап оқуға деген құштарлығына әсер еткен секілді. Бірінші картинада ойлы кейіптегі кітап оқып отырған бала бейнеленген. Мұнда көрінетін асық ойнап жатқан балалар, түйе сауған келіншектер, алтыбақан тепкен жастар, тазы иттер сюжет қазақ даласында өтіп жатқанынан хабар береді.
Екінші картинадан бірнеше қаланы көруге болады. Фараб-Отырардың қақпасы әл-Фарабидің осы қақпадан шығып, білім алу мақсатымен әлемнің Шаш-Ташкент, Самарқан, Шам, Бұқара шаһарларына барғанын тұспалдайды. Осы картинада балбал тас, петроглифтер мен таңбалы тастардың көріністері және Отырар теңгелері көрінеді, Ұлықбек обсерваториясының белгілері айқын суреттелген. Автордың пікірінше, бұл шаһарларда Фараби алғашқы білім алып, мұнда оның ақылды қалаларға деген қызығушылығы оянды, тұңғыш трактаттары жазылды.
Үшінші картинада – ойшыл өмір сүрген Мерв қаласы. Бұл қалада түркіменнің тарихи кітапханасы орналасқан. Осы суреттен кілем тоқу мен музыка өнері, зергерлік нышандары байқалады. Картина Фарабидің Хамаданнан алған тәлімі, Мешхедтегі оқулары Нишапурмен жалғасқаны туралы айтады. Рей қалаларына барған кезде ол басқа түйеге ауысып, Түркімен және Иран түйелеріне мінгені тұспалданады.
Төртінші картинада – Бағдат қаласы. Мұнда Фараби парсы, араб, түрік тілдерінде поэзиялық, музыкалық ғылыми зерттеу жүргізген, қайықтардың жасалу технологиясын меңгерген. «Музыканың үлкен кітабы» және т.б. еңбектерін жазған. Аспанда өзімен қазақ даласынан бірге ұшып келе жатқан қаршығасы оған күш, рух беруші ретінде бейнелеген.
Бесінші картинада Дамаскінің жеті қақпасының бірі шығыс қақпасынан әл-Фарабиді күтіп тұрған ғалымдар, келе жатқанын естіген жұрт қарсы алады. Ойшылмен кездескен халықпен топтама аяқталады. Бұл заңды да. Себебі ғұлама дәл осы шаһарда мәңгілікке дамыл тапқан. Кесенесі де осында орналасқан. Жанұзақ Мүсәпір картинаны Дамаск қаласындағы Әбу Насыр әл-Фараби музейіне Қазақстан халқының атынан апарып тапсырды да.
«Мен жол үстінде дүниеге келгенмін. Өмір жолым солай басталған екен» деген еді суретші бірде. Ұлы ойшылдың балалықтан басталып, даналыққа жеткізген жолын бес картинаға сыйдырған қылқалам шеберінің бұл туындысы биыл Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Сол арқылы қазақтың ғана емес, түбі бір түркі жұртының тарихы, мәдениеті мен өнерін кестелеген автор бұл сыйлыққа әбден лайық деп есептейміз.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ